Әдебиет • 05 Желтоқсан, 2022

Ерте үзілген жыр-ғұмыр

524 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бәріне қара тас кінәлі ме?.. Көлік жол шетіндегі тасқа соғылды, дүние төңкеріліп жүре берді. Өлең-күй шертілмей қалды – жыр-ғұмыр үзілді. Аяқталмай қалған өлеңі бедерленген ақ парақты ұстап аңыраған ана, ақ жаулығының ұшымен бетін баса жылап адал жар, көкелерінің мәңгілікке кеткенін аңғарған-аңғармаған сәби-бала, бауырымдаған ағайын қалды соңында. Бұл, үлкендерден естігеніміздей, ақын Жеңіс Қарғабаевтың жер бетіндегі тағдырына нүкте қойылып, бақиға аттанып кете барған сәттердегі сұрықсыз көрініс еді.

Ерте үзілген жыр-ғұмыр

Тәңірдің пәрменіне, жазғанына сын айтып шала бүлінетін пенде деген затымыз бар. Құдай кешірсін, осы жағымсыз әдетімізге сала сөйлесек, ол өмірден ерте, мезгілсіз кетті. Суық көр жас талғамайды, кімнің болсын дәм-тұзы тау­сылса құшағына ала қояды.

«Көк пен жерді нұрыменен жуып күн,

Жеңіс күні, Жеңіс күні туыппын»,

деп өзі жырлағандай, Жеңіс Қарғабаев 1945 жылы 9 мамырда Оңтүстік Қа­зақстан облысы Созақ ауданы Қарағұр ауылы Шаға елді мекенінде өмірге келген. Қызылорда қаласындағы И.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педа­го­гика институтын 1967 жылы «ағыл­шын, неміс тілдерінің мұғалімі» маман­дығы бойынша бітіріп келіп, Созақ ауда­нында мектептерде неміс, ағылшын тілдерінен сабақ береді. 1973 жылы 24 мамырда 28 жасында көлік апатынан қайтыс болды.

Ақынның 1996 жылы «Ақиық» атты кітабы жарық көрген. Бұдан кейін 2016 жылы ақынның өлеңдері мен әріптес-замандас, көзкөргендердің, шәкірттерінің естеліктері топтастырылған «Шынар» атты кітап басылып шықты. Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында Ж.Қарғабаев атында көше бар.

Ақынның жары Зағипа бүгінде Ал­маты қаласында тұрады. Ал соңында қалған екі ұлы мен қызы өсіп-өніп, елі­мізге абыроймен еңбектерін сіңіріп жүр.

Жеңіс ақынды тереңірек тану үшін оның өлеңдерін зерделеп, көзкөрген замандас-әріптестерінің естеліктеріне ой жүгірткен жөн.

Кезінде Исраил Сапарбай, Аян Нысаналин, Дулат Тұрантегі, Ескермес Жақсымбетов, Бөрғазының Өскені, Өтеш Қырғызбаев, Байділдә Айдарбеков және басқа да ақын-жазушылар Жеңіс Қарғабаев туралы, оның шығармашылығы жөнінде жылы лебіздерін білдіріп, ақынға зерттеу мақалаларын арнаған-ды. Енді солардың бірқатарынан үзінділер келтіре кетелік.

«...Қасиетті Созақ өңірінде қазақ халқының маңдайына біткен шоқ жұлдыздар шоғырын жеке-жеке айтып, талдап, тарамдап тауыса алмайсың. Солардың бірі – 28 жыл өмірді көрген ақын Жеңіс Қарғабаев еді.

«Кешегі қызғалдақ шақ көп тұрмады,

Шілденің баурап алды отты ырғағы.

Енді мен сонау шыңнан әнімді айтам,

Дауылын көктеменің соқтырғалы.

Бұл өмір сан қилы боп аға берген,

Жиырма бес осы арада баға бергін.

Иілсем морт сынамын болаттардай,

Бүгілсем сыр білдіріп «бала» дегін.

Сүрінсем, сүйемеңдер, құлатыңдар,

Қиналсам төзім беріп, шыдатыңдар.

Алдыма қойған

мақсат-мұратым бар,

Сондықтан менен бәрін сұратыңдар», деген өлең жолдарынан байқағанымыздай өзіне биік мақсат, өр талап қойып жігерін шымыр жырымен жани түседі. Осы бір үш шумақ өлеңінде ақын өз өмірін тани түскендей әсер береді», деп жазған еді кезінде ақын Исраил Сапарбай.

Ж.Қарғабаев туралы ақын Аян Ныса­налин «...Қазыналы Қаратауға соқпай кетпейтін көне қазақ поэзиясының мәңгі мұралары кемде-кем. ...Тәкен Әлім­құлов, Сәуірбек Бақбергенов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергеновтер де оған тереңнен тебірене қалам тартты... ...Туған топырақтың тартылыс күшін сезгендер бұрын-соңды бұл өлкеде аз болған жоқ. Жеңіс Қарғабаев та сол шоқ жұлдыздардың ішінен табылады. Ғұмыр шіркін кейде соншама қысқа бола береді. Ол тағдырдың пешенеге жазуымен орда бұзар отызға да жетпей кездейсоқ қайғылы қазаға ұшырап дүниеден өтті. Қаншама арман жерге жұмбақ күйінде кетті... ...Жыр пырағына үзеңгі салған Жеңіс өзі жан-тәнімен сүйген Отанын жырлады. Оның поэзия­сында әуез бен әуен сыңғырлап тұр. Жеңіс жырларынан Шудың нар қамысын жыртқан жолбарыстың ырылын, Ықылас қобызының сарынын, қырдағы ақ селеуді тербелткен Сүгір күйлерінің сырлы сазын естідім. Ол өз беймаза дәуірінің құйма құлағы, көреген көзіне, бүкіл сезімтал болмысына айналды», деп жазды.

