Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2022

Қараусыз мал апатқа ұрындырады

652 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіге кіріп қалсаң, күнде көретінің – жол апаты. Бірден «жүргізушілер жоғары жылдамдықпен жүйткиді» деген ой сақ ете қалатыны рас. Шын мәнінде, жол-көлік оқиғаларының себебі көп. Кейінгі кезде қараусыз қалған мал адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Мал ұрлығының өсуіне де әсер етіп отырғаны тағы бар.

Қараусыз мал апатқа ұрындырады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бақташылар қайда?

Көліктердің жол үстінде жылқы мен сиырды қағып, апатқа ұшырауы елімізде жылдан-жыл­ға көбейіп барады. Былтыр­дың өзінде жүзден аса мал қағу дерегі тіркеліп, оқиға сал­дарынан қырыққа жуық адам қаза тапқан. Жалпы, жылына қанша апат болатыны нақты белгісіз. Себебі көлік пен малдың соқтығысуы салдарынан адамдар зардап шеккенде ғана оқиға құзырлы органдарда тіркеледі.

Мал қағу оқиғалары Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының тас жолдарында азаймай тұр. Жайылымның тарылуы мен тозуы салдарынан төрт түлік азық іздеп жол бойын төңіректейді. Бақташының жоқтығы да үлкен проблемаға айналып отыр.

Кейінгі жылдары Атырау өңірінде ірі қара малы бар тұрғындарға жарық шағы­лыс­тырғыш ленталар таратылған. Көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақта­нуы­на малға тағылған жарық шағылыстырғыштың көмегі көп. Мұндай жабдықтар Аты­рау – Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңыздағы автокөлік жолының Жы­лыой ауданы тұсындағы, автокө­лік жолы­на жақын орналас­қан және үй жа­нуарларының жолға шығу қаупі бар деген 4 шаруа қожалығы иелеріне үлестіріліпті.

Малды қараусыз жіберген тұрғын­дардың кінәлі екені түсінікті. Дей тұр­ған­мен көлік иелері жылдамдықты шамадан тыс арттырмаса, апаттың алдын алуға болатыны сөзсіз. Бұл ретте, Атырауда республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда автоматты жылдамдық өлшегіштер жұмыс істейді.

Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала сыртындағы республикалық Ақтөбе – Атырау –Астрахан, Атырау – Орал және облыс­тық маңызы бар Атырау – Индер тасжолдарына «Кордон» автоматты жылдамдық өлшегіш құралдары орна­тылған. Аталған құрылғылардың негізгі міндеті – жылдамдықты шамадан тыс арттырған көліктерді анықтап, сол ар­қы­лы жүргізушілерді заңда көзделген әкім­шілік жауапкершілікке тарту.

Павлодар облысында да жыл басынан бері осындай бірнеше жол апаты болды. Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 айдың ішінде автожолдарда қараусыз жайылып жүр­ген малдардың кесірінен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тапқан. Апат салдарынан 8 адам түрлі жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында полиция тұрақты түрде рейд жүргізіп, сондай-ақ автожолда жайылып жүрген иесіз малдарды анықтауды қолға алған.

«Бүгінде өңірде малға арналған 146 айып тұрағы жұмыс істейді. Онда осы жылы бақылаусыз жайы­лып жүрген 15 мыңнан астам мал қа­малды. Мысал келтірсек, «Павлодар – Қызылорда» автожолында екі факті анықталды. Бірінші жағдайда, Пог­раничник ауылының жанында жол бойында жайылып жүрген жылқылар көзге түсті. Шаруа қожалықтарының бірі­нің 49 жастағы малшысына қатыс­ты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 408-бабы 1-бөлігі бойын­ша әкімшілік материал толтырылды. Ал екінші жағдайда Береке ауылының маңында автожол бойында 10 бас жылқы қараусыз жайылған. Тәртіп сақшылары жылқылардың иесі Қалқаман ауылының тұрғыны екенін анықтап, оған қатысты ӘҚБтК 408-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Құқық бұзушыларға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Осындай факті «Ленин – Ертіс – Рус­ская Поляна» автожолының 78 шақы­рымында анықталды. Онда 50 бас ірі қара бақылаусыз жайылған. Ақто­ғай ауданының учаскелік полиция инспекторы малды айып тұрағына қамады. Мал иесі ӘҚБтК 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған да 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, облыс бойынша мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 633 мал иесі жауаптылыққа тартылды. Полицейлер барлық мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қатаң сақтау туралы ескертеді. Үй жануарларын сәйкестендіру, сырғалау және таңбалау жүзеге асырылып, оларды арнайы орын­дарда жаю қамтамасыз етілуге тиіс», дейді Павлодар облысы полиция депар­тамен­тінің баспасөз қызметі.

