Өнер • 05 Желтоқсан, 2022

Тоқсан тарау, мың толғау...

397 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» дейді ғой Мұқағали Мақатаев қа­зақтың қара өлеңі туралы. Тура осы сөзді қазақтың күй өнеріне де қарата айтуға әбден болады. Тек Алаш топырағына тән өнер атаулының ішінде күй, оның ішінде Кетбұғаның «Ақсақ құланы» екібастан солай. Тыңдаған сайын әрі-сәрі күйге салады. Қазақ күйлері, оның ішін­де домбырада тартылатын туындылардың ілкі бастауы осы туынды­дан бас құрайтындай сезіледі. Домбыра аспабына қа­тысты кейбір тарихи оқи­ғалардың осы күйдің шы­ғуы мен аяқталуына бай­ланысты айтылатыны тағы тегін емес.

Тоқсан тарау, мың толғау...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлы Қазақ хандығы, қазақ елдігінің алтын қазығы қағылған тұстан біздің ұлттың ішкі күйі мен хал-ахуалы да басталмай ма? Жошы ханға тиесілі, әкесі ұлы Шыңғыс қаған бөліп берді дейтін Дешті Қыпшақ даласының да сан тараулы шексіз тарихының басында осы күй тұрғанын айт­қымыз келеді. Болашақ қазақ ұлысының алтын қазығы алғаш қағылғанда сарнап қоя берген қасиетті әуеннің ішінде не жоқ дейсіз? Бұл жерде мынаны ескеруіміз керек, біздіңше, қыпшақ даласында құрылған Қазақ ордасының негізі Жошы ұлысынан бастау алады. Жошы хан әкесі шақыртқан ұлы моңғол құрылтайына бармай қоюынан басталмай ма? Мұнда да сұмдық сырлар бар. Мың тараулы аңыз әңгімелерге жалғас. Солардың ең маңыздысы аталған күймен шегенделеді. Жаңадан құрылған Жошы ұлысының басындағы ең азалы күйді жеткізген ұлы сарын. Бір жағынан Жошының өлімін естіртсе, екінші жағынан оның елдік жолындағы асыл ар­маны мен мұратын, асқақ ер­лігін, айбынды ақылын, өзекті өртер өкінішін бейнелейтіндей елестейді. Демек бұл Жошының өлімін ғана емес, одан қалған ұлы хандық үшін жорықтарды күй тілінде әйгілейді.

Сіз қазір тыңдап көріңіз, әйгілі «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі бүгінгі заманның сұмдықтарынан хабар береді. Егер ықылас қойып, қазақ күйлерін тыңдап жүрген болсаңыз, қазіргі қазақ даласын­да шертіліп жүрген көптеген толғаулы күй осы шығармадан жан тартатынын анық сезінесіз. Түбірлес, мәндес, төркіндес болып шығады. Нұрғиса Тілендінің «Аққуы» мен «Ақсақ құланды» қатар тыңдаңыз. Дауыс құдіреті егіз өреді.

