Қоғам • 09 Желтоқсан, 2022

Би падишасы

316 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Балет – сұлу өнер, сахнаның құдіреті сол болар, биші өз өнерінен гөрі сұлуырақ көрінеді. Бір аяғының ұшымен еденді тіреп, бір аяғымен дөңгелене айналып, кенет ту сыртынан біреу ұртын толтырып үрлеп қалғандай, үлпілдеген қауырсын секілді қалықтап ұша жөнелгенде, бір мезет тыныс алғаның өзіңе де сезілмей, тым-тырыс қаласың. Қанатын керіп, көлде жүзген аққу сахнаға адасып келіп қалғандай, құс патшасын айна-қатесіз кейіптеген мынау шебердің өнері тәнті болмасыңа қоймайды.

Би падишасы

Абай атындағы опера және балет театрының прима балеринасы атану әркімнің пешенесіне бұйырмаған, балет қойылымына барған сайын бейсаналы түрде бала күннен атына қанық болып өскен белді әртіс Гүлжан Түткібаеваны көз жанарымызбен де, көңілмен де іздеп тұрамыз. Өнердегі өлкесін қайталан­бас өрнектермен безендіріп, өз биігін ба­ғындырған Гүлжан балеттегі орнын кейінгі жас буынға әлдеқашан босатып берген, бірақ театр сахнасында бүгінгі орындалып жатқан бидің бәрінде белгілі әртістің қолтаңбасы, шеберлігінің ізі сайрап жатыр. Содан бері де ұлттық балет өнерінде бишілердің бірнеше толқыны ауысып үлгерді, олардың әрқайсысы өзінше дара, өзінше биік, бірақ Гүлжансыз бұл өнердің сипаты толық мағынасын таба алмас еді. Мәскеу хореографиялық училищесінің түлегі 1982 жылы Абай атындағы опера және балет театрына биші  болып қабылданғаннан бастап би өнерінің барлық биігінен көрініп, профессор атанып, он жылдан бері балет труппасының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері болып қызмет атқарып келе жатқан Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Гүлжан Түткібаева жақында төл сахнасының төрінде шығармашылық өнерінің қырық жылдығын атап өтті.

вава

Балет – суырып алғанда, бір құшақ байлыққа көміп салатын лотереяның бас айналдырар бақытты билеті емес. Өнердің бұл қиын түрін таңдаған адам биік жетістікке жету үшін қажырлы еңбек ету қажетін бала күнінен жақсы түсініп өседі. Буыны қатпаған 4-5 жасынан бас­тап таң бозынан оянып, күн са­йын ­7 сағат жаттығу залында жүріп, бала болып қалаған уақытында балмұздақ та жей алмай, белгіленген салмақтан аспас үшін жапон диетасын ұстап, қатаң күн тәртібімен жүріп-тұрудың қиындығы­на ерте бастан дағдыланады. Алдағы азаппен салыстырғанда бұл да әзірге түк емес. Башпайының ұшымен сахнаның бір шетінен екінші шетіне дөңгелене айналып келіп жерге аяғын қойып дамылдаған кезде балеринаның аяғы 100 кило ауыр салмақты сезінеді екен. Өткен ғасыр­дың басында туфлиінің басына былқылда­ған шикі етті жұқалап турап салып билеген балериналар бүгінде «қара жер­дің қаттылығын» сездірмеуге арналған силикон салып билегенімен, таңертеңнен кешке дейін үзілмейтін әзірлікке аяқ­киімдері шыдамай, шоқпыт-шоқпыты шығып, бишіге жылына 100-ден артық балет туфлиін киюге тура келетін көрінеді. Күн сайынғы жаттығудан аяқтағы бес саусақтың бір қабат терісі сыдырылып, жараланып, табан мен өкше тұтас ойылып, қызарып, қанталаған жара жазыла келе тапталып, қара тікен сүйелге айналып, ақыры саусақ пен буынның қисайып кетуі – кез келген балет бишісі үшін қалыпты жағдай. «Өнер құрбандықты қажет етеді» дегеннің бір дәлелі осы болар. Денедегі артық салмақ диетасыз-ақ дайындық кезінде моншақ-моншақ термен бірге бу болып ұшып, ащы тері алынған жараулы аттай аяғының ұшымен аптасына төрт рет спектакльде билеп, толып жатқан байқауларға әзірленіп, күні-түні театрдан шықпай жұмыс істеуге табандылық жетіспесе, әлгі еңбектің бәрі де текке кетті дей бер. Қиындықты жеңетін де, кедергіні кесіп өтетін де, өзін өзгелерден мықтырақ жасайтын да тек қажырлы еңбек.