 

Барымташылар басынып барады

Төрт түлік – ауылдағы ағайынның негізі күнкөрісі. Мал ұрлығының күннен-күнге көбейіп бара жатқанына назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Қа­зақстан Респуб­ликасының кейбір заңна­малық акті­леріне қылмыстық, қыл­мыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорға­луын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы заңға қол қойған болатын. Осы заңға сәйкес, Қылмыстық кодекс жаңа баппен (188-1), яғни мал ұрлау, бөтен­нің малын жасырын жымқыру қылмысымен толықтырылды. Бұл бап­қа сәйкес мал ұрлағандарға жаза қатаң­датылған. Өйткені бұған дейінгі жаза мал ұрлаушыларға тосқауыл бола алмағанын мойындауымыз керек.

Бұрын мал ұрлау қылмысы Қыл­мыстық кодекстің 188-бабы бойын­ша қаралатын. Бұл бап бойынша мал ұрлаған адам ұсталғанымен, қылмыстық жауаптылыққа тартылу кезінде мал иесіне келтірген залалды қайтарып жәбірленушімен татуласса, кодекстің 68-бабының талабына орай қылмыстық жауаптылықтан босатылатын. Яғни ұсталған ұрылардың көбі шығынның орнын толтырған соң жазадан құтылатын. Заңның осындай осал тұсын білген ұрылар жазадан қашқаннан кейін де бұрынғы әдетінен ажырамай, қайта ұсталғанша ауыл халқын қан қақсатып жүре беретін. Бұл ауылдағы ағайынның ашу-ыза­сын, құзырлы орындарға деген сенімсіздігін тудырғаны ақиқат. Жаңа өзгерістің қолданысқа енгізілуіне де халықтың базынасы түрткі болды.

Ендігі жерде 188-1 бабының 1-бө­лігі бойынша мал ұрлау орташа ауыр қылмысқа жатады. Мұндағы өзге­шелік, бірінші рет мал ұрлаған айып­ты жәбірленушімен татуласуына бай­­­ланысты Қылмыстық кодекс 68-бабының талаптарына сәйкес қыл­мыс­­тық жауаптылықтан босатылуы мүм­кін. Ал бірақ екінші рет мал ұрлаған кезде малдың иесіне шығынды қайтарып, жә­бір­ленушінің кешірімін алса да, татуласуына заң бойынша жол берілмейді.

Ал Қылмыстық кодекс 188-1 ба­бының 2, 3, 4-бөліктері бойынша мал ұрлау ауыр қылмыс қатарына жатады. Соған орай қылмыскердің мал иесі­мен татуласуына ешқандай жол беріл­мейді және ҚК 68-бабының талаптары қолданылмайды. ҚК 188-1
бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқырғандар мүлкі тәркіленіп, үш мың АЕК дейiнгi мөлшерде айып­пұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұ­мыс­тарына, не бес жылға дейiнгі мер­зімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айы­руға жазаланады. Ал ұрлықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса, ірi мөлшерде мал ұрланса – мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ ұрлықты бірнеше рет (тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiріп) жасағандар мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­тан­дығынан айыруға жазаланады. Бұл бап ұрылардың жәбірленушілермен татуласу арқылы жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге және ұр­лықтың алдын алуды күшейтуге мүм­кіндік береді.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жановтың өңір тұрғындарымен кезде­суінде мал ұрлығы бойынша мәсе­лелер жиі көтеріліп жүр.

– «Жер малды тойдырады, мал ие­сін тойдырады» демекші, бұл мәселе өте өзекті. Ежелден қазақ халқының ең басты табыс көзі – мал. Мал – ауыл өмірінің тірегі. Тіпті қазақ бір-біріне «мал-жан аман ба?» деп амандасқан. Халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ал мал ұрлығы оларға елеулі шығын келтіреді. Осыған байланысты, біз мүдделі органдармен бірге мал ұрлығына қарсы күрестің тиімді­лігін арттыру үшін біраз жұмысты қолға алдық. Ол – заңнамалық, ұйым­дастырушылық және басқа да алдын алу шаралары, – деді министр.

Жалпы, елімізде осы жылы мал ұрлы­ғының саны 21 пайызға азайған (954-тен 752-ге дейін). Бұл ретте ұрлан­ған малдың жартысынан көбі (62,3%) ие­ле­­ріне қайтарылғанын айта кету керек (3 782-дің 2 357-і). Биыл мал ұр­лы­ғын жасағаны үшін барлығы 325 адам ұсталып, 50 қылмыстық топ құрықталды, сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекет­тері әшкереленді.

– Малдың басым бөлігі (752-нің 532-і) жайылымнан ұрланғанын атап өту қажет, яғни олар ұзақ уақыт бойы қараусыз болған. Көбінесе қараусыз жүрген малдар жоғалады. Сондықтан қазір мәслихаттар Мал жаюдың қағидасын әзірлеуге құзы­ретті (мәслихаттардың шешімі бар­лық өңірлерде бекітілген). Ал қағи­даны сақтамағандар әкімшілік жауап­тылыққа тартылады (ӘҚБтК 408-бабы), – дейді М.Ахметжанов.