Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2022

«Ортеке» мен Қожанасыр әзілдері ЮНЕСКО тізіміне енді

754 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Марокконың астанасы – Рабатта өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 46 аталымды қарастырған 17-інші сессиясы барысында адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақ мәдени мұрасының екі жаңа элементі енгізілді. Олар: «Ортеке» және «Қожанасырдың әзіл әңгімелері».

«Ортеке» мен Қожанасыр әзілдері ЮНЕСКО тізіміне енді

Аталған сессияға қатысқан қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі ұлттық комитеттің сарапшылары болды.

Қазақтың дәстүрлі орын­дау­­­шылық өнері: би, қуыршақ, музыка үштігінен тұратын «Ор­теке» – бір жіп­пен байланған тау ешкі мүсіншесін ырғаққа бе­йімдеген өнер. Қаз­іргі уақытта түркілердің бұл ежел­гі өнері қуыр­шақ-музыкалық мәрте­бе­ге ие. Өйткені мұнда көр­кем шығармашылықтың бірнеше түрінің синтезі көрініс тапқан. Олар: сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би, қуыршақ жүргізу. «Ортеке» жай ғана билеп қана қоймайды, көрермендердің көз алдында тұтас бір оқиғаны өрбітеді.

Қожанасыр немесе Қожа Насреддин – Шығыс фольк­лор­­лық кейіпкері, қысқа әзіл-сықақ және сатиралық миниатюралар мен әзіл әңгімелер­­дің, кейде тұрмыстық ертегілер­дің ке­йіпкері. Ол зұлымдарды, са­раңдарды, арсыздар мен екі­жүз­ділерді мазақ етеді. Бұл эле­­­­ментті адамзаттың ма­те­­риал­­­­дық емес мәдени мұра­сы­ның ре­­презентативтік тізіміне Әзер­бай­жан, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Түркия, Түрік­мен­стан, Өзбекстан бірлесіп енгізді.

Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының реп­ре­зентативтік тізімі халықаралық қо­ғамды түрлі елдердің мәдени дәс­т­үрлері және білімінен, та­ным-түсінігінен хабардар етуді көздейді.

Айта кетейік, орайы келген бұл істі үйлестіруде 2020 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахмановтың еңбегі ерекше.

Бұған дейін ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне қазақ мәдениеті мен өнеріне тән 11 элемент енгізілген, оның ішінде төртеуі ұлттық қазақ мәдени мұ­расына қатысты: «Домбыра күй өнері» (2014), «Қазақ күресі» (2016), «Асық ату ойыны» (2017), «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәс­түр­лері» (2018). Жеті элемент бір­қатар елдің ортақ мәдени мұра­сына жатады: «Киіз үйді жасау» (2014), «Айтыс өнері» (2015), «Наурыз» және «Қатырма» (2016), «Қорқыт ата мұрасы» (2018), «Тоғызқұмалақ» (2020), «Құсбегілік» (2021).

Сәл кейінге шегіне сөйлесек, «Ортеке» және «Қожанасыр­дың әзіл әңгімелерін ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізу­де еліміздің Әлібек Асқаров, мар­құм Хабылсаят Әбішев, Ұлық­бек Есдәулет, Дихан Қамзабек­ұлы, Зиябек Қабылдинов, Нұр­лан Әлімжанов сынды зия­лы қауым өкілдері Қазақстан Рес­пуб­ликасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлт­тық комиссиясының бас хат­шы­сына арнайы хат жазып, Қожа­насырдың әзіл әңгіме­ле­рі тек қазақ ұлтына ғана емес, түр­кі дүниесіне ортақ екенін нақты дәлелдермен көрсеткен-ді.

Мәселен, қоғам қайраткері, заңгер-ғалым марқұм Хабыл­саят Әбішев: «Қожанасырдың әзіл әңгімелерін қазақ халқының мә­дени мұрасының маңызды эле­менті ретінде қарастырамын. Қожанасырдың әзілдері, афо­ризм­дері қазақ, жалпы түркі жұр­тының ортақ мұрасы, ғасырдан ғасырға келе жатқан дүниета­ны­мының ажырамас обьектісі екені мәлім. Мен Қожанасыр­дың әңгімелерін жастайымнан естіп өстім. Менің туған жерім Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысына атақты шығыстанушы Г.Н.Потанин 1913 жылы арнайы келіп, Қожанасырдың ертегілерін, ертегілерді, мифо­логиялық ескерткіш сарын­да­рын жазып алып кітап етіп шы­ғарған. Оған хабарлаушылар, айтқыштар менің әкелерім болған. Қожанасырдың әзіл­дері қысқа, оңтайлы, дағды-ди­дак­­тикалы, халқымыздың хал­қымыздың діни, этномәдени болмысында тіршіліктің күрделі философиялық шешімдерін оңай шешу есебінде қалыптасқан. Қазіргі қазақтардың ауызекі коммуникациясында ең көп сілте­ме жасалатын – Абай, сонсоң Қожа­насыр. Қожанасырдың әзіл­дері қазақ және өзге көршілес халықтардың ортақ мұрасы ре­тінде Адамзаттың материал­дық емес мәдени мұрасының ЮНЕСКО қалыптастыратын ре­презентативтік тізіміне қосуды ба­рынша қолдаймын», деп жа­з­ыпты.

Міне, осындай қолдау хат­тардың, басқа да ұйымдастыру жұмыс­тарының арқасында атал­ған құндылықтар ЮНЕСКО-ның арнайы тізіміне енгізіліп отыр.

Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұра­сын қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рүстем Мұзафаровтың айтуынша, Рабат қаласында осы жыл­ғы 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкі­метаралық комитеттің 17-сессиясы Қазақстан үшін, қа­зақ мәдениеті үшін «Ортеке» және «Қожа­насырдың әзіл әңгіме­ле­рінің» ЮНЕСКО тізіміне енуімен тарихта қалады.

«ЮНЕСКО БҰҰ-ның мә­дениетке жауапты құрылымы ретінде материалдық емес мәдени мұраның, өнердің және басқа да рухани құндылықтардың қор­ғалуын қамтамасыз етеді. 2003 жылы Ұйым арнайы құжат – 180 мемлекет ратификацияла­ған Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны қабылдады. Қазақстан Республикасы осыдан он жыл бұрын осы Конвенцияны ратификациялады. Мәдени мұра­ның элементтері осы ғасырдың жаңа міндеттерін шешу үшін де маңызды», дейді ол.

Рүстем Мұзафаровтың сөзіне қарағанда, Комитет мүшелерінің барлығы «Ортекені» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енгізуді қолдаған. Бұл қазақтың мәде­ни мұрасы бүкіл адамзаттың мәде­ни даму тарихының лайықты бөлі­гі екенін мойындауды көрсете­ді. Сонымен қатар адамзаттың ма­териалдық емес мәдени мұра­сының репрезентативтік тізіміне енгізуді Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан бірлесіп ұсынған «Қожанасырдың әзіл әңгімелерінің» де ЮНЕСКО-ның қорғауына алынуы аталған туыс елдердің ортақ мақтанышы болды деп айта аламыз.

54