Футбол • 08 Желтоқсан, 2022

«Ерназардың сегізі» іріктелді

156 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі тағы бір сенсациямен аяқ­талды. 1/8 финалдың жетінші матчында Марокко Испанияны (2010 жылғы әлем чемпионы) пенальти сериясында тізе бүктіріп, өз тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігінің ширек финалына жолдама алды. Ал плей-оффтың соңғы бәсекесінде Португалия Криш­тиану Роналдудың көмегінсіз-ақ, Швейцарияның тас-талқанын шығарды – 6:1.

«Ерназардың сегізі» іріктелді

Осыдан төрт жыл бұрын Ресейде ұйымдастырылған әлем чемпионатының топтық кезеңінде Марокко Испанияны тобықтан қағып, плей-офф сатысына шығармай тастауы мүмкін еді. Алайда соңғы минуттарда Яго Аспас таразы басын теңестіріп, испаниялықтар доп айырмасының арқасында ғана келесі кезеңге бірінші орынмен шыққан еді. Ал Марокко болса, жалғыз ұпаймен В то­бында соңғы орында қалып қойған-тын. Бірақ Испания 1/8 финалда жарыс қо­жайындарынан пенальти сериясында же­ңіліп, ширек финалдан тыс қалған болатын.

Испания биылғы әлем біріншілігінде де төрт жыл бұрынғы тарихын қайталады. Олар алғаш доп айырмасымен плей-офф кезеңіне шыққан болса, 1/8 финалда Мароккодан пенальти сериясынан жеңілді. Сөйтіп, бұл жолы да Испания футболшылары ширек финалдан тыс қалды.

Марокко Қатардағы әлем чемпио­натын өте жоғары деңгейде өткізіп жат­қанын айта кету керек. Топтық кезеңде 2018 жылғы доданың екі жүлдегері – Хор­ватия мен Бельгия және 1986 жылдан кейін әлем­дік мундиалға бірінші рет қатысқан Канадамен бір топта ойнап, жеті ұпаймен өз тобында бірінші орынға ие болды.

Бір қызығы, африкалықтар турнир басталардан үш ай бұрын бапкер ауыс­тырып, футбол сарапшылары оларды аутсайдерлердің қатарына қосып қойған-ды. Бірақ 47 жастағы жаттықтырушы Валид Реграгий аз уақыттың ішінде барлық футболшыны бір мақсатқа жұмылдыра алды. Әдетте, мұндай құрамалар күтпеген жерде сенсация жасап жататын. Оны чемпионатқа қатысып жатқан бірнеше команда дәлелдеп берді.

Испания болса, топтық кезеңде Кос­та-Риканы ірі есеппен жеңіп, соңғы турда Жапониядан жеңіліп, әйтеуір жан­күйерлерін зеріктіре қойған жоқ еді. Ал 1/8 финалдағы Испания – Марокко матчы жанкүйерлердің ішін әбден пыстырғаны анық. Әрине, бір команда 90 минут бойы қорғанып, екіншісі қорғаныстың кілтін таба алмай, дені дұрыс шабуыл ұйым­дас­тыра білмесе, ондай ойында қан­дай береке болады дейсіз. Ақыры бірде-бір гол соғылмаған матчтың жеңімпазын ойын соң­ындағы пенальти сериясы анық­тап берді.

Луис Энрике осы матчың алдындағы баспасөз мәслихатында футболшыларына мың рет пенальти тепкізіп, футбол лотереясына әбден дайындағанын айтып еді. Бірақ жауапты сәтте «қызыл фурия» футболшылары тағы да ескі әдетіне басып, бұл жолы Мароккодан жеңілді. Испанияның үш футболшысы – Карлос Солер, Серхио Бускетс және Пабло Сарабия 11 метрлік нүк­теден мүлт кетсе, Тунистің жеңісті голын Мадридте туып, кезінде Испания құра­масына керек болмаған Ашраф Хакими соқты.

Португалия құрамасының бас жаттық­тырушысы Фернанду Сантуш Швей­цариямен болған ойында Криштиану Ро­налдуды қосалқы құрамда қалдырып, оның орнына ұлттық құрама деңгейінде аса тәжірибесі жоқ «Бенфиканың» 21 жастағы шабуылшысы Гонсалу Рамушты шығарғаны барша футбол маманын таң­ғалдырды. Сантуш швейцариялық әріптесі Мұрат Якинге осындай үлкен тосынсый дайындаған екен.

Матчқа дейін көпшілік Фернанду Сантуштың таңдауына тосырқай қарап, Португалия үшін алаңдаған еді. Әйтсе де, матчтың есебі Сантуштың тактикасы 100 пайыз жүзеге асқанын дәлелдеп берді. Ол Роналдуды алғашқы минуттан бастап алаңға шығармағанына еш өкінген жоқ. Қайта қуанышы басым болды. Маңызды ойында сенім білдірген шәкірті Гонсалу Рамуш жерге қаратпай, 67 минуттың ішінде бір емес, үш гол соғып, Португалияның қаһарманына айналды. Сондай-ақ матчтың 33-минутында есепті еселеген Пепе Португалия құрамасы сапында әлем чемпионаттарында гол соққан ең сақа футболшы атанды. Екінші таймда Пиреней түбегі елінің өкілдерінен Геррейру (55) мен Леау (90+2) бір-бір мәрте мергендік танытса, Швейцарияның жалғыз голын 58-минутта Аканжи салды.

Португалия құрамасы бесінші голын соққаннан кейін бас бапкер Сантуш үш гол соққан Рамуштың орнына Роналдуды шығарды. 37 жастағы футболшы гол со­ғуға әжептәуір ұмтылғанымен, қан­жы­­­ғасын майлай алмады. 83-минутта Криш­тиану Зоммердің қақпасынан са­ңылау тапқанымен, бас төреші гол ойыннан тыс жағдайда соғылды деп есептемей қойды.

Осылайша, Швейцария қақпасына алты гол соққан Португалия 10 желтоқсан күні ширек финалда Марокко құрамасымен ойнайтын болды. Бұл – Марокко үшін әлем чемпионатындағы бірінші ширек финал матчы болса, португалиялықтар осымен үшінші мәрте ¼ финал межесіне жетіп отыр. Сол күнгі екінші матчта 2018 жылғы әлем чемпионы Франция былтырғы Еу­ропа біріншілігінің вице-чемпионы Ан­глиямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Бүгінге дейін Франция мен Англия жасыл алаңда 31 мәрте жо­лығып, соның 17-сінде ағылшындардың мерейі үстем болған екен. Тоғыз матчта француздар жеңіске жетсе, 5 кездесу тең есеппен аяқталған.

Ал 9 желтоқсанға жоспарланған ширек финалдың алғашқы матчында Нидерланд – Аргентина, екіншісінде Хорватия – Бразилия құрамалары сынға түседі. Фут­­бол жанкүйерлерінің есінде болса, Ни­дерланд пен Аргентина 2014 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында кездесіп, Оңтүстік Америка құр­лығының өкілі матч соңындағы пенальти сериясында жеңіске жеткен еді. Енді Луи ван Галь шәкірттері бұл ойында есе қайтаруды көздейтіні анық. Бірақ бас жүлде үшін келген Мессидің сегіз жыл бұ­­рынғы жеңісін қайталағысы келетіні тү­сінікті.

Бразилия мен Хорватия әлем чемпионаттары тарихында осымен үшінші мәрте кездескелі тұр. Алғашқы екеуі топ­тық кезеңі аясында өтсе, бұл жолы ширек финалда жолдары түйісті. 2006 жылы Гер­манияда ұйымдастырылған бірін­шілікте Бразилия құрамасы хорваттарды 1:0 есебі­мен тізе бүктірген болса, 2014 жылы өз елін­де өткен додада 3:1 есебімен же­ңіс­ке жеткен еді.