Қоғам • 05 Желтоқсан, 2022

Ұлтқа қызмет

662 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеңестік «жылымықтан» кейінгі Барыс жылы дүние есігін аш­қан­дар кезек-кезегімен алпысты ба­ғын­дырып жатыр. Белгілі әдебиет­танушы-академик, журналист Бауыржан Омарұлының сөзімен айтсақ: «Алпысқа жұрт әртүрлі жолмен, әртүрлі кейіппен келеді. Мәселен, мынандай алпыстар бар... Айшуақ алпыс, ақ­жайық алпыс, ағеден алпыс, ақ­көңіл алпыс, азусыз алпыс, асау алпыс, асқақ алпыс, айбарлы алпыс, ашушаң алпыс, ақырған алпыс, алғыр алпыс» болып жік­теліп кете береді. Ал бүгін біз сөз еткелі отырған Қазыбек Иса құр­да­сымыздың алпысы – «мінезді алпыс» деуге әбден лайық.

Ұлтқа қызмет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Алаш көсемі Әли­хан Бөкейханның сөзі Қазыбек Жарыл­қасынұлына қаратылып айтыл­ғандай. Ұлт руханиятына терең тамыр жіберіп, елдік мүдде жолында азаматқа тән мінез көрсетіп келе жатқан жасты да, жаса­мысты да халқымыз қашанда қадірлеген.

Иә, «ұлтқа қызмет ету» – елді жан-тәнімен сүю, сол жолда адал жұмыс істеу, керек кезде тәуекелге бас тігіп, ұлт мүддесін қорғаудан қай­мықпау. Осы бағаға сәй­кес келетін замандас­тар қа­тарына ақын, қайраткер, саясаткер, журналист Қазыбек Исаны қосу­ға толық негіз бар. Бұл мақаламызда оның ақындығын, шығармашы­лық тал­ғам-тү­сінігін талдау­ды мақсат еткен жоқ­пыз, қайраткерлік қырына аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

Ұлт үшін, тіл үшін то­лағай еңбек тындырып, на­ғыз халық қалаулысы ре­тінде жұртының сүйіс­пеншілігі­не бөленген екі азамат болса – біреуі, біреу болса – нақ өзі Қазыбек Иса. Парла­мент мінберінен жол­данған де­путаттық сауал­дар мен бұқаралық ақпарат құрал­дарында жариялан­ған мақалалары көтер­ген мәселесінің өзек­тілігімен ерек­шеленеді. «Халық­тың тілінде сөй­лей алатын ха­лықтық Үкімет керек», «Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру – саяси әді­летсіздік» деп, «Ақ­жол» пар­тиясы фракциясының үнін Үкіметке жеткізіп, ұлт зиялылары арман еткен тәуелсіз елінің төріне айтулы ескерткіш орнатуға ықпал ет­кенін ел жақсы біледі. Ол Алаш көсем­дері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Міржа­қып Дұлат­ұлы еңбегі мен мұрасын насихаттауды жаңа кезеңге көтерісті. «Алаш идеясы ұлттық идеямыз бо­луы керек» деген жаңашыл пар­тия басшыларының бірі ретінде Қазыбек Иса осы ба­ғытта аянбай тер төгіп ке­леді. «Мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай ми­нистр болады?!» деген ма­қаласы «Қазақ үні» сайтында 351 000-ға тарта адам оқып, 300-ден астам оқырман пікір қалдыр­ған жылдың таңдаулы материалы қатары­на енді. Бұл қайраткердің халықтың кө­кейіндегісін дөп басқанын көрсетеді. «Қазақ тілі ұлт­аралық тіл болмақ түгілі Үкі­мет пен Парламент тіліне айнала алмай жатқан жоқ па?» дей келе, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың: «Мемлекет­тік қызметте, оның ішінде, халықпен тығыз жұ­мыс істей­тін лауазымға та­ға­йындау кезінде кәсіби білік­тілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтар­ға басымдық беру керек. Парламентте немесе бас­па­сөз мәслихаттарында мем­лекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемле­кеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында анахронизмге айналуға тиіс» деген тапсырмасын орын­даудағы олқылықтар­ды сынға алады.

