Қоғам • 09 Желтоқсан, 2022

«Алтын тобылғы» байқауының салтанаты

724 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел астанасында «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауы қорытындыланды. Оған түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты.

«Алтын тобылғы» байқауының салтанаты

Тұңғыш Президент – Елбасының Қоры жас әдебиетшілердің еңбегіне осы­мен сегізінші рет қолдау көр­сет­ті. Қазіргі көркем әдебиетті қол­дау­ға, дамытуға, насихаттауға, жас қа­ламгерлерді көтермелеуге бағыт­тал­ған байқауға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.

Биылғы бәйгеге елдің түкпір-түк­пірінен 120 автор қатысқан. Же­ңім­паздар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Фан­тастика жанрындағы үздік шы­­ғарма», «Жылдың үздік кинос­це­­­на­рийі» дәстүрлі аталымдар бойынша бел­гіленді. Әр номинация бойынша сыйақы қоры 2 миллион теңгені құ­райды.

«Алтын тобылғы» байқауын се­гізінші рет өткізіп отырмыз. Жыл са­йын жас қаламгерлердің жоғары белсенділік танытатыны қуантады. Сегіз жыл ішінде байқауға 1 100 қа­ты­сушыдан 1 500-ге жуық шығарма келіп түсті. Биылдың өзінде 120 автор қатысты», деді марапаттау рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ат­қа­­рушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Сондай-ақ ол байқау жас та­лант­тардың жұлдызын жағып, әдебиетке деген қызығушылығын арт­­тыруға, ұлттық құндылықтарды, адамгершілікті нығайтуға ықпал ететінін, төл тарихты көбірек білуге жол ашатынын атап өтті.

Айта кетейік, додаға қатысу­шы­лар­дың туындылары мәдениетке, өнегелі өмір тарихына, адамның руха­ни қасиеттеріне және т.б. тақы­рып­тарға арналған.

Сонымен, қазылардың шешімімен биылғы «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығын «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша – «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Абай Аймағамбеттің «Бес күнді күту», «Фантастика жанрындағы үздік шығарма» – Әсет Сыздықовтың «Самый быстрый турайбол», «Жыл­дың үздік киносценарийі» – Мырза Бейбітұлының «Айғасар», «Жыл­дың үздік поэзиясы» – Нұржан Байтөстің «Ауыл суреттері» өлеңдер жинағы, «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» – Нұрбек Кеңесбайдың «Сары емшінің баласы» әңгімесі иеленді. Ал «Ел мұраты – Тәуелсіздік» тақырыбына арналған үздік шығарма» арнайы номинациясын Ғылымнұр Қадырбайдың «Тыныс» повесі жеңіп алды. Авторға 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Бұдан бөлек ынталандыру жүл­де­сі­­­мен екі шығарманың авторы 1 миллион теңге сыйлықпен марапатталды. Атап айтсақ, Жібек Зинелова – «Мұз қалашық» («Жылдың үздік балалар туындысы» номинациясы) және Оразай Жеңіс – «Балаған Құлагерге...» («Жылдың үздік поэ­зиясы»).

Аталған шығармашылық байқау­дың ережесіне сәйкес үміткерлердің қазақ-орыс тілдеріндегі шығармалары бақ сынады. Автор екі номинацияға да қатысуға құқылы. Еске салсақ, шы­ғар­малар сәуір айынан бастап қазанға дейін қабылданған еді.