Қоғам • 08 Желтоқсан, 2022

Аңызға бергісіз ғұмыр

421 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақта мына дүниенің өтпелі екендігін білдіретін «Бес күндік жалған өмір» деген сөз бар. Жас кезімізде бұл сөздің мән-мағынасына онша тереңдей қоймағанбыз. Кейінгі екі-үш жылда алдымыздағы ағаларымыз, бірге жүрген достарымыз, әріптестеріміз бақилық болғанда бұл сөзді өзіміз де қолдана бастадық. Жоғары мектептің көрнекті ұйымдастырушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайыновтың о дүниелік болғаны туралы жайсыз хабарды естігенде шынымен жалған өмірде тіршілік кешіп жүргендей сезіндік. Өйткені төрт-бес күн бұрын ғана ұялы телефон арқылы хабарласып, бір мәселе бойынша ақылдасып едік. Сонда дауысы жарқын, ашық болатын, еш аурудың ізі байқалмай тұрды. Ол биыл көзі тірі болса, 80 жасқа толар еді.

Аңызға бергісіз ғұмыр

Амангелді Құсайынов ел тәуел­сіздігінің алғашқы жылдары­нан бастап жоғары білім мен оны ұйымдастыру саласында басшылық қызметте болып, ғибратты ғұмыр кешті. С.Сей­фуллин атындағы Ақмо­ла университетінің ректоры, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­ситетінің алғашқы рек­торы, Қазақстанның Жоғары аттес­тация­лық комитетінің төрағасы, Ы.Ал­тынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті, одан соң дүниеден қайтқан күніне дейін Еуразия гуманитарлық инсти­туты­ның ректоры қызметін абыроймен атқарды.

Профессор А.Құсайыновтың тұлғалық болмы­сы­ның ерекше байқалған тұсы – Ақмоланың елордаға айналып, еліміздің саяси-әкімшілік орталы­ғының Астана қаласына қоныс аудар­ған кезі-тін. Қаладағы пединститут «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» деген атауға ие болып, жаңа бас корпус салынды. Құрылыс толығымен біткенше ректор құрылысшылармен бірге оның басы-қасында жүрді. 

Тарихшы-ғалым Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауы­лында дүниеге келген. Әкесі Құ­сайын, атасы Қойбақ – текті әулеттен. Қой­бақтың бауыры – Байзақ, ал оның жалғыз ұлы Исаның есімі исі қазаққа танымал. Әбекеңнің әңгімені ма­йын тамыза айтатыны, мақал-мәтел қосып сөйлеуінің себебі осындай тектілігінен болса керек. Әкесі 1942 жылдың соңында майданға шақы­рылып, әскери комиссариаттың тек­серуінен соң «халық жауы» атанып, майданға емес, 58-баппен сотталып, түрмеге айдалады. Түрмеден 1957 жылы ғана оралады. Әбекең: «Әкемді түрмеден оралғаннан кейін 15 жасымда көрдім» деп айтатын. Отбасындағы бар ауыртпашылық анасы Үнзиланың мойнына түседі. Жалпы, Әбекең әкесі жөнінде тым қысқа қайырса, анасы туралы әңгіме айтудан еш жалықпайтын. «Анам арабшаға өте зерек, мұсылманша хатқа жүйрік болатын. Жүрегі кең, қолы ашық, адалдық пен тазалықтың эталоны еді. Адамгершілікке, әділдікке, кішіпейілділікке, жетім-жесірге, жалғызға қол ұшын беруге, біреудің ала жібін аттамауға мені жарықтық анам үйретті. Менің үлкен мектебім, тек-тәрбием – сол кісіден», дейді бір әңгімесінде.

