Саясат • 05 Желтоқсан, 2022

Әлеуметтің әлеуеті артады

249 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі жобасының негізгі бағыттары туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасап, осы саладағы ахуалмен таныстырды.

Әлеуметтің әлеуеті артады

Ведомство басшысының айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибелер зерделенген. Құжат 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Кодекстегі маңызды жаңалық – Отбасы­ның цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады.

«Атаулы көмектің мәні өз­герді. Енді атаулы көмек қан­дай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағ­дайдан шығара алатын атаулы шара ретін­де қарастырылады. Үшінші өзгеріс қолда­ныстағы әлеуметтік контрактың жаңа мазмұнына қатысты, яғни тарап­тардың жауапкершілігін арттыру қаралып отыр. Мысалы, мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға мін­детті», деді Т.Дүйсенова.

Құжаттың келесі жаңашыл­дығы отбасыларды және отбасы мүшелерін әлеу­меттік қолдау жүйесіне қатысты. Министрдің айтуынша, цифрлық картаны пилоттық іске асыру бары­сында көпбалалы отбасылар­дың әлеуметтік қатерлерге тап болу ықтималы жоғары екені байқалған. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы бір­тұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды.

«Кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуді көздейді. Яғни Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал отбасыларға қосымша көмек көзі болмақ. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейеді және олар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наг­радт­талған аналар деген жаңа статус­пен қарастырылады. Тағы бір маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек таға­йындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күн­көріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебі­нен анықталады. Бұл ретте Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді», деді Т.Дүйсенова.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар отбасы­ларға қарастырылған арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету жүйесі толығымен қайта құрылмақ. Осыған сәйкес, мүгедектігі бар адам­дарға қызмет көрсетуге отбасы мүшелері тартылады. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қыз­меткер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбек­ақы төленеді және осы кірістен әлеу­меттік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.

«Екінші, арнаулы әлеуметтік қызмет­тер­дің жаңа стандарттары даярланып, жан басына шаққандағы нормативтерді ен­гізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері қыз­меттер үшін жеке норматив, ал ком­пен­саторлық техникалық құрал­дар тұрғысында шектеулі баға­лар түрінде жіктеледі. Бұл өзге­ріс­тер бір жағынан кейбір жекеле­ген қызмет немесе та­уар түр­лерін монетизациялауға әкеледі. Ал екінші жағынан жеке сектор жағынан шағын сыйымдылықты арнайы қызмет көрсету орталықтарының ашылуына мүм­кіндік туғызады. Бұл шаралар отан­дық тәжірибе, яғни білім беру сала­сында «Балапан» бағдарламасының үлгісі бо­йынша енгізіліп отыр. Үшінші, әлеу­меттік қызмет порталы бойынша жер­гілікті атқарушы органдар жанында құрыл­ған комиссияларға жаңа құзырет беру қарастырылған», деді Т.Дүйсенова.

Сонымен қатар әлеуметтік қызмет­керге қатысты талаптар мен олардың мәр­тебесін ескеретін нормалар енгізілді. Әлеу­меттік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз баға­лаудан өткен және сертификаты бар ма­мандар ғана айналыса алады. Мүге­дектігі бар азаматтарға қызмет көрсе­т­тетін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады.

«Кодекстің үшінші новелласы әлеу­меттік тәуекелдерден сақтану және аза­мат­тарды зей­нет­ақымен қамсыз­дан­дыру­­ға қатысты. Әлеуметтік тәуекел­­дерден сақтандыруды көздей­тін қолданыстағы сақтанд­ыру жүйесі халықаралық стандарт­тарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе ретінде сақталады. Дегенмен оның мақсатты міндеті өзгеріске ұшырайды. Жүйе тек әлеу­меттік төлемдер төлеуге ғана бағыт­талмай, ең алдымен азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтуға ынталандыруды көз­дейді», деді министр.

Осыған байланысты Салық кодексін­де шағын бизнестің жалдамалы жұмыс­керлерге төлей­тін салықтық жүктеме ендігі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Онлайн плат­формалардың көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режімі енгізіледі. Жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтан­дыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтері төмендейді.

