Саясат • 05 Желтоқсан, 2022

Астана мен Афина әріптестігі

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Грекия Сыртқы істер министрі Николаос Дендиаспен келіссөз жүргізді. Кездесуден кейін ведомство басшылары журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Астана мен Афина әріптестігі

«Грекия – біздің Оңтүстік Еуро­п­адағы маңызды саяси және эконо­микалық әріптестеріміздің бірі. Биыл біз дипломатиялық қаты­нас­тардың 30 жылдығын атап өтіп отыр­мыз. Николаос Ден­диас мыр­за екеуіміз ашық­тық пен то­лық өзара түсіністік рухында саяси және сауда-эконо­микалық сала­лард­ағы екі­жақ­ты қарым-қатынас­тар­дың болашағын, сондай-ақ халық­аралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты талқыладық.

Биыл екіжақты сауда-эконо­ми­калық және гумани­тарлық ынты­мақ­тастықтың серпінді болғанын атап өткім келеді. Грекия – біздің негізгі сауда әріптесіміз. 2022 жылдың он айы ішінде Қазақстан мен Грекия арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырған­да 28 пайызға артық», деді М.Тілеуберді.

Сыртқы істер министрінің айтуынша, 20 маусымда жаңа экономикалық алаң – Қазақ­стан-Грек Іскер кеңесі өз жұ­мысын бастады. Бұл іскер топтардың өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға деген қызығушылығының артып отырғанының дәлелі.

«Сонымен қатар «Эйр Астана» биыл жазғы туристік мау­­сымда Алматы мен Ирак­лион ара­сында тікелей рейс ашып, көп­те­ген Қазақстан азаматтары Гре­кияның Крит аралында де­малуға мүмкіндік алды. Эко­но­микалық және техноло­ги­я­лық ынтымақтастық жөнін­дегі Қазақстан-Грекия үкімет­аралық комиссиясының 5-отырысы биылғы екіжақ­ты ынты­мақтастықта тағы бір маңызды оқиға болды. Отырыс хаттамасы тараптардың сау­да, экономика, инвестиция, энергетика, көлік, білім және ғылым салаларын­дағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі негізгі уағдаластықтарын бекітті.

Грекияның өкілді делегациясы Үкіметаралық комиссия отыры­сымен қатар Жаһан­дық инвес­ти­циялар жөніндегі дөңгелек үстел жұмысына да қатысып, агроөнеркәсіптік кешен саласын­дағы ынтымақтас­тық, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл туралы екіжақты құжаттарға қол қойды», деді М.Тілеуберді.

Ведомство басшысы Қазақ­­станда тұратын грек диас­пора­сын халықтар мен мем­ле­кет­терді байланыстыратын көпір­ге теңеді. Мәселен, Қазақ­станда грек дәстүрлері мен әдет-ғұ­рыптарын қолдайтын 17 аймақ­тық қоғамды қамтитын «Филия» Қазақстан грек қоғам­дары ассоциациясы жұмыс істейді.

«25 қарашада Грекияның Ахарна қаласында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипло­матия­лық қарым-қатынастың 30-жылдығына орай ескерткіш орна­тылды. Елдеріміздің сырт­қы саяси мекемелері арасында дипломатиялық қызметкерлерді даяр­лау саласындағы ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойдық.

Жалпы, келіссөздердің нәти­желері елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты толық ұлғайтып, кеңейтуге деген өзара мүддені растады. Дендиас мырзаның Қазақстанға ресми сапары Астана мен Афина ара­сындағы екіжақты және көп­жақты форматтағы жан-жақты ынты­мақтастықты одан әрі терең­детуге қосымша серпін беретініне сенімдімін», деді М.Тілеуберді.

Өз кезегінде Николаос Ден­диас Қазақстан Грекия мен бар­лық Еуропалық одақ үшін сенімді энергетикалық серік­тес деп мәлімдеді. Сон­дай-ақ аймақтағы көлік инфрақұры­лымын дамыту бойынша да талқылау жүргенін хабарлады.

«Қазақстан мен Еуропалық одақ ара­сындағы қарым-қаты­н­ас­тың маңызына тоқтал­дық. Грекия бұл бағыттағы ын­ты­мақ­тас­тықтың әрі қарай дамуы­на күш салуға ниетті. Сон­дай-ақ біз кеңейтілген серік­тес­тік пен ынтымақтастық тура­лы келісім­нің күшіне енуін құп­тай­мыз», деді Николаос Дендиас.

Сондай-ақ Н.Дендиас Ақтау қаласында Грекия консулдығын ашуға көмектескені үшін ел Үкіметіне алғыс білдірді.

«Грекия мен Қазақстан бір-бірінен алыс қашықтықта орна­лас­қан. Бірақ арамыздағы достық қарым-қатынас өте жоғары ма­ңызға ие. Қазақстанда 10 мың грек ұлтының өкілі тұрса, Грекияда мыңдаған қазақ­стандық тұрады. Бұл біздің берік достығымыздың нәтижесі деп білемін. Сонымен бірге Қазақстан Үкіметіне ризашыл-ығымды білдіргім келеді. Бұдан әрі қарай да ынтымақтастық байланысымызды БҰҰ арқылы жүргіземіз деген үміттемін», деді Грекия Сыртқы істер министрі.