Сондай-ақ аталған партия фрак­ция­сы он жылдан астам уақыттан бері айтып келе жат­қан «Мемлекет­тік тіл туралы» заң­ды қабыл­­дау ке­ректігін негіздеп, ел бас­шы­­лы­ғына жазған дә­лел­ді, маңызды, мем­лекетшіл хат­тың ұйытқысы Қаз­ыбек Иса болға­ны зия­лыларға мәлім. Мемлекеттік тілге байланысты қайрат­кер көтерген игі бастаманың бірі – «Кәсіпкерлік кодекстің» 138-бабына тіл туралы заң­­наманың сақталуын бақы­лайтын бапты қайта енгізуді ұсы­нуы. Алайда бұл ұсыныс Үкімет тарапыннан қолдау таппады. Қайраткер, тіл және руханият жанашыры Қаз­ыбек Иса «тіл заңын қадағалаудың ел­дік нұсқасын қабылдау – кезек күт­тірмес мәселе» екенін алға тартып, қазақ­тілді азаматтардың өз елін­де Кон­сти­туциялық құқы­ғы тапталмауын табанды түрде қорғап келеді. Бұл – ел тұтастығын, береке-бір­лікті ойлаған адамның азаматтық ұстанымы. «Қа­зақ тілінің мүддесіне қар­сы Үкіметпен қанша уақыт өмір сүреді екенбіз?! Әлем­де мемлекеттің мемлекет­­тік тілге, мемлекеттік мүдде­ге қарсы шығатын парадокс тек бізде ғана» деген­ді айту үшін мінез керек, ұлтын жан-тәнімен сүю керек. Қайраткер Қазыбек Иса қас­қайып тұрып үкіметке шындықты дәлелді айтса, бұл да мінезді депутат еке­нін аңғартады. Мемлекеттік тіл мәртебесіне арналған дара заңды қабылдау күн тәртібінен түспеуін қай­та-қайта ескертіп: «Өзін сыйлайтын ел үшін ең алдымен әлемдік алты тіл емес, мемлекеттік тіл маңызды» деуі – ұлттық мүддемен үн­дескен ұтымды пікір екені дау тудырмас. Қайраткер проблеманы көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын да ұсынады. «Бізге «мен мемлекеттік тілде сөй­леймін» деген шектеусіз акцияны бастайтын уақыт баяғыда жеткен. Ол үшін бар­лық жерде, қай ұлттың өкілі болса да, тек мемлекет­тік тілде сөйлеуі керек. Осы­лай құлдық құлықтан құтылмай, мың жерден заң болғанның өзінде де, қазақ тілін жаппай қолдану қиын. Сондықтан да көпшілік орын­дарда, дүкендерде, жиын­дарда, барлық жерде қа­зақша сөйлейік. Ми­нистр­лерге, әкімдерге, депу­тат­тарға, мемлекеттік қыз­­мет­кер­лердің бәріне, қан­дай ұлт бол­сын, мемлекеттік тіл­­де сұрақ қойып, мем­ле­кет­­тік тілде жауап талап еті­­­ңіз­дер. Бұл – заңмен бекі­тіл­­ген ереже», деп Қазекең осы­лай заң аясында әрекет ету­ді ұсынады. Тағы бір сө­зін­де: «Қазақ жастары қы­лы­шы­нан қан тамған кеңес им­пе­риясына қарсы алаң­ға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, намыс үшін шықты. Пұл сұ­рап шыққан жоқ, тіл сұ­рап шықты! Жо­ғалып бара жат­қан ұлттық рухы атой­лап, алаңға аттанмен шық­қан еді» дей келе, сол ұлт­­тық мүдде тәуелсіз елі­мізде қалай қорғалу керегін жіліктеп, тарихты да, тағдырды да, елдікті де, ерлікті де дөп баса алды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, рухани жаңғыру, ұлттық мүдде, ұлттық код туралы кесек-кесек ой­лары бүгінгі де, болашақтағы да оқыр­манды бейжай қалдырмайды. Біз бұл жолы мемлекеттік тілдің мәрте­бесін арттырудағы, оның қолданыс аясын кеңейтіп, тұғырына қондырудағы қайраткер, қаламгер Қазыбек Иса еңбе­гінің бір қырын ғана көрсетуді мақсат еттік. Алда биік-биік белестер тұр. Оны бағындыру үшін де мінез керек, білік керек. Сол жолда береке-бірлігіміз арта бергей.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҰҒА академигі,

Ұлттық құрылтай мүшесі