Белсенді өмір сүріп жүрген адамның бір-ақ сәтте бейбаққа айналып, үміт пен күдік аралас жанталас күйін кеше жүріп, өлімді емес, өмірді таңдаған кездегі алғаш иек артар ойы: «Шетелде емделсем, қалай болар екен?».
Қазір әлеуметтік желіні ашып қалған адам сырқатына сауға сұрағандардың өтініш-тілегінен аяқ алып жүре алмайды. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде», деп ұят пен намысты иманы санайтын ірі мінез ажалдың демін құлақтың түбінен сезгенде адыра қалатыны аян ғой. Әдетте мұндай жарнама мәтіндерінің мазмұны да ұқсас келеді: «Науқастың жағдайы ауыр, сирек кездесетін сырқат түрі, дерт асқынып барады. Біздің сырқатты емдеп жазуға Қазақстан медицинасы қауқарсыз. Айықпас дерттің дауасын Кореяның яки Түркияның дәрігерлері білеміз деп отыр. Көмектесіңіздер!». Аңғарғанымыз, желідегі жарнамалардың дені, айталық, бес жарнаманың төртеуі шетел клиникасында емделуге қаржы сұрайды.
«Көп түкірсе көл», әп-сәтте жеткізіп беретін әбжіл банктің көмегімен телефонындағы азды-көпті ақшасынан садақа салу бүгінгі жамағаттың үйреншікті дағдысына айналды. «Оу, – дейсің ішіңнен, – бай-бағланы өз қалтасынан, жарлысы басындағы жалғыз үйін, тақымындағы жалғыз көлігін сатып, жұрттан жәрдем сұрап, науқастың бәрі шетелдің емін тәуір көріп, таңдау білдіреді екен, сонда әлгі Қазақстанның мақтаулы медицинасы қайда қарап отыр?».
Бұрын сырқаттардың қалай өмір сүргені белгісіз, қазір шыбын жанын шетел алып қалатындай, қит етсе, қиырға қарай шапқылай жөнелу неге белең алып барады? Әркімнің алға тартар себебі бар. Ел ішінде мамандар жеткілікті бола тұра, Батыс дәрігерлері деңгейінде біліктілік таныта алмайтын отандық дәрігерлерге сенімсіздік білдіру, дүниежүзілік денсаулық сақтау ісінің ірі жетістігін өз елінде сезіне алмау, барлық жерді шырмаған жемқорлыққа медицина да кеңірдегінен малтыққан деген түрлі себеп олардың бұл амалын ақтауға жетіп тұр. Мұны дер кезінде байқаған шетелдің емдеу орындары медициналық туризм қызметін мақсатты бағыт түрінде қалыптастырып, мемлекеттік саясаттың маңызды бөлшегі ретінде жолға қойып алды. Германия, Израиль, Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Ресей, тіпті іргедегі Өзбекстанға ағылатын науқастарды есепке алмағанда, жыл сайын 13 мың қазақстандық Түркиядан ем қабылдайды екен. Медициналық туризм бойынша әлемнің озық он елінің қатарына кіретін Түркия жыл сайын 750 мың шетелдікке қызмет көрсетіп, ел бюджетіне 30 млрд доллар инвестиция тартады. Науқасқа қажетті көмек көрсетіп, Түркияға бағыттап отыратын арнайы компаниялар да нарық алаңында өзара бәсекелес орта құрып алған. Әуежайдан күтіп алу, сырқаттың екі аяғын жерге тигізбей алып жүру, трансфер тәржімашы, қонақүйге орналастыру секілді қызмет көрсету түрлерін толықтай жауапкершілігіне алып, жәрдем беріп жүргендердің дені делдалдық қызметі үшін елден әрең жинап алған қаржының әжептәуір бөлігін именбестен өзі иеленіп алады.
Жақында осы туралы таныс онколог-дәрігермен әңгімелесудің орайы келді. «Жұрт ем іздеп Еуропаны кезіп, Америка асады. Бірақ дәл онкология бойынша емдеу стандарты бүкіл әлемде бірдей, олар біздің, Қазақстанның науқастарды еуростандартпен, нақтылай айтсақ, Америка медицинасының протоколымен емдейтінін біле бермейді. Мысалы, мына капсуланың ішіндегі құны 1,5 млн теңге тұратын айбранс химия дәрісