Саясат • 08 Желтоқсан, 2022

Басым міндеттерді атап көрсетті

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменде Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Шығыс Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты.

Басым міндеттерді атап көрсетті

Ә.Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына Даниал Кенжетайұлы Ахметов пен Ренат Тілеуханұлы Құрмам­баев­тың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутаттың 94-і Д.Ахметовке, 23 депутат Р.Құрмамбаевқа дауыс берді.

Облыс активімен кездесуде Премьер-Министр өңірде Даниал Ахметов жұмыс істеген кезеңде ірі өнеркәсіптік және ауыл ша­руашылығы жобалары іске асырылғанын атап өтті. Әлеуметтік мақсаттағы ондаған нысан, оның ішінде мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары салынып, құрылыс жұ­мыс­тары жүруде. Жалпы алғанда, Шығыс Қазақ­стан облысы бүгінде барлық негізгі эконо­микалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге жетіп отыр.

Ә.Смайылов басым міндеттер ретінде Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде өңірді одан әрі дамыту жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру екенін атап өтті.

«Бұл құжатта экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясатта халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын артты­руға бағытталған нақты өзгерістер қарас­ты­рылған», деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, алдағы жылдары ұлттық жобалар аясында 4,2 мың оқушыға арналған 10 жаңа мектеп, 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын ашып,
1 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа, ауылдық елді мекендерде аграрлық секторды, кәсіпкерлікті дамыту және жалпы ауылда өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады.

Сонымен қатар Премьер-Министр жылыту маусымын тұрақты өткізу, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, металлургия және машина жасау салаларын дамыту жөніндегі қадамдарды іске асыру, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсарту қажеттігіне назар аударды.

 

Соңғы жаңалықтар