Өнер • 07 Желтоқсан, 2022

Мұң мен қуаныштың айнасы

459 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Уақыт пен кеңістік жоқ әлемде адами құндылықтар мен сезімдерді сақтап қалу, жансыз сурет болудан қашу, шынайы өмірдің мән-мағынасын түсіну, көз жанарындағы миллиондаған түстер мен суреттер арпалысы. Егер адам ғайыптан осы кеңістікке еніп кетсе не болар еді? «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» эксперименттік драмасы тұңғыш рет Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында сахналанды.

Мұң мен қуаныштың айнасы

Облыстық театрдың ұжымы премьералар аптасын өткізді. Алғашқы күні актерлер Н.Птушкинаның «Күзгі махаб­бат» сатиралық комедиясын, одан соң жас драматург Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» атты экспе­ри­менттік драмасын және соңғысы А.Воло­диннің «Кездесу мен қоштасу» пси­хо­логиялық драмасын ұсынып, көрер­мендердің зор қошеметіне ие болды.

Жанрлары үш түрлі, қоғамдағы түрлі мәселелерді қаузайтын спектакльдер аншлагпен өткенін байқадық.

Керекулік қоюшы режиссерлер мен актер­лердің өнерін өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұр­пейіс және өнер магистрі, аталған ака­демияның аға оқытушысы Айжан Ахмет арнайы келіп көріп, кәсіби тұрғыдан баға берді.

ппп

– Әрине, бірден үш шығарманың премьерасын өткізу оңай шаруа емес. Мұндай қадамға актерлік құрамы мықты театр ұжымы ғана тәуекел етіп барады. Бір мезетте қатарынан үш бірдей жаңа қойылымның тұсауын кесуі еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға десек, артық айтқандық емес. Жалпы, Арман Темірбекұлы осы театрға директор болып келгеннен бастап мәдениет ордасының жаңа тынысы ашылып, тың ізденістерімен көзге түсіп жүр. Айта­лық, оның тікелей басшылығымен театр соңғы жылдары республикалық фестивальдеріне белсене қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Ол жас режиссерлерге қолдау көрсетіп, «премьералар апталығын» өткізуді құптағандықтан да бүкіл ұжым бұл іс-шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмыла кіріскені байқалды. Әр қойылымнан кейін кәсіби театр сыншыларының пікірін тыңдап, ой бөлісті. Шығармашыл ұжымның шеберлік шыңдауға деген ұмтылыстары мен бүгінгі театр үдерісінен қалыспауға деген таудай талаптары олардың тың ізденістерін паш етеді, – дейді Б.Нұрпейіс.

Театр сыншысы жанр ерекшелігіне терең үңілу, сөз астарын ашу мен сөйлем салмағын байыптау, актерлерге кейіпкер даралығын ұғындыру мәселесі үш режиссерде де кемшін түсіп жатқанын тіз­беледі. Айталық, Н.Птушкинаның «Күзгі махаббатында» Софья Ивановна рөлін ойнаған Қарлығаш Жексембаева­ның бейне түзудегі ойлылығы, кейіпкер­дің жан дүниесіндегі арпалыстарды дауыс мақамын құбылта отырып жеткізуі оның актерлік техникасының мықтылығын көрсетеді. «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» спектаклінде жас актерлер өз­де­рінің пластикалық икемділіктері­мен көз­ге түсті. Ал «Кездесу мен қоштасу» қо­йылымындағы бұрын талай рөлдерде ойнап, әбден ысылған сахна майтал­мандары Б.Шәнім, Г.Омарова, Д.Әділ, Г.Қайырбекова, Қ.Мұсанова өз кейіп­кер­лерінің жан дүниесіне терең бойлап, көрер­мендер санасына салиқалы ой сала білді.

Бұған қоса жас буын актерлердің ойынында кейіпкер жанының қыр-сырын, ой толғамдарын, ішкі сезімдері мен тебіреніс­терін психологиялық дәлдікпен жеткізу олқы түсіп жатқанын, алдағы уақытта жас актерлер рөлмен жұмыс істеуге жауап­кершілікпен қарап, кәсіби тұрғыда шың­дала түссе көп ұтар еді деген ойын қосты.

фыф

Ал Айжан Ахмет Павлодар облыстық театры бүгінгі күн сұранысына жауап бере алатындай шығармашылық ізденіс үстінде екенін атап өтті. Премьералар апталығы – өнер ұжымының жаңалық пен жаңашылдыққа ұмтылысы.

– Үш қойылым, үш режиссер, театр­дың барша актерлік құрамы жұмыл­ған. Бұл театрдың бүгінгі мүмкіндігін көрсетіп отыр. Апталық аясында көр­ген қойылымдарымыз өзінің режис­серлік шешімдерімен, сахналық безенді­рілуімен ерекшеленді. Режиссер Е.Қау­ланов сахналаған «Күзгі махаб­бат» қойылымында көрерменнің сезім қылын тебірентерлік спектакль жасауға ұмтылысы басымырақ. Жаңа жыл қар­са­ңындағы оқиғаны арқау ететін бұл шығарма әр кез өзінің өзектілігін жо­ғалтпақ емес. Ал М.Қосынның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» драмасы адам жанының кеңістікте өзін іздеуіне не­гізделген. Режиссер Ж.Садықов дәстүрлі шешімдерден қаша отырып, жаңа фор­ма табуға талпыныс жасағаны қуантады.

Әртүрлі жанрдағы спектакльдер бү­гінгі күн талабынан туындап отырға­ны белгілі. Алдағы театр фестивальдерін­де аймауытовтықтардың жарқ етіп көрі­ну­ге мүмкіндіктерін көріп отырмыз, – дейді ­театр сыншысы.

Өнертанушылар дәл қазіргі кезде керекулік театр қоржынында әлемдік клас­­сика мен заманауи пьесалар жеткілікті екенін байқапты. Еліміздің өткен тарихынан сыр шертетін тарихи дүниелер, ұлттық классикалық пьесалар да бүгінгі заман талабына сай қойылып отырса, актерлер­дің шеберлігін шыңдауға үлкен мектеп болары сөзсіз. Осыдан он шақты жыл бұ­рын опера, оперетта мен музыкалық спектакльдер бұл театр репертуарының сек­сен пайызын құраған екен. Заманмен үндес­кен ұлттық классика жаңаша интерпрета­ция тауып жатса, бұл тек ұжымның емес, жалпы қазақ театр өнерінің жетістігі болмақ.

ПАВЛОДАР