Екеуара әңгіме кезінде анасына қатысты көпшілікке беймәлім мына­дай жағдайды баяндап еді: «Шешемнің түбі – парсылық, әке­ле­рі не аталары осында қалып қой­ған. Менің шешемнің ең жақын бауыр­ларының бірі өткен ғасырдың 60-жылдары Иран шахының жеке күзетінің басшысы, не басшының орынбасары болған. Әскери атағы бар екен. Сол шешемді іздеп тауып, Иранға шақырту жіберіпті. Анам атажұртында бір-екі ай болып қайтты. Келгеннен соң жеке әңгімесінде: «Сонда қалар едім, айналайын, сен үшін қайтып оралдым», деп айтқаны есімде қалыпты».

Соғыстан кейінгі жылдар да Әбекең үшін оңай болмайды. «Халық жауының» баласы мектепте де, көшеде де шеттетуді көп көреді. Қанша қақпақыл көрсе де оқуда озат болып, 7 жылдық Үлгілі ауыл мектебін тәуір бағамен бітіреді. Кейін Павлодар қаласындағы педагогикалық училищеде оқиды. Оқып жүріп спортпен шұғылдана бастайды. Арғы тегіндегі батыр бабаларының қайсарлығы мен өжеттігі, өзінің еңбексүйгіштігі мен табандылығының арқасында классикалық күрестен он сегіз жасында КСРО спорт шебері атағын иеленеді. 1960 жылы училищені үздік аяқтап, еңбек жолын Ертіс ау­да­нының Суворов атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұға­лімі болып бастайды. Бір жылдан соң туған ауылы Үлгіліге ауысып, жетіжылдық мектепте ұстаздық қызметін жалғастырады.

Екі жылдан соң Әбекең жоғары білім алу үшін Алматыға келіп, қазір­гі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне қабыл­да­нады. Екінші курста әскер қатары­на шақырылып, Вьетнамдағы қақты­ғысқа қатысады. Оның еріктілер ретін­де Вьетнамдағы соғысқа қатыс­қаны өте құпия түрде қатталып, ол жө­нінде жақ ашпау туралы қолхат берген. Содан бері жарты ғасырдай уақыт өтсе де, «интернационалдық парызы» туралы айта бермейтін.

Әбекең әскерден оралған соң, оқуын қайта жалғастырады. Сол кезде болған мынадай бір оқиғаны айтып беріп еді: «Әскерден кештеу оралдым. Сабақ басталып кетіпті. Құжаттарымды өткізіп, жатақханадан орын алайын деп деканға барсам, орынның бәрі бөлініп қойған. Қалада жақын ағайын-туыс жоқ. Кешке дейін анда жүгіріп, мұнда жүгіріп, ештеңе шығара алмай, басым салбырап, қайда барарымды білмей тұрғанда, факультет деканы, доцент Әбдіғани Шөпеков ағайымыз «жүр менімен» деп ертіп алды. Үйіне алып барып: «Саған жатақханадан орын алып бергенше осында боласың», деді. Жатақханадан орын тигенше деканның үйінде жаттым». Осы оқиғадан кейін Әбекеңнің ең жақсы көрген және өмір бойы сыйлаған адамының бірі осы Әбдіғани ағайы болды. Ұстазын бір ауыз сөзбен: «Ол – адамгершіліктің ең жоғары эталоны» деп бағалайтын.

1969 жылы Әбекең университетті қызыл дипломмен бітіріп, Алматы Мемлекеттік медицина институтына оқытушылық жолдама алады. Бір жылдан соң Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетіне қызметке шақырылады. Үш жыл партия жүйесінде еңбек еткенімен, аңсары ғылымға ауады да тұрады. Сөйтіп, тарих факультетінің аспирантурасында оқып, бітірген соң кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Осылайша, оның ұстаздық жолы басталып, университетте аға оқытушы, доцент, проректор қыз­метін атқарады.