ороро

П.Чайковскийдің «Аққу көліндегі» Одетта-Одилия, «Ұйқыдағы арудағы» Аврора, А.Аданның «Жизеліндегі» Жизель, Ғ.Жұбанованың «Қарагөзіндегі» Қарагөз – қазақ балет өнеріндегі басты партияның бірде-бірі Гүлжанды айналып өтпеді. Би өнері ғажап-ақ, бірақ оның арғы жағында темірдей қатаң тәртіп пен табанды мінез болмағанда, әлемдік жауһарға айналған балеттің асау кейіпкерлері Гүлжанға жалынан ұстатпаған болар еді. Гүлжан жарық дүниеге келгенде балеттің барлық талабын ескеріп туғандай – нәзіктік, сыны мен сыры келіскен сымбат, биікке жеңіл секіру, ал секірсе ауада ілініп қалғандай, ұзаққа самғау, дөңгеленсе, дүниемен бірге шыр айналу, не керек, балеттің әліп­биін бір бишідей меңгеріп, оны ұшан-теңіз еңбегімен дамытқан хас шебер шартараптың кіл мықтысы бас қосқан өнер додасында талай мәрте топ жарды. Гүлжан 1989 жылы Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың дипломанты, 1990 жылы Варнадағы, Джексондағы балет байқауының жеңімпазы атанды.

Қырық жылдық шығармашылық беле­сіне осы тектес ірі жетістіктерімен жеткен Гүлжан Усамбекқызы өнерін баға­лап, талантын құрметтейтін көрер­менін балет қойылымдарынан құрал­ған авторлық кешімен қарсы алды. Аншлагпен өткен кеште әртістің әріптестері, шәкірттері оның биіндегі мінсіз техника, мінезін­дегі мұқалмас мықты қырлары туралы сүй­сіне әңгімеледі. Қазақ балетінің тарихы үшін режиссерлік тәсілдерді, хореография­лық қолтаңба мен стильді сақтаудың маңы­зы зор екені айтылды. Осының бәрін Гүл­жан Усамбекқызы мәскеулік ұстаздары­нан бойына қалай сіңіріп өссе, бүгінгі өз қойылымдарында классика мен заманауи жаңа әдісті қатар өріп, мүлтіксіз орындауға тырысады.

«Балет кешінде» жетекші солистер мен балет труппасының орындауында өзі қойған классикалық балеттерден фрагменттер ұсынылды. Алматының бас хореографының мерейтойына Мәскеуден Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Үлкен театрдың премьері Юрий Васюченко мейман ретінде қатысып, «Астана балет» пен «Астана опера» театрының жетекші солистері өнер көрсетті. Халық әртісі әр спектакль сайын балеттің әдемі әлемінде қауышатын көрерменінің қолдауы мен махаббаты үшін құрметін білдірді.

– Мен сіздермен кездескен сайын шы­ғармашылықтың шын қуанышын сезі­не­мін. Өзімнің сүйікті өнеріммен айна­лысып жүргенім үшін шексіз бақыт­тымын. Менің бар өмірім өнермен бірге өрілді. Осы­ның бәрі санамды, ойымды, жан дүниемді биікке көтеріп, мынау аумалы-төкпелі өмірде екі аяғымнан нық тұруыма көмектесті. Бастысы – өмірді сүю және жан жабырқататын жаман нәрсеге әде­мі­­лік­пен қарсы тұру. Адамдардың бар­лығын анда-санда болса да күнделікті күй­бең тіршіліктен бір сәтке болса да қол үзіп, балеттің сұлу әлемін бірге аралап, бірге рахат сезінуге шақырамын, – дейді Гүлжан Түткібаева.

