Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2022

«Бекзат» әні қалай өмірге келді?

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екі мыңыншы жылды біздің ауылдың сол кездегі жасөспірімдері мүлде ұмытпайтын шығар. Құланның құлжалары сол жылы Сидней Олимпиадасында алтын жүлдені де, күміс медальды да еншілеген. Ермахан мен Ислам Байрамуков (бірі бокстан алтын, бірі еркін күрестен күміс жүлде) сынды саңлақтардың жеңісті жорығынан кейін біздің қатарластар еліктеді ме, солықтады ма, білмеймін. Спорт мектептеріне құстай ұшқан еді... Әйтеуір сол кезде Олимпиададағы табысты біздің құрдастар мүлде басқаша қабылдайтын...

«Бекзат» әні қалай өмірге келді?

Иә, Сиднейдегі жеңісті жолды боксшыларымыз әлі қайталай алған жоқ. Жасыл құрлықта­ғы байрақты додадан кейін боксшыларымыздың Олим­пия ойындарынан екі алтын алған сәтін өңіміз түгілі түсімізде де көре алар емеспіз. Басқа-басқа, 57 килограмм салмақта атой салған түркіс­тан­дық Бекзат Саттархановтың жеңісті жорығын халық мүлде өзгеше қабылдады. Енді ше, 20 жастағы жампозың Олимпиадаға андердог боп аттанып, алтынмен оралып жатса, оны құрмет тұтпағанда, оны көкке көтермегенде кімді көтерсін халқы...

Сол жылдары әнші-композитор Гүлнұр Өмір­баеваның «Қыздар, қыздар», «Бекзат» әндері жарық­қа шықты. Жалпы, музыка әлемінде түрлі дауыс­тағы әншілердің бар екені белгілі. Ал Гүлнұрдың дау­сы лирика-колоратуралық сопраноға жатады. Бы­лайша айтқанда, жаздың жылы жаңбырын­дай жанға жылы тиетін үн. Мұндай дауыстағы өнер иелері­нің қатарында ән әлемінің корифейі Күләш Бай­сейітова мен ел мақтанышы Нұржамал Үсенбаева бар.

«Әр кәллада бір қиялдың» бары рас қой. Сидней төрінде Рамазан Поляни мен Рикардо Хуарес се­кілді әлем мойындаған мықтыларды тәубесіне түсір­ген Бекзат туралы әлдекім ән жазады десе, асқақ пафосқа құрылған мәтін мен зор дауысты солист орындайтын шығарма болар деп топшылар ма едік. Бірақ Гүлнұр Өмірбаева мен белгілі ақын Иран Ғайыптың тандемінен туған туынды мүл­де басқаша шықты. Жүректі тебірентті, жанды баурады.

«Құзар биік асқарым-ай,

Тағдырыңның қас-қағымы-ай,

Жанған-ай,

Болдың ғайып Бекзат»,

деп келетін ән қайырмасындағы шумақтың өзі ұлт үшін туған оғланның келте ғұмырын, жұлдыздың Жер үшін жаралмағанын айғақтап тұрғандай-ақ. Расында да, жұлдыздың орны аспанда ғой. Алайда 21 жасқа жетпей, қызға ғашық болып та үлгермей кеткені арқаны аяздай қари түсетіні тағы рас...

Әннің қалай өмірге келгенін Гүлнұрдың өзінен сұрадық.

«Шығарманың дүниеге келу тарихы әріде жатыр. Күндердің күнінде Бекзатты түсімде көр­дім. Оған дейін Бекзатты жерлес ағам, бокстан Сидней Олим­пиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың қуанышында, ауылда көрген болатынмын.

Арада күндер зулап өтіп жатты. Жиырма жастағы жампоздың тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлт мақтаныштары арасынан алғаш боп алтын жүлде алғаны кімді де болсын тебірентпей қоймайды. Түсімде тура ауылға келген кезіндегі былғары күртешені киіп алыпты. «Гүлнұр, сен менің ертең болатын тойыма келмейсің бе?» деп алдымнан жүгіріп шықты. Бұл қандай той деген ой құшағында жатып оянып кеттім», дейді Г.Өмірбаева.

Композитордың айтуынша, дәл осы жағдай оның жаңа әнді дүниеге әкелуіне тікелей себепші болған.

«Ол кезде жатақханада тұратынмын. Бөлмемде күйсандық бар. Сол сәтте жүрекке жылы тиетін бір әуен бойымды билеп алды. Әуен келгеннен кейін әннің қаңқасын өз сөздеріммен құрастырдым. Кейін­нен мәтінді тастай қылып жазатын ақын іздеу керек болды.

Айтып-айтпай не керек, Иран Ғайып ағама хабар­ластым. Ол кісі әнді бірден ұнатқанын аңғар­дым. Ағам бірден жұлып алғандай: «Сен мына балаға ғашық болған адамсың ғой», деді. Өз кезе­гімде: «Мен Бекзаттың өзіне емес, ерлігіне ғашық­пын», деп жауап бердім.

Санамда жалғыз ой тұрды: Бекзатты спортшы ретінде бәрі біледі. Оның ән әлемінде де орны бо­луы керек. Бекзат туралы ән жарыққа шығуға тиіс. Ән дүниеге келген соң мен 2003 жылы Халық­аралық «Азия дауысы», «Қазақстан әндері» байқа­уына қатыстым», дейді композитор.

Г.Өмірбаеваның айтуынша, аталмыш байқауда жеті композитордың әні лауреат атанған. Дәл сол жылы жеңім­паздарды қазылар алқасы емес, өнер думанын тама­шалауға келген жұртшылық мезетін­де дауыс беру арқылы анықтапты.

«Дәл осы өнер сайысында маған «Алтын домбыра» жүлдесі бұйырған болатын. Мені айрықша қуантқаны – залда отырған көрермендердің басым бөлігі, нақтырақ айтар болсам, 570 адам дәл осы «Бекзат» әнін үздік деп таңдағаны.            

Осылайша, өнер аламанында лауреат атанған жайым бар. 2005 жылы Бекзат Саттархановтың 25 жасқа толуына орай осы әнге бейнебаян түсірдім. Бейнебаянның түсірілуіне Бекзаттың өзі білім нәрімен сусындаған Түркістандағы Қ.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы тікелей мұрындық болғанын атап өткен жөн. Әсіресе, сол жылдары білім ордасын басқарған Серік Пірәлиевтің еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол кісі қолдан келгенше қолдау көрсетті», дейді әнші-композитор сол бір жылдарды еске алып.

Зулаған уақыт-ай десеңізші. Алаштың бағына туған теңдессіз талант, шебер боксшы Бекзат Сат­тар­ханов пәни жалғанға қол бұлғап кеткеніне де 22 жылдың жүзі болыпты. Жиырма жасында жарқырап барып кенеттен сөнген жұлдызға ар­налған ғажап туындының жазылғанына да жиырма жылдан асып барады.

Уақытында осы әнді әлдекімдер эфирден өткіз­беуге күш салған дегенді де жиі естиміз. Мейлі ғой, «қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген ұста­ныммен жүретіндер қай кезде де табылады. Алайда Гүлнұр дәл осы әніне бейнебаян түсіру арқылы Бекзаттың есімін ән әлемінде өшпестей етіп қалдырды. Композитордың өзі де осы әнін айрықша жақсы көреді. Бәлкім, жүрегін жарып шыққан ­туынды болғандықтан шығар...

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы,

Көкдөнен ауылы