Өнер • 07 Желтоқсан, 2022

«Еуразия» кинофестивалі Алматыға қайта оралды

606 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2022 жылдың 12-18 желтоқсаны аралығында Алматыда XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Еуразия» кинофестивалі Алматыға қайта оралды

Биылғы жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы фестиваль серіктестерінің бірі. ҰКҚМО-ның көмегімен түсірілген 11 фильм «Еуразия» жұмысына қатысады.

Кинофестивальдің президенті атақты кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов болмақ.

- Пандемия кезеңінде көптеген мәдени шаралар тоқтатылды, фестивальдер, концерттер, кинотеатрлар жабылғаны баршаға мәлім. Бүгінде жағдай, әрине, өзгерді және екі жылдық үзілістен кейін біз «Еуразия» кинофестивалін қайта жандандырамыз! Фестиваль өзінің 1998 жылы негізі қаланып, алдыңғы фестивальдердің көпшілігі өткен - Алматыға қайта оралады, - дейді А. Әмірқұлов.

Фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҰҚКМО-ның көмегімен түсірілген Сәбит Құрманбековтің «Боран» фильмінің әлемдік премьерасымен ашылады. Картина халықаралық байқауға қатысады, онда одан бөлек 14 фильм бәсекеге түседі. Олардың ішінде Франция, Чехия, Түркия, Украина, Грузия, Ресей, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай картиналары және тағы бір киноорталықтың көмегімен түсірілген отандық туынды – «Ағайындылар» фильмі бар. Жас режиссер Дархан Төлегеновтың фильмі жақында Германиядағы Oldenburg International Film Festival беделді кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын алған болатын.

«Еуразияда» халықаралықтан бөлек тағы бір конкурстық бағдарлама – ұлттық байқау болады, оған соңғы екі жылда түсірілген 15 үздік отандық фильмдер енді.

Ұлттық байқауда Токио кинофестивалінде режиссура үшін сыйлық алған Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» картинасы, Берлинале-2022 Generation секциясында бас жулде жеңген Фархат Шәріповтың «Схема» атты киносы және көптеген халықаралық кинофестивальдерде көзге түскен Айжан Қасымбектің «От» фильмі секілді фестивальдік хиттер ұсынылған. Сондай-ақ мұнда киноорталықтың ең табысты туындысы Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі, биыл Қазақстаннан «Оскар» сыйлығына ұсынылған  Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі, Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиадашысы» және Азиз Заировтың «Мама, мен тірімін» картиналары көрсетіледі. Сонымен қатар бұл байқауда Серік Апрымовтың «Ауыл» фильмінің әлемдік премьерасы күтілуде. 

Конкурстан тыс «Ерекше оқиға» бағдарламасының көрсетілімдері болады. Онда әртүрлі дәуірлер мен жанрлардағы әлемдік кино қайраткерлерінің, соның ішінде мерейтойлық фильмдердің ретроспективалары ұсынылады. Сонымен бірге қазіргі заманғы қазақстандық қысқаметражды киноға арналған «Жаңа есімдерді ашу» бағдарламасы бар. Ол жерде 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 фильмінің көрсетілімдері өткізіледі. Бұл бағдарламада киноорталықтың тағы бір жұмысы көрсетіледі – ол Аруан Анартаевтың «Ыстық көл» қысқаметражды картинасы.

«Фестиваль құрылған сәттен «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасты. Бүгінде қазақстандық кинематография жоғарғы деңгейге жетті, сол үшін де оған жеке ұлттық байқау бөлініп отыр. Онда халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жеңіске жеткен фильмдер және де кең аудитория арасында табысқа кенелген картиналар да жарысатын болады», деп атап өтті фестивальдің бағдарламалық директоры, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікеева.

Фестивальдің басқа іс-шараларынан өндіріс сатысында тұрған отандық туындыларды ұсынатын Work-In-Progress бағдарламасын бөліп көрсетуге болады. Бұл әсіресе продюсерлер мен кинофестиваль таңдаушылары үшін қызықты болады. Сонымен бірге киноиндустрия шеберлерімен шеберлік сыныптары мен тренингтер өтеді. Әрине, қазылар алқасының мүшелерімен, фестивальдің шетелдік және қазақстандық қатысушыларымен «дөңгелек үстелдер»  мен баспасөз конференцияларын да өткізу жоспарланған.

Фестивальде үш қазылар алқасы жұмыс істейді. Белгілі өзбек режиссері және сценаристі Әли Хамраев халықаралық байқаудың қазылар алқасына төрағалық етеді. Оның құрамына қазақстандық-ресейлік режиссер Сергей Дворцевой, қырғыз режиссері, сценарист және продюсер Эрнест Әбдіжапаров, грузиндік режиссер Русудан Глурджидзе және қазақстандық режиссер Талғат Теменов кіреді.

Ұлттық байқаудың қазылар алқасын Латвиядан келген кинорежиссер және сценарист Лайла Пакалниня басқарады. Онымен бірге ирандық режиссер және сценарист Хана Махмальбаф, жапондық продюсер, режиссер және сценарист Сано Синдзю, болгар режиссері, сценарист, продюсер Милко Лазаров және қазақстандық кинотанушы, Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының мүшесі Олег Борецкий жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ фестивальде Азия киносын ілгерілету жөніндегі халықаралық желінің (NETPAC) қазылар алқасы болады. Оның құрамына Франциядан қазылар алқасының төрағасы ретінде Нада Азхари-Гийон және Тәжікстаннан Шарофат Арабова мен Қырғызстаннан Сұлтан Усувалиев кірді.

Фестивальдің ресми ашылу мен жабылу салтанаты Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Кино көрсетілімдерін Kinopark 16 кинотеатрынан (Forum сауда-ойын-сауық орталығы) көруге болады. Кіру тегін.