Саясат • 04 Желтоқсан, 2022

Үміт сәулесі

977 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Тұлғаның болмысын тану, оның жеке қасиеттері туралы жазу, әсіресе ылғи ізденіс, толғаныс үстінде жүретін, мемлекет пен ел мүддесі үшін қызмет ететін Мемлекет басшысы жөнінде ой айту, оның қайраткерлік қырын зерделеу, азаматтық бітіміне терең бойлау – аса күрделі мәселе.

Үміт сәулесі

Кемеңгер Абай «Отыз бірінші қарасөзін­де»: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану (үлгі алу) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек» деген екен. Бұл – адамды өсіретін, тұлға ретінде әлеуметтену, толысу үдерісіне жетелейтін қағидалар мен ұстанымдар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Абайдың осы ұстанымына сай тұлға. Тұлғалардың өзгелерге әсер етуінің түрлі жолы бар. Соның ішінде бойындағы парасат шуағы арқылы өзгелердің жанына жылу беріп, жүрегіне жол таба білу. Бұл тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық қатынастарды бүге-шігесіне дейін жете білетін, бұл салада мол тәжірибе жинақтаған қайраткер. Қазақстанның Cыртқы істер министрі қызметін атқарған жылдары Қ.Тоқаев халықаралық қарым-қатынас барысында дипломатиялық біліктілік танытты. Халықаралық қатынаста мемлекетіміздің позициясын сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі дипломат әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білді. Мәселен, ол ядролық қаруды таратпау туралы 1995 және 2005 жылдардағы конференцияларға қатысып, 1996 жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Cыртқы істер министрлігіне қызметке келгенде қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтын еді. Өйткені мектеп пен жоғары оқу орындарын орыс тілінде тәмамдады, кейін Кеңес Одағы елшілігінде қызмет етті. Соған қарамастан, ана тіліне деген үлкен жауапкершілігі оны қазақшаны қысқа мерзімде мүдіріссіз мең­геріп алуына жеткізді. Министрдің орын­басары, министр, Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы сынды жоғары дең­гейдегі лауазымды қызметтердің қай-қайсы­сында да оның мемлекетшіл тұлға ретіндегі қасиеттері дараланып тұратын еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – саяси ғылымдар докторы. Халықаралық қатынастарға байланысты «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі», «Беласу», «Нұр мен көлеңке», «Он делает историю» атты қомақты еңбектерімен танымал. Ол – Бүкіләлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мү­шесі, Мюнхен қауіпсіздік конференция­сы «Даналар» кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ Шэньчжэнь университетінің Құрметті про­фессоры (ҚХР), Ресей Федерациясы Сырт­қы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының Құрметті профессоры және докторы әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің Құрметті президенті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің Құрметті деканы. Ол Қазақстан Республикасы СІМ-нің Нәзір Төреқұлов және Ресей Федерациясы СІМ-нің А.Горчаков атындағы естелік медальдарымен, Женева университетінің «Академикус» грамотасымен, сондай-ақ С.Н.Рерих атындағы естелік медальмен марапатталған. Орыс биографиялық қоға­мы Қ.К.Тоқаевты «Жыл адамы – 2018» лауреаттарының тізіміне енгізген.

2019 жыл. Наурыз. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлем жұртшылығы Қазақстан­дағы аса жауапты, тарихи оқиғаның куәсі болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Осы жағдайда Конституцияға сәйкес ел Президенті болып Қ.К.Тоқаев тағайындалады. 20 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің міндетін атқарушы ретінде ант берді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде, ең алдымен, халықты диалогке шақырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы диалогті нығайтты. Ұлықтау рәсімі өткен күні құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі «Талқыға салса, шешілмейтін мәселе жоқ» екенін көрсетіп берді.

«Күшті Президент - ықпалды Парла­мент – есеп беруші Үкімет». Қ.Тоқаевтың Қазақстанның саяси құрылымына қатысты көзқарасы міне, осындай. Ол бұл принципке әуелден берік. 2016 жылғы 29 сәуірде Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Қазақстандағы жерді жалға беру мен сату жөнінде Жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерге қатысты жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен «айналып өткісі келетіндерге» тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтама­сыз ету қажеттігін мәлімдеді.

Қазақстан – біртұтас мемлекет. Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Президент бұл мәселеге қатыс­ты берік тұжырымын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да шегелеп айтты. «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылады», деді ол.

Жерге қатысты жүргізіліп жатқан сали­қалы саясаттың бірі – еңбек күші көп оңтүс­тік өңір тұрғындарын солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстандырып, оларға қолайлы жағдай жасау болып отыр. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Ең бастысы, Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді әрі ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет.

Жалпы, халықтың қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін оңтайландыру орайында Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалар шын мәнінде көптеген мәселені шешіп жатыр. Айталық, микро және шағын бизнес саласындағы компаниялардың табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылатыны, жұмыс берушілердің зейнетақы қорына енгізетін 5 пайыздық қосымша төлеміне 3 жылға мораторий жарияланғаны, жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануына рұқсат етілгені шын мәнінде тиімді ұйғарым болды. Президенттің: «Тұр­ғын­дардың тұрмысын жақсарта түспесек, жетіс­тіктер мен халықаралық табыс­тарды мақ­тан ету артық. Азаматтар экономикалық өсім­нің игілігін көрмесе, одан еш қайыр жоқ», деген сөзінің астарында әлеуметтің әл-ау­қатын одан әрі жақсарту, әр азаматтың мүдде­сін қорғау идеясы жатыр. Қоғамдық-саяси өмір жаңғырмайынша, табысты эконо­м­и­калық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес екендігін ол әркез ашық айтып келеді.

Келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мы­ғым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мем­лекет ретінде табыстауды және елдік істер­ді лайықты жалғастыратын жасампаз ұр­пақ тәрбиелеуді мақсат еткен Президент жас­тар саясатына да ерекше көңіл бөліп отыр. Жас­тардың алға қойған мақсат-мүддесін білу үшін науқаншылдыққа ұрынбай, жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажеттігін баса айтуы – осының нақты айғағы. Жастар саясатын сол қажеттілікке жауап беретін деңгейде ұйымдастыру ма­ңызды. Бұл орайда жастарға сапалы білім беру­мен қатар, оларды отансүйгіштік рухта тәр­биелеу басты назарда болуы керек.

Бүгінде саны көп, сапасы төмен оқу орын­дарының саңырауқұлақтай қаптап кеткені белгілі. Осыған байланысты Президенттің тиімсіз жоғары оқу орындарының санын қысқарту жөніндегі шешімі де білім беру сапасын көтеруді көздеген оң қадам екені түсінікті. Осы мақсатта отандық жоғары оқу орындарына озық халықаралық тәжірибені енгізуге басымдық берілмек. «Менің тапсыр­мам бойынша шетелдік жетекші университеттермен академиялық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміздің түрлі қаласындағы отандық жоғары оқу орындары базасында ресейлік бірнеше ірі университеттің филиал­дары ашылды. Ал Петропавл қаласындағы Kozybayev University оқу орнында 175 студент Аризона университетінің бағдарламасымен білім ала бастады. Жуырда Қазақстанда Ұлыбритания, Германия, Канада, Нидерланд, Оңтүстік Корея және АҚШ жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Әлем­дік білім беру жүйесіне қосылу жоғары оқу орындарымыздың бәсекеге қабілеттілігін кү­шейтіп, қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл өзгерістердің бәрі еліміздің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасалып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі негізгі ұстанымы, өмірлік көзқара­сы – жоғарыда айтып өткеніміздей, елдің өр­кен­деу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәс­түр сабақ­тастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқа­шан тұ­рақ­тылық та, даму да болмайды.

Екінші ұстанымы – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастауын алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Әділеттіліктен ажырау адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуі керек. «Әділет жолы – ауыр жол», дейді халқымыз, бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші ұстанымы – тек алға басу, өркенді даму жолымен жүру. Біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы екені баршаға аян. Жаһандық бәсекелестік жағдайында мүддемізді қорғауға, мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ, көп нәр­седен ұтыларымыз анық. Мына дәуір ерке­лікті, жалқаулық пен масылдықты, нем­­құ­рай­дылықты көтермейді. Төртінші өнер­­кәсіп­тік революция кезеңінде, жоғары тех­­но­ло­гиялық, цифрлық кеңістікте жаһан­дық даму­дан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның ор­нын толтыра алмайтынымызды естен шығар­мауымыз керек. Ендеше, Президенттің бұл ұс­танымы – ел болашағының басты бағдары.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес, әділеттілік туралы ұдайы айтып келе­ді. Әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғам­дық өмірдің көптеген тұсын жайла­ғаны жасырын емес. Иә, Үкімет бұл дертпен өз тарапынан заң аясында күресіп жатыр. Дегенмен бұл аздық етеді. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықты жеңу үшін тек қатаң жаза ғана емес, жан-жақты кешенді іс-әрекет қажет. Ұлы гуманист Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген әйгілі нақылы бар. Ең бастысы – қоғамдық пікірге, әр адамның санасына осы кеселге үзілді-кесілді қарсы тұратындай күш пен сенімді сіңірмесек, түпкілікті өзгеріс жасамасақ, барлық әрекет нәтижесіз күреске айналуы мүмкін.

Жалпы, әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық. Әділеттілік бұзылған қоғамда азаматтар арасында наразылық туындайды. Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек. Нақтырақ айт­сақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуға тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай, заң шеңберінде жазалануы шарт. Әсіресе жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне тең­дей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қала­дағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқат­ты немесе қарапайым шаруа отбасының бала­сы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы ретіндегі басты талабы да, басты мақсаты да міне, осы.

Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Тіпті экономикалық жағдай қазір­гіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміз­дегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлінді. Мысалы, көпбалалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туа­ды. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни адами капитал­ды дамыту аналардың әлеуметтік жағ­дайын жақ­сартумен тікелей байланысты. Ана­ларымыз отба­­сының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы еке­нін ұмытпауымыз керек. Президент талап етіп отырған осы міндетті жүзеге асыру мақ­сатында аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынып жатыр.

Өңірлерге жасаған сапарларында Прези­дент облыстардағы баспана құрылысының жүр­гізілу барысын жіті қадағалап келеді. Жал­а­қыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгерілету, демографияны дамыту, өңір­лер­дегі инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты жұмыстардың бәрі жоспарлы түрде іске асырыла береді. Бұл – бұлжымайтын жоспар.

Біз даму деңгейі жағынан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қатарында­мыз. Ұдайы экономикалық өсім болмаса, осы дәрежеге жетуіміз екіталай еді. Инвестиция, экспорт және индустрияландыру – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға қолжеткізудің шешуші факторлары. Қазіргі заманның қарқыны өте жылдам.

Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері әлем­дік деңгейде көпвекторлы саясат жүр­гізді. Көпвекторлы саясат Қазақстан­ның гео­графиялық орналасуынан, геоэко­но­мика­сы­нан туындайды. Бұл – ұзақмер­зімді стра­тегиялық бағыт. Осы стратегия­ның нәти­жесінде мемлекетаралық қақтығыс­тардан, аймақтық текетірестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде еліміздің сыртқы саясатының басымдығына айналды. Қазақстанды Азиядағы бейбітшілік платформасы деп айтуға толық негіз бар.

Қазақ елі өзінің сыртқы саясатында Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия, Ислам әлемі елдерімен ынтымақтастыққа баса мән береді. Оған қоса, еліміз тәуелсіздік жылдарында біршама интеграциялық үдеріске бастамашы болды. Бұл бағытта дәстүр сабақтастығы сақталады, саясатымыз өзгермейді. Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын Білім күні жариялауды дәстүрге айналдырды. Бұл үрдіс – елдің жаңа кезеңге қадам басуы дер едік. Осы орайда Мемлекет басшы­сының «Әді­лет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­келі қоғам» атты биылғы Жолдауы – Конс­титу­­ция­­лық реформа, Жаңа, Әділетті Қазақ­стан­ды құру жолындағы аса маңызды қадам. Жол­дауда елімізде қордаланған мәселе­лер­ді шешу жолдары, халықтың әл-ауқа­тын одан әрі арттыруға бағытталған және мем­лекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеу­метт­ік қолдау шараларына қатысты жаңа міндет­тер ұсы­нылған. Макроэкономикалық тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз ету, экономиканы әрта­рап­тандыру, цифрландыру, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үс­тем­дігін орнықтыру орайындағы бірінші бағдар жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырмақ.

Жолдау Әділетті Қазақстанды құруға негізделеді, ал әділеттілікте ең бірінші жер мәселесін қарастыру керек. Мемлекет байлы­ғы­ның иесі халық болғандықтан, сол жерден шығатын мұнай мен газдың пайдасын халық толықтай көрмей отырғаны, әрине, әділетсіздік. Сондықтан жер қойнауын игеру, арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін бағалау, дамыту мәселесі бойынша мүлде басқа саясатқа көшу көзделіп отыр. Бұл тұста нақты секторды дамыту туралы екінші бағдардың маңызы аса зор.

Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия – Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Сондықтан Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы, су саласының үш жылдық жобасын әзірлеу ұсынылды.

Еліміздің басты құндылығы – адам. Адами капиталды дамыту және оған инвестиция салу. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ендеше, үшінші бағдарда негізге алынған ел болашағына арналған страте­гиялық инвестиция – халықтың дәулетті тұрмысын қамтамасыз етудің кепілі болмақ. Үшінші бағдардағы тағы бір маңызды мәселе – білім жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Балалар кәмелеттік жасқа толғанда жоғары білім алу үшін Ұлттық қордың инвестициялық кірісі есебінен олардың шоттарында қаражат жинақтау – елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа бастама. Қуатты ұлттың діңгегі – халық десек, ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек.

Саяси қызметшілердің жеке жауапкер­шілігін арттыруға басымдық беру – мемле­кеттік қызметтің мәртебесі мен жауапкер­шілігін арттырудың сенімді қадамы. Өйткені жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Президенттің экономи­ка­ны түбегейлі реформалау үшін мем­лекет­тік басқару жүйесіне серпіліс қажет екен­дігіне мән беруі де осыдан. Сондық­тан мем­ле­кеттік басқару ісін қайта жаңғы­рту Әділетті мемлекеттің әдебі мен ар-намы­сына сай келетін ұстаным болмақ. Бұл – Жолдаудың төртінші бағдарына тиесі­лі міндет. Қоғамдағы заң үстемдігі, сот төрелігі және қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау мәселесі қазылардың жоғары білікті, адал, жемқорлықтан таза болуын талап етеді. Барлық судьяның мәртебесін теңестіру және құқық қорғау органдарын реформалау бесінші бағдарда айтылған заң мен тәртіптің тетігін жетілдірудің сенімді жолы болмақ.

Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын. Сондықтан елі­міздің өсіп-өркендеуі жолындағы кедер­гі­нің бәрінен арылып, өркенді даму үшін жаңа стратегиялық бағдарымызды айқын­дау маңызды екені белгілі. Осы орайда Президенттің бастамасымен соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынды. Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсат – Әділетті Қазақ­станды құру. Мемлекет басшысы халық пен мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қойып, осы стратегиялық бағытты еліміз­дің басты бағдары ретінде жариялады. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайын екенін жеткізді. Ауқымды конституциялық реформа жүргізіліп, елімізді түбегейлі қайта құруға кірісті.

Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жолдағы бағдары баршаға айқын. Соның бір көрінісі – 25 қазанның қайтадан еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күні болып бекітілуі. Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөз­бен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуел­сіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат.

Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор. Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Ұлттың шынайы ұлылығы дегеніміз – ең алдымен, оның азаматтары, олардың Отанға деген сүйіспеншілігі және елдің өркендеуі үшін жа­саған адал еңбегі. Осы ұлық мереке қар­саңында ерлігі мен еңбегін ел мойындаған бір топ азаматты Президент жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауы егемен ел жетістігінің айқын бір айғағы десек болады.

Қазіргі таңда ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалып­тасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы, негізінен, мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық. Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да компаниялар озық технологияға негізделген өнім шығаратынын, қызмет көрсететінін, олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатқандығын айтты. Президенттің пікірінше, Қазақстанда жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі.

Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техни­калық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебелі әрі эконо­микалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр екен. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады.

Қазақтың жері өзінің пейіліндей, түрлі ресурсқа бай, жеріміздің қойнауында Мен­делеев кестесіндегі бүкіл элемент кезде­седі. Бұл елдің игілігіне жұмсалатын қазына болуы керек. Президенттің: «Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ере­жені Конституция деңгейінде бекіттік», деген сөзі еліміздің ең басты байлығы – адамға барлық қажетті жағдайды жасауды көздегендік.

Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын бірге айқындайтын боламыз. Қазақстан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын орнықтыратын мемлекетке айналмақ. Еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі мақсаты – барша халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету. Президент бұдан былай қолдан жасалған барлық монополия келмеске кететінін берік сеніммен айтты.

Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінез-құлқын барынша өткір сынға алып еді. ХХІ ғасырдағы кертартпа мінезге Қасым-Жомарт Тоқаев өз тарапынан даңғазалық пен ысырапшылдықты жатқызады. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет.

Ұлы Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», дейді.

Бізге надандықтан құтылу қажет. Тәуел­сіздік жылдарында мемлекеттік, ұлт­тық ұстанымға адал, білімді, өткір, отан­шыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалып­тасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Егер олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса, онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!

Иә, Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Біз бұған кәміл сенеміз. Өйткені...

Кез келген адам көтеріле алмайтын биіктен қарап, кең барлап, терең толғау үшін Мемлекет басшысына тек ел басқару тәжі­рибесі ғана емес, үлкен парасат, салиқалы, сарабдал мінез, қоғамның саяси қырын терең түсінетін сындарлы көзқарас керек. Біз сондай тұлғаға таңдау жасадық.

Халық ел тізгінін саясаткер, ғалым, дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтай тұлғаның қолына ұстатты.

 

Оңалбай АЯШЕВ,

ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор