Сұхбат • 08 Желтоқсан, 2022

Қазақ киносы әлемге таныла бастады

436 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ киносын түп-тамырымен танитын және ол жайлы бәрін білетін бір тұлға болса, ол – Гүлнар Әбікеева. Жетекші отандық кинотанушы, өнертану докторы, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті, Қазақстан және Орталық Азия кинематографиясы туралы он екі кітаптың және топтама жинақтарда, альманахтарда, журналдарда, интернет-порталдарда үзбей жарияланатын жүздеген мақаланың авторы, Кино саласындағы баспасөз өкілдері халықаралық қауымдастығының (ФИПРЕССИ) және Азия киносын ілгерілету ұйымының (НЕТПАК) мүшесі, көптеген халықаралық кинофестивальдің қазылар алқасының мүшесі. 2005 жылдан бастап оның кәсіби тағдыры «Еуразия» кинофестивалімен қатар өріліп келеді – өткен кинофестивальдердің көпшілігінде ол арт-директор міндетін атқарды. Ал биыл XVI «Еуразия» ХКФ бағдарламалық директоры ретінде бірнеше сауалымызға жауап берді.

Қазақ киносы әлемге таныла бастады

– Гүлнар Ойратқызы, пандемия­ға байланысты екі жылдық үзіліс­тен кейін қайта оралған «Еуразия» кино­фестивалінің жаңалықтары туралы әңгімелесеңіз...

– Кинофестивальді екі жыл қатары­нан өткізе алмағанымызға іштей қина­лып жүретін едік. Ауқымды шараның үлкен мерзімде үзіліс алуы өте өткір мәселе. Егер биыл «Еуразия» өткізілмесе, әлем мәдени кеңістігіндегі біздің орнымыз ойсырап қалар еді. «Еуразия» – аймақтың жетекші фестивалі. Ендеше, жиырма жыл бойы орасан зор еңбек­пен жиналған мәртебені сақтағанымыз, әлемге қызықты болудың жолдарын іздегеніміз жөн. Бастысы, біздің кино туралы мүмкіндігінше көбірек айтып, жаһандық деңгейдегі насихатын жүргізуден жалықпауымыз керек. Біздің кинофестивальдің мақсаты да, міндеті де осы.

– «Еуразия» кинофестивалі 16-рет өткізілгелі отыр. Бұл мерейтой болма­са да, белгілі бір мағынада маңызды күн: осы жастағы адам жеке куәлік алады, егер қаласа, төлқұжат пен жүргізуші куәлігінің де иесі бола алады. Яғни ол кәмелетке толу жолындағы бірінші кезең. Осындай кезеңді артқа тастаған «Еуразия» сияқты кинофестивальдің пайда болуы қазақ киносына қандай пайда әкелді?

– Кинофестиваль шымылдығы 1998 жылы түрілді, осы уақыт аралығында «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас бір буыны қалыптасты. Оларды «Еуразия буыны» деп атасақ та жарасады. Егер 2000-жылдардың басындағы фестивальдерде «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» бағдарламасы болса, бүгінде Қазақстан кинематографиясы жоғары деңгейге жетіп, біз фестивальге жеке ұлттық конкурсты енгіздік. Онда халықаралық кинофес­тивальдерге қатысқан және жеңген фильмдер де, кең аудиторияда сәтті шық­қан картиналар да тартысқа түседі. Қазақстан киносының бүгінде әлем­нің барлық ірі кинофестивалінде көр­сетілуі таңғаларлық емес пе! 2022 жы­лы Берлиндегі кинофестивальдің Generation бағдарламасында Фархат Шәріповтың «Схема» картинасы жеңіске жетті, Венецияда Әділхан Ержановтың «Голиаф» және Эльдар Шибановтың «Тау пиязы», Токиода Дәрежан Өмір­баев­тың «Ақын» және Эмир Байғазин­нің «Өмір» фильмдері көрсетілді. Және бұл то­лық тізім емес. Қазақстанда да әлемдік бәсекеге қабілетті кино түсіретін уақыт әлдеқашан жетті. Біздің ұлттық байқауы­мызға көпшілік қауым әлі қызыға қарайтын болады.

– «Еуразия» фестивалі жыл сайын­ дамып, жаңа қырынан танылып келеді. Жаңа фестиваль бұрын­ғы­лардан қалай ерекшеленеді және ұйым­дастырушылардың қатысушылар мен қонақтарға әзірлеген тосынсыйла­ры бар ма?

– Биылғы «Еуразия» кинофестивал­і­­­­нің өткен шаралардан басты айырма­шы­­лы­­ғы – ұлттық байқау өтетінін атап өттім. Бұл бағдарлама көптеген кинофес­тивальде, мысалы, Грекияда бұрыннан бар. Көрермендер халықаралық байқауды тамашалап қана қоймай, ұлттық байқау­дың нәтижелерін күтеді, бұл кез келген кинофестивальдің мерейін екі есе арттырады.

– Әлемдік жұлдыздар фестивальге келетінін растады ма, қандай да бір маңызды тұсаукесерлер бола ма?

– Жұлдыздардың келу-келмеуі, әдет­тегідей, фестиваль ашылатын уақыт қар­саңында белгілі болады. Аустралияда жақында ғана «Азия Оскарын» жеңіп алған картинаның біздің фестивальде көрсетілетінін нақты айта аламын. Бұл – Ақтан Арым Кубаттың «Есімде» фильмі. Сондай-ақ Венеция мен Канн­да жүлдегер атанған еуропалық және азиялық жұмыстарды таныстыратын қонақтар да келеді деп отырмыз.

– Егер «фестивальдің ішінде фес­тиваль» өткізілсе, яғни «Еуразия» бай­қауына қатысқан ең жақсы фильм­дер таңдалатын болса, ал сіз қазылар алқасының мүшесі болсаңыз, «ТОП-10» тізімі сіздің жеке көзқарасыңызбен қалай түзілген болар еді?

– Мен оннан бірге дейін тізіп көр­сетпей-ақ қояйын, тек сүйікті кинокартиналарымды атап өтейін: Ақтан Арым Кубаттың «Бешкемпир» (Қырғыз­стан), Мохаммад Расулофтың «Темір арал» (Иран), Томас Винтербергтің «Аңшылық» (Дания), Серік Апрымовтың «Бауыр» (Қазақстан), Ким Ки Дуктың «Керілген адырна» (Оңтүстік Корея), Нана Эквтимишвилидің «Гүлденуде» (Грузия), Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Көктемнің алғашқы нөсері» (Қазақстан), Гела Баблуанидің «Он үш» (Грузия), Юсуп Разыковтің «Гастарбайтер» (Өзбекстан), Сергей Дворцевойдың «Қыз­ғалдақ» (Қазақстан) фильмдері. Бұл фильмдерде киноға қойылатын басты талап: көркемдік, санаға қозғау салатын жаңалық, терең ой бар.

– Биылғы жылы кино әлеміндегі беделді фестивальдердің біразы дүр­кіреп өтті, соның ішінде Канн, Венеция, Берлин фестивальдерінің дүбірі әлі құлағымызда. Пандемия жылдарында, мысалы, Венециядағы фестиваль кейінге шегерілмеді, ал Канн фестивалін бір рет – 2020 жылы өткізуден бас тартты. Сіздің ойы­ңызша, жер шарының басты кинофорумдары «Еуразия» өткізілмеген соңғы екі жыл уақыт аралығында қандай үрдістерді анықтады?

– Жалпы, пандемия киноға айтар­лықтай әсер етті – үрдістер (мысалы, артхаус) пессимистік сипатқа ие болды. Биыл мен Карловы Вары кинофестивалінің қа­зылар алқасының мүшесі болдым және ұсынылған жұмыстардың қаншалық­ты депрессивті екеніне таңғалдым. Бір жағынан, бұл түсінікті де. Әлем халқы үйлерінде қамалып, оқшау өмірдің шектеуіне тап болды. Екінші жағынан, маған энергия жинақталуы керек сияқты көрінді, сонда ғана кино бұл түнекті өз «жарығымен» жарып шыға алады. Әзірге ондай ешнәрсе байқалмады, алда не болатынын көрейік.

– Қазір халықаралық кинофестивальдер тек ерекше қойылым мен арнайы эффектілер арқылы өзіне назар аудартатын коммерциялық кино теңізінен авторлық фильмдерді құтқаратын маңызды орынға айналды. Көптеген сарапшы «алдағы уақытта кино жоғары өнер ретінде кинотеатрдан кетіп, өз орнын тек теледидар мен Интернетте сақтайды» деген тұжырым білдіруде. Жалпы, көрерменнің, егер мүмкін болса, «жалпыға ортақ емес» фильмдерге деген қызығушылығын қалай жан­дан­дыруға болады немесе бұл тек риторикалық сұрақ па?

– Бүгінде барлығы дерлік Интернет немесе стриминг алаңдар арқылы қол жетімді болғандықтан, фестивальдер, ең алдымен, бағыт-бағдар берушінің міндетін атқарады. Осының нәтижесінде көрермен тек ойын-сауық бағытынан бөлек шынайы өмір мен өзіндік кино тілі бар туындыларды таниды. Осы қағида бойынша біз интеллектуалды, сапалы, ойластырылған, жан мен жүрекке әсер ететін киноны ұсына отырып, өз бағдарламамызды құрамыз.

– Сіз қазақ киносының бүгінгі жай-күйі туралы әңгіме қозғадыңыз. Соңғы уақытта тағы қандай қызықты фильмдер шықты және халықаралық кинематографиялық қоғамдастық пен ынтымақтастық қалай дамып келеді, бірлесіп шығарылатын жаңа жобалар бар ма?

– Қазір біздің көз алдымыздағы қазақ киносы бұрын-соңды болмаған өрлеу үстінде. Өкінішке қарай, бұл жоғары сапалы кино кинопрокатта көрінбейді. Себебі прокаттаушылар ойын-сауыққа бағытталған, орташа сападағы фильм­дерге көп назар аударады. Сондықтан «Еуразия» кинофестивалі көрермендер­ді, шетелдік журналистер мен кино­фестивальге фильм іріктеушілерді қазақ киносының негізгі жетістіктерімен таныстыруды өз міндетіне алады. Көпте­ген мысал бар. Сәбит Құрманбеков­тің «Боран» картинасы – патриотизм мен геосаясат туралы байыпты ойды жеткізеді. Дархан Төлегеновтің «Аға­лар» картинасы – библиялық астарлы әңгімемен шектесетін әлеуметтік драма. Фархад Шәріповтің «Схемасы» – жас­тар арасындағы жезөкшелік мәселесін көтеретін психологиялық туын­ды. Әділхан Ержановтың «Оқу ізде­ген Адемока» фильмі білім адамның ер­кіндігі мен тәуелсіздігіне қалай әсер ете­тінін баяндайды. Жалпы, қазақстан­дық кино, меніңше, әлемдік кинофес­ти­вальдерге лайықты ұсынылып отыр және өте жоғары беделге ие. Бірақ ко-өнім­дер, яғни шығармашылық одақтас­тық­тан туған бірлескен жобалар әлі де жеткі­ліксіз, бұл да «Еуразияның» қалып­тас­­қан үрдісінде үзіліс болып, екі жыл бойы өткізілмеуінің салдары.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 АЛМАТЫ