«Бірінші кезеңде біз мем­лекеттік сақтандыру қорынан бір жасқа толмаған баласы бар аналарға берілетін әлеуметтік төлемді олардың табыстарының 40 пайызы деңгейінде бекіттік. Қазір жұмыс істеп, уақтылы әлеуметтік жарналарын төлеп отырған аналардың 85 пайыздан астамы осы төлемді алады. Бұрын олардың басым көпшілігі базалық төлемдерді респуб­лика­лық бюджеттен 18 мыңнан 28 мыңға дейінгі мөл­шерінде алатын. Бұл шаралар көптеген әйелді формалды түрде жұмыс істеуге, сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандырды және лайық­ты төлемдер алуға мүмкіндік берді. Ендігі жылдан бастап жұ­мыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр», деді Т.Дүйсенова.

Сондай-ақ зейнетақы жүйе­сіне де өзгерістер енгізілмек. Қазіргі таңда зейнеткерлерді 3-ке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер. Олардың саны – 300 мыңнан астам адам. Олардың басым көпшілігінің зейнетақысы 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. Екіншісі, зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар азаматтар. Қазір осы топтағы зейнеткерлер саны – 1,9 млн-нан асты. Олардың саны 2030 жылға қарай 2,6 млн-ға дейін жетеді деген болжам бар. Үшінші ұрпақ – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, мемлекеттен базалық зейнетақы, бірыңғай жинақтаушы қорынан жинақтаушы зейнетақысын алады.

Бірінші бүгінгі ұрпақ зей­нет­керлері үшін алдағы 5 жыл­да базалық зейнетақы мөл­шері көбейтіледі. Еңбек зей­нетақының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 айлық көрсеткішке дейін немесе экономикадағы орта ай­лық жалақының 70 пайызы­на дейін артады. Өздеріңіз жа­қында қолдаған бұл шаралар бү­гінгі ұрпақ зейнеткерлерінің то­лық мемлекеттік қолдауда бо­ла­тынын көрсетеді. Ал зей­нет­­ақыны өз жинақтары есебі­нен қалыптастыратын бола­шақ зейнеткерлер үшін қосым­ша жұмыс берушілердің зейнет­ақы жарнасы енгізіледі. Бұл жар­на қолданыстағы заңда көздел­ген шартты жинақтаушы зей­нет­ақы жүйесі үшін база қалып­тастырады. Осылайша бұл топ­тағы азаматтар зейнет­кер­лік жасына жеткенде да қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнет­ақының 3 түрін алады. Мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен – жинақ­­тау­шы зейнетақы. Бұл шара­лар аза­маттарды лайықты зейнет­ақы­мен қамтуға мүмкіндік береді деп па­йымдаймыз», деді Т.Дүйсенова.

Бұдан бөлек, кодекс жобасына өз активтерін басқару бойын­ша салымшылар құқығын кеңей­туге қатысты өзгерістер енгізі­леді. Енді белгіленген жеткі­лік­тілік шектен жоғары зейнет­ақы жинақтарын азаматтар тек ем­делуге және тұрғын үй сатып алу­ға жұмсайды. Сондай-ақ салым­шылар бар зейнетақы жинақ­тарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы.

Келесі жаңалық халықты жұ­мыспен қамтудың жаңа тәсіл­деріне байланысты. Бұл бағыт­тағы проблемаларды шешу үшін еңбек нарығын либерализация­лау көзделген. Осы мақсатта «тәуелсіз жұмыскер» – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тір­кеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген. Егер тәуелсіз жұмыскерлер өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқарса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп та­ны­лады. Мысалы, Яндекс так­­си онлайн платформасына қосыл­­ған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосыл­­ған курьерлер осы санат­тағы жұ­мыскерлер қатарына кіргізіледі.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәде­ни даму комитетінің төр­ағасы Жәмила Нұрманбетова әлеу­­меттік қорғау жү­йесі­нің заң­намалық негізі жаңғыр­тылуы­на қарамастан халықтың әл-ауқатының өспеуі алаңдайтын мәселе екенін айтты.

Жиын қорытындысы бо­йынша депутаттар Үкіметке өз ұсынымдарын берді.