Бұл фото ресейлік цирк және эстрада жанрының насихаттаушысы Ruscircus.ru сайтына жарияланыпты. Жәдігерді әлеуметтік желіде журналист Серікбол Хасанның парақшасынан байқап қалдық. Ізінше аталған сайттан бұл фотоларды біз де көрдік.
Бұл жерде мына суреттен басқа Қажымұқан атамыз шығыстың алажолақ кең шапанын киіп алған, басында қара тақия, өң бетіне бірнеше медаль жапсырған жалпақ мата-белдікті оң иығына айқара асып, екінші ұшын оң жамбасына түйістіре байлаған және шықшытымен қосып қаба сақал өсірген екі түрлі бейнесі бар.
Балуан атамыздың бұл суреттерін ресейлік сайтқа жариялаған бакулік цирк фотографы, коллекционер Лев Кварц деген адам екен. Фото бұл адамның қолына қалай түсіп жүр дегенге келсек, Челябі циркінің қызметкерлері цирк әртісі, балуан Федор Коровко-Бесарабовтың құжат сақтаған шабаданын тауып алыпты. Сөйтіп, олар бұл топтаманы қадірін білетін коллекционер Лев Кварцқа сыйлаған. Ruscircus.ru сайтына жарияланған фотолардың бәрі осы шабаданнан шыққан дүниелер көрінеді.
Ал мына жарияланып отырған фото-бейнеде Қажымұқан мен Карл мата жабылған кішкентай дөңгелек үстелде қолдарына стакан мен бөтелкені шеңгелдеп отыр. Байыбына бармаған адам «бұлар шарап ішіп отыр-ау» деп қалуы мүмкін. Шын мәнінде, олай емес. Ол кезде фотосалонда қолына арнайы бутафориялық аксессуарлар (шарап, стақан, т.б) ұстап отырып түсу әдет болған.
«Бұл фото – сирек кездесетін құнды сурет. Осыны тауып, көпшілік назарына ұсынып жүрген Серікбол Хасанға рахмет. Атағы жер жарған әйгілі балуан тападай тал түсте «бодиян» бөтелкені ашып қойып, шарап «ұрып» отырғаны, шынында, біртүрлі. Бірақ бұлар – шын шарап емес, фотосалондарда арнайы тұратын заттар. Мұны аға буын өкілдері жақсы біледі. Кейбір фотографтар бертінге дейін пайдаланып келді. Бажайлап қарасаңыз, мына суретте балуандардың басына киген төбетейі де сол фотосалондікі», дейді жазушы Құлтөлеу Мұқаш.
Осы орайда «Карл Томбергі кім?» дегенге тоқталсақ, ұлты эстон екені анық жазылып тұр. Қажымұқан дәуірінде дүние жүзіне әйгілі балуандар арасында эстон жігіттерінің бәсі мығым болғаны анық. Бұлардың көш басында керемет күш иесі Георг Лурих (1876-1920) тұрды. Бұл алып французша күрестен екі дүркін әлем чемпионы атанса, келесі бір мықты эстон жігіті – Клейн Мартин Ресей спорты тарихында тұңғыш рет 1912 жылы Стокгольмде өткен V Олимпия ойындарына грек-рим күрес түрі бойынша қатысып, жүлдегер атанған. Ал мына фотодағы эстон жігіті Карл Томберг жайлы мәлімет жоққа тән. Қажымұқан балуан туралы қалам тартқан жазушы-зерттеушілер Қалмақан Әбдіқадыров, Әлімқұл Бүркітбаев, Ғазизбек Тәшімбаевтың кітаптарынан оның есім-сойын іздеп таппадық. Тіпті ХІХ ғасырдағы Ресей чемпионаттарына қатысқаны жайында да дерек жоқ. Бір қызығы, бұл адамның есімі, репрессияға ұшыраған адамдардың тізімінде жүр. Онда: «1886 жылы туған. Ұлты – эстон. 1938 жылы 12 желтоқсан күні тұтқындалып, кешікпей атылған» делініпті. «Бұл мәселені әлі де зерттей түсу керек сияқты. Эстон балуанының атылуы мен Қажымұқан атамыздың қуғындалуы бір-біріне байланысып жатуы мүмкін», дейді Серікбол Тілепбергенұлы.