Күйдің бастапқы үнінің өзі бау­рап ала жөнеледі ғой. Ол өз алдына, біраздан соң соған жапсар немесе қаптал қосалқы үн естіледі. Біраздан соң қанат біткендей бір құдірет билей бастайды. Зар күйі­не келеді бір уақта. Түйсікпен аңғарып отырсақ, әлгі күйдіріп-жандырып бара жатқан манағы бастапқы үн емес, соның алды-артын ұстап тұрған әлгі қосалқы дыбыс және сол өкініш пе, мұң ба, әлдебір сезім бірнешеу болып құбылып шығады. Ана бастапқы әуен әдепкі сарын не сұлба ретінде қалады да, сол сарынды көтеріп тұрған екінші, үшінші дыбыс екені анық байқалады. Сондай ғажапқа қалып отырғаныңызда, негізгі мақамға қанат болып біт­кен жаңағы сұмдық үндер ішкі күйіңмен үйлесіп, есіңе әлденелер түсіп, дыбыстың түпкі ғажаптары арқылы өз күйіңізге елігіп кетуіңіз әбден мүмкін. Тіпті тыңдай бас­таған күйіңіз далада қалуы кәдік. Құлағыңа соның бастапқы бір сарындары ғана естіліп тұр, бірақ есіл­дертің басқада. Өйткені әлгі көркем дыбыстар ішкі күйің­мен сәйкесіп, тым аулаққа алып кеткен жаныңды. Немесе со­ған орайлас әлдебір шым-шы­ты­рық­тардың соңына түсіп алып «лағып» кеттіңіз. Біздіңше, күйдің бір сипаты осы болса керек. Тың­дарманның ішкі күйі әуен­мен үйлесім тауып, адамның өз іші қобыз не домбыра болып тар­тылғанда барып жаның бір жасап қалмай ма? «Ақсақ құ­ланды» тоқсан тараулы, мың толғаулы дейтініміз, сондықтан.

Аталған күйді бүгінгі күнге жеткізуші Қамбар Медетов екенін жазады өлкетанушы Жақсат Қа­­рлығашов. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында «Екі ішекке арналса да, оркестрге сұранып тұрған осынау керемет симфониялық поэманы Медетов тамаша орындайды. Әсіресе мені таң-тамаша ететін тұсы – негізгі саздың үшінші қайтара жоғарғы регистрге оралатын сәтінде, шы­­нымды айтайын, күйшінің әуенге адам даусына немесе үр­ле­мелі аспапқа тән әуезділік пен ұзақтылық беріп, ал шертіп отыр­ған екінші ішекте pizzicato ойнап тұратын шеберлігіне тіпті менің ақылым жетпей қойды», дейді екен (А.В.Затаевич. «1000 песен казахского народа». Музгиз, 1963 г.- 484 стр.).

Академик А.Жұбанов өзінің «Өскен өнер» деген кіта­бында: «Қаншама топтан озған дом­бы­рашылар болса да, Құрман­ғазы атындағы оркестрге жинал­ған­дардың бірде-бірі Қамбардың ап­ли­­катурасын (саусақ басу тәрті­бін) ала алған жоқ» деп жазады.

«Қазақ халқының 1000 әні» кітабымен танысқан француз жа­зу­шысы Ромен Ролан 1926 жылдың сәуірінде Швейцариядан А.Затаевичке хат жазып: «Кітап­тағы «Ақсақ құлан» күйінің соншама қарапайым әдіспен көңіл күйіңді баурайтын әсеріне қай­ран қалдым» деп таңданысын білдіреді. «Ақсақ құлан» күйінің А.В.Затаевич жасаған өңдеу нұ­с­қасын Г.П.Любимовтың мемле­кеттік квартеті Еуропа сапарын­да гастрольдерде орындап, 1925 жылы Парижде болған дүние­жүзілік көрменің, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте өткен «Музыкалық джаз» концер­тінің бағдарламасына кіргізген. Сондай-ақ «Ақсақ құ­лан» күйі бұл ұжымның сол жыл­­дары Швеция, Норвегия, Дания­ға барған шы­ғармашылық са­пар­ларында халық назарына ұсы­нылады.

Атақты Евгений Бруси­лов­ский: «Медетовтің домбыра тартуы мен тыңдап көріп жүр­ген басқа домбырашылардан мүлде бөлек, әлдебір айрықша тәсіл­мен тартады. Әсіресе «Ақ­сақ құ­­ланды» орындағаны тілмен айтып жеткізе алмайтын құ­бы­лысқа тән. Бұл күйді Меде­тов ой­нағандай нотаға жазып алу өте қиын», деп жазыпты «Дүйім дүлдүлдер» кітабында. Демек біздің тыңдап жүргеніміз құ­пия мен жұмбаққа толы көне са­рынның жұрнағы мен жұ­қа­насы ғана болып шығады.