Шынында да, шымылдық ашылып, Ерболат Ахмедияровтың дирижерлігі­мен симфониялық оркестрдің сазы сау­лай жөнелгенде, үйреншікті өмір есік­тің арғы жағында қалып, таңғажайып дүние­нің іші­не енгендей күй орнады. Балет тек дөң­гелене айналу, секіріп-қар­ғу ғана емес, ең алдымен сезім күйін, кө­ңіл күйін, жан қуанышын, жүрек үнін жет­кізу. Балет – би поэзиясы. Қозға­лыс пен музы­ка­дан тұратын өнердің құді­ре­ті тамыр-тамырды қуалап жүрекке сіңе­тін өлең секілді немесе тілі жоқ, мылқау, ­бі­рақ маз­мұнды фильм тамашалаған­дай әсер қал­дырады. «Спартак», «Анна ­Ка­ре­­нина», «Щелкунчик», «Корсар», «Кар­мен-Сюита» және басқа орындал­ған балет­тер­­дің үзіндісі бұл өнердің тамсандыр­май қоймайтын жұмбақ сырын аша түсті.

Гүлжан Түткібаева өзінің бар білге­нін шәкірттерінің бойына сіңіріп, балет өнеріндегі белгілі шеберлерді тәрбие­леп шығарған педагогтік қызметімен де танылған тұлға. Шетелдің кәсіби өнер ортасы мойындаған талантты шә­кірттері­нің арасында Гауһар Усина, Гүлнұр Сәр­сенова, Найля Кіребаева, Гүлфайруз Құр­манғожаева, Малика Елшібаева, Есқали Қасқырбай секілді халықаралық бай­қау­лардың лауреаттары бар. Ұстаз, бас балет­мейстер ре­тінде өзіне де, өзгеге де сын көзі­мен қараудан талмайтын, өзін-өзі қам­шы­лаудан тынбайтын, ұжымды өз идея­сына қызықтырып, нәтижесінде, Қазақ­станның балетін халықаралық өлшемге лайық жасауға тырысқан еңбегі әйгілі шәкірт­тердің өнерімен, жоға­ры деңгейде өте­тін концерттермен және құрмет­пен қабыл­данатын гастрольдермен ақтал­ды. Сондай-ақ Абай атындағы Ұлттық театр­дың сахнасында шет мемлекеттер әртіс­тері­нің де билегісі келетін арманы барын ес­керсек, бұл да бас балетмейстер еңбе­гінің жемісі.

Бүгінгі әлем әр адам үшін ашық, төрт­­күл дүниені тұтас бақылап отырған көрер­меннің жақсы-жаманды салыстыру мүмкіндігі артқан. Балетке қойылатын талап та күннен-күнге биіктеп барады. Шығармашылық қоржындағы қырық жылдық азықты олжа көріп отыра бер­генді уақыт көтермейді. Г.Түткібаева «орташа өнім» дайындап ұсынса, көзі ашық көрермен оны бірден сезіп, қабылда­мас еді. Сахнаға өзі шығып билесе бұдан әлдеқайда оңай болар ма еді, бірақ бала күнінен бәсеке жолымен жүріп, жоғарыдан жарқырауды мұрат тұтып өскен ол ертелі-кеш «отандық балеттің көркемдік деңгейін көтеру» деген ойдың төңірегінде ғана толғанады. Балеттің жастар өнері екенін ескеріп, оларға дем беріп, кәсіби шеберлігін арттырып, тоқ­таусыз алға жылжу керек. Бұдан өзге мұ­раттың асыл болуы мүмкін емес.

 

АЛМАТЫ