Футбол • 05 Желтоқсан, 2022

Франция-Англия: Финалға парапар ойын

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қатарда өтіп жатқан фут­болдан әлем чемпио­на­ты­ның ширек финалына шыққан тағы екі құрама белгілі болды. Плей-офф сатысының үшінші кез­­десуінде D тобында үздік шыққан Франция С то­бының екінші орын иегері Польшамен, 1/8 фи­налдың төртінші матчында Англия өз тарихында екінші рет плей-офф кезеңіне шыққан Сенегал құрамасымен жасыл алаң­да жолықты.

Франция-Англия: Финалға парапар ойын

Жасыратыны жоқ, Польша – осы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан ең әлсіз құраманың бірі. Тур­нирдің топ­тық кезеңінде Сауд Арабиясын 2:0 есебімен же­ңіп, Мексикамен тең ойнаған (0:0) Польша футболшылары төрт ұпаймен әрең дегенде 1/8 фи­налға жолдама алды. Дәлірегі, қақпашы Войцех Шченснидің жеке шеберлігі арқасында плей-оффта ойнау бақытына ие болды. 30 жастағы «Ювентус» клу­бының қақпашысы топтық ке­зеңдегі үш матчта 16 сейв жасап, екі матчта қақпасына бір­де-бір гол өткізген жоқ. Тіп­ті Месси мен Ад-Довсаридің пенальтиден тепкен добын қай­тара білді. Футболда барлық матчтың тағ­дырын бір футболшы шешетін болса, онда Ар­гентина кейінгі төрт әлем чемпионатында кубоктан үй тұр­ғызатын еді.

Кешегі матчта да Роберт Ле­­ван­довски бастаған Польша жігіттері өте нашар ойын көр­сетті. 90 минут бойы Уго Льорис қор­ғаған қақпаға небәрі үш мәрте дәл соққы жасай алды. Тек ойын­ның соңғы минутында ғана Левандовскидің бір пенальтиді екі рет теуіп, екін­шісінде әрең гол салғанын айт­пағанда.

Ал Франция болса, қата­ры­нан екі дүркін әлем чемпионы атану мақсатында тағы бір ма­ңызды қадам жасады. Бірінші таймдағы Оливье Жирудің голы мен екінші таймдағы Килиан Мбаппенің дублі Францияға жеңіс сыйлады – 3:1. Биылғы чемпио­наттағы бесінші голын соққан Килиан сұрмергендер кө­шінде 5 голмен жеке-дара көш бастады.

Франция мен Польша футболшылары әлем чемпионаттарының тарихында осымен екінші рет кездесті. Ең алғаш 1982 жы­лы Ис­панияда өткен әлем бірін­шілігінің үшінші орын үшін өт­кен матчында жолығып, сол жолы польшалықтар 3:2 есебімен басым түскен болатын. Арада 40 жыл өткенде француздар Поль­шадан есе қайтарды.

Плей-оффтың төртінші матч­ында Сенегалды сенімді түр­де жеңген Англия ширек фи­налда Францияға қарсылас атанды. Топтық кезеңдегі екі ойында қар­сыластарын ірі есеппен (Англия – Иран 6:2, Англия – Уэльс 3:0) тізе бүктірген ағыл­шындар бұл жолы да афри­калықтардың қақпасына жауап­сыз үш гол соқ­ты. Кездесудің 35-минутында Джордан Хен­дер­сон Беллингемнің пасынан кейін матчтың есебін ашса, бі­рінші тайм аяқталар тұста капитан Харри Кейн есепті 2:0-ге жеткізді. Кейннің алаңдағы не­гізгі жұмысы гол соғу болса да, ол осы чемпионаттағы төр­тін­ші матчында алғашқы голын соқты. Ша­буылға қарағанда жар­­тылай қорғаныста сауатты өнер көрсететін Кейн әріп­тестеріне гол соғатын мүм­кін­дік тудырып бергенді құп кө­ретін футболшы.

Кейінгі төрт матчта ағылшын­дардың ойынынан мынадай бір ерекшелікті байқадық. Яғ­ни олар кез келген матчтың есебін бірінші болып ашады да, екін­ші голын да жылдам соғуға ты­­рысады. Сенегалмен өткен матчта да солай істеді. Кез­де­су­дің екінші таймында Сака ағыл­шындардың үшінші голын соқты – 3:0.

Сөйтіп, 10 желтоқсанға жос­пар­ланған ширек финалда бір-біріне лайықты қарсылас – Фран­ция мен Англия құрамалары кез­деседі. Дәл осы фи­нал­ға бер­гісіз матч би­ылғы чем­пион­ның кім бола­ты­нын анықтап беруі де ға­жап емес.