Ақын, марқұм Ескермес Жақсым­бет­ұлы өз естелігінде Жеңіс Қарғабаев туралы: «Жеңкең қиялшыл, арманшыл еді. Сол арман бізден бұрын ауылдан алысқа қанат қақтырды. ...Ағам құмырсқаға қиянаты жоқ, тауыққа тық деуді қараулық көретін бір тума мінезді еді. ...Мен кейін қазақ радиосында әдебиет, мәдениет бөлімінде редактор болдым, Жеңкеңнің жіберген бір топ өлеңдерін ақын ағамыз Мұхтар Шахановқа берген едім, ол кісі көп ұзатпай «Теріскейден тамаша ақын таптым» деп мақтана эфирге жіберді», деп сыр ақтарған-ды.

Созақтық ақын, марқұм Бөрғазының Өскені: «1968 жылдың ерте көктемі болуы керек поштаға барып, жаңа газет-журналдарды алсақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Жеңістің ұмытпасам, «Жастық», «Шаға өзеніндегі ой», «Мыңжылқы» атты үш бірдей өлеңі жарияланыпты. Об­лыстағы әрбір отбасына, мекемелерге түгел тарайтын газетке шыққан өз өлең­­дері көзіне оттай ыстық басылған Жеңіс­тің ішкі қуанышы, нұрлы көзі мен алабұртқан аққұба өңінен көрініп тұратын.

«Сылқым сезім жүрегімді өртеген,

Жастық менің абыройым

мәртебем.

Жиырма бесті дүбірлетіп кеудемде,

Сондықтан да ертең

үшін тер төгем...».

Міне, Жеңіс Қарғабаевтың поэзиясы! Бүгінгі күннің ғана емес, келешектің жыр сүлейлері тамсанып оқитын шумақ!

Жүрегіңнің түбіне терең бойлай білген ерекше тұлғалы жандар ғана мәңгі бақи жадыңда сақталады. Мен үшін Жеңіс досым сондай жан еді. Өйткені Жеңіс Қарғабаевтың табиғаты, оның өзін көрмесе де өлеңдерін оқыған адамның санасына құбылыс ретінде мықтап орнайды. ...Ол небәрі 28 жасында дүниеден озды... ...Жүректе Жеңіс досқа деген сағыныш қана қалды...» деген естелігі ақынның болмысын аша түседі.

Чех халқының Халық батыры, «Қы­зыл жұлдыз» орденінің иегері, Кеңес Одағының Батыры атағын алуға әбден лайықты тұлға болса да, бұл марапат беріл­меген, «Красная звезда», «Крылья Родины» және басқа да басылымдарда жа­рық көрген көптеген мақала, әңгі­ме­ге арқау болған, ұшқыш, гвардия лейтенанты Құрал Рүстемовке арнап жазған Ж.Қарғабаевтың «Ақиық» дас­таны «Комсомол-69» байқауында бас жүлде алған. Сол кезде дастан «Оңтүстік Қазақстан» газетінде басылған-ды.

«Көк жүзінде самғайтұғын қырандар,

Болат қанат талмайтұғын

қырандар.

Жүрегімді шабыт буса саңқылдап,

Мен жырлайтын,

мен шырқайтын бір ән бар,

Ол ән сендей қыран жайлы жыр еді,

Ол да сендей Мыңжылқының түлегі,

Адам еді ол, адамдардың қыраны,

Бар еді онда Ақиықтың жүрегі», деп басталатын дастан жұрт ілтипатына бөленді, оқырман жылы қабылдады.

Ақынның «Қазақстан әйелдері» журналының 1971 жылғы шілде айындағы санында жариялаған «Анашым – заңғар биігім» атты өлеңі кімді де болса бейжай қалдырмайды. Өз анасына арнаған өлеңінде ақын:

«Жүрек – сәби, бәз біреу жылатады,

Жүрек – Ана, тербейді жұбатады.

Дүниедегі ең заңғар бәйтерегім,

Сені уақыт қай күні құлатады?!

Сол күнді көрмесем мен,

көрмесем мен,

Бермесем мен сұм жалған тырнағына,

Жүрегімнің төріне жерлемес ем,

Ақ сүтің мен мейірімің көзімді ашқан.

Бұл тірлігім-өзіңнің нұрын шашқан.

Үнсіз келем... дариға-ай, жырлар едім.

Жүрегімде болсайшы теңіз дастан!» – дейді.

Осы өлеңдегі «Сол күнді көрмесем мен, көрмесем мен» деген жол жүрегіңді шымырлатпай қоймайды. Ақын өз өмірінің үкімін шығарғандай. Өйткені ол ана – бәйтерегінің құлағанын көрмеді, өзі анасынан ертерек өмірден өтті. Тағдыр ма, тағдыр!

Жеңіс Қарғабаев «Таныспын, таныс әр төбе, Терегін құштым өртене. Тастарын басу Шағаның, Жігітке қандай мәртебе», деп өзі тебірене жырға қосқан туған ауы­лы Шағаның торқалы топырағын жамылып жатыр.