Әбекең өміріндегі үлкен бір белес – ҚазМУ ректоры, академик Өмірбек Жолдасбековтің тұсында проректор болған кезеңі. Оның бойындағы ерекше қасиеттерді көре білген ректор аса жауапты салаларды сеніп тапсырады. Сондай саланың бірі – қабылдау комиссиясының жауапты хатшылығы еді. Әбекең өміріндегі ең бір елеулі күндер мен сәт­тер хатшылық міндетті атқарған кездің еншісіне тиесілі. Соның бірі – төмендегі оқиға. Құжат қабылдаудың уақыты аяқталып, қызметкерлердің бәрін үйлеріне қайтарып, өзі ең соңынан оқу ғимаратынан шығып келе жатса, сыртқы есік алдында бір бала құжаттарын қабылдау туралы өтініш білдіріпті. Әбекең әрі ойланып, бері ойланып, бұрынғы жастық шағы еске түсіп, кабинетіне қайта оралады да, баланың құжаттарын заң факультетінің сырттай бөліміне қабылдайды. Кейіннен сол балаң жігіт оқуға түсіп, оны бітіріп, прокуратура саласында жемісті қызмет етті.

ҚазМУ-ды Өмірбек Жолдасбеков басқарған жылдары студенттік құры­лыс отрядтары қарқынды жұмыс істеді. Ұстазынан Әбекең де көп нәрсені үйренеді. Кейіннен өзі де ректор болған кезде ұстазының адалдық, тазалық, ұйымдастырушылық, адаммен қарым-қатынас жасау секілді қасиеттерін үйренгенін жиі еске алып отырады. Алматыдағы ҚазҰУ қала­шығының салынуында Әбекеңнің де қолтаңбасы бар.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде Амангелді Құсайынов ҚазМУ-дың проректоры болатын. Жел­тоқсаннан кейінгі Орталықтың тапсырмасымен басталған биліктің жазалау шаралары оны да айналып өткен жоқ. Студент жастардың алаңға шығуына тікелей себепші болғандар деген желеумен, ректордан бастап барлық оның командасы қуғынға түсті. Әбекеңнің айтуына қарағанда, ол сол күндері өзінің докторлық диссертациясын талқылаудан өткізіп, қорғауға да­йындалып жүріпті. Авторефератын шығарып, қорғайтын күні де белгі­леніп қойылған. Қорғамақ түгілі басы бәлеге қалып, проректорлық жұ­мыстан босатылады да, тарих фа­куль­тетіндегі бір кафедраға методист қызметіне бұйрық шығарылады.

Он шақты күннен кейін бұйрық өзгертіліп, «ғылым бойынша доцент» деген қызметке ауыстырылады. Бұл лауазым басқаша айтқанда, «студенттерге дәріс оқуға, тәрбие жұмысын жүргізуге тыйым салынған ғылыми қызмет». Сол кездегі қорлықты, тағы да шеттетуді басынан өткерген Әбекең мойымайды. Керісінше, өзін қайрап, шыңдай түседі. Дәл осы қиын күндері ол «Өмірде өзін-өзі жеңген адам ғана жеңіске жетеді», «Биікке шыққысы келген адам әрқашан да өзіне баспалдақ табады», «Өміріңде бас иіп, ешкімге жетімсіреме, сәтсіз­дік үшін ешкімді кінәлама, ешкімнің алдында жарамсақтанып ақталма», «Өмір үшін күресу – әр адамның міндеті», «Асыл тас – су түбінде, оны алу үшін тереңге сүңгуің керек», «Өмір – арман, арманы жоқ адам – қанатсыз құс» деген мақал-мәтелдерді қойын дәптеріне жазып алады да, сеніміне тірек етеді.

1987-1991 жылдар Әбекең үшін қиын күндер болды. Қайсар мінезді кісі бұл уақытты асқан төзімділікпен, сабырлықпен өткізеді. Қос қарлығашы – Ғалиясы мен Балқиясы Ленинград көркемсурет училищесіне оқуға түсуге барғанда, пәтер жалдауға, репе­тицияға, т.б. қажеттілік үшін ешкім­ге айтпай, училище аумағында сыпырушы болып жұмыс істегенін ешкім біле бермейді. Кешегі университет проректорының училище аумағында сыпырушы болуы ақылға сыймайтын нәрсе болса да, Әбекең біреуге қол жаймау үшін осындай қадамға барады.

Еліміздің тәуелсіздік алуы бүкіл қазақ жұртының бағын ашқаны секілді, Әбекеңнің де жолы оңғарыла бастады. Докторлық диссертациясын сәтті қорғап, профессор атанды. Сол кездегі Целиноград қаласындағы педагогикалық институттың ректоры болып тағайындалды. Профессор А.Құсайыновтың тұлғалық болмы­сы­ның ерекше байқалған тұсы – Ақмоланың елордаға айналып, еліміздің саяси-әкімшілік орталы­ғының Астана қаласына қоныс аудар­ған кезі-тін. Қаладағы пединститут «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті» деген атауға ие болып, жаңа бас корпус салынды. Құрылыс толығымен біткенше ректор құрылысшылармен бірге оның басы-қасында жүрді. Ұстазы академик Ө.А.Жолдасбековтен үйренгеніндей, ең басты жауапкершілікті мойнына алып, ғимараттың құрылысы мен сәулетіне, әрбір кезеңнің дер кезінде аяқталуына күш салды. Ол кезде Қазақстанның бас қаласына келген шетелдік жоғары мәртебелі қонақтардың бағдарламасына универ­ситеттегі кездесу жоспарланатын. Сол жылдары Әбекең талай шетелдік президент пен премьер-министрді қарсы алып, ұлтының қонақжайлық қасиетін көрсеткен.

Профессор А.Құсайынов тәуел­сіз қазақ еліндегі ғылыми кадрлар­ды даяр­лау ісінде де шебер ұйым­дастырушы және принципті басшы ретінде зиялы қауым арасында таны­мал болды. Бес жылдай Жоғары аттес­тациялық комитетті басқарды. Сол жылдары қай мамандық түрінде болсын нашар диссертациялық жұ­мыс бекімей, кері оралатын. Мұн­дай­­да қандай да бір қысым түріне қара­мастан шынайылық пен прин­цип­шілдікті басты қару еткен Әбекең бар жауапкершілікті өз мойнына алды.

Ел қадірлеген Әбекеңнің аңыз адамға лайықты тағы бір ерекшелігі – мақал-мәтелдерді керемет білетіндігі. Тіпті оның кейбір тәрбиелік си­паттағы мақалалары мен берген сұхбаттарының атауы мақалмен түйінделетін. «Дарияға ат салмай тұрып, өткелін тап» («Айқын», 27 қыркүйек 2017 жыл), «Өткен – өреуіл, қалған – салауат» («Жас қазақ», 2 желтоқсан 2017 жыл), «Саналы адам сағыңды сындырмайды» («Алматы ақшамы», 10 ақпан 2018 жыл), «Өзін-өзі жеңген адам ғана жеңіске жетеді» («Нұрлы таң», 22 ақпан 2018 жыл) деп осылай жалғаса береді. Әбекеңнің мақалаларындағы ойлар мен пікірлерден өмірлік тәжіри­бені,  ұстаздық пен абыздық қасиеттерді байқайсыз. Ал оның сұхбаттарындағы мақал-мәтел­дердің молдығы, орынды қолданылуы талайға өнеге болары анық.

Қарап отырсам, Әбекеңнің бойын­дағы дәлдеп турасын айту, шешендік ата-тектен берілген қасиет сияқты. Атақты ақын Иса Байзақовтың сөзге шешендігінің бір ұшы онымен немере туыс Әбекеңе де дарығаны анық. Әбекеңнің арғы ата-бабаларының бірі намысын қолдан бермей ел қорғап, жауға қарсы шапса, екіншілері алқалы жиындарда сөздің дәмі мен шырайын келтіре сөйлесе, солардың бір ұрпағы Әбекең де сол өнердің екеуі де ұштасқан деуге толық негіз бар. Міне, осы қасиеттер оны аңызға лайықты тұлғаға айналдырады.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы

кафедрасының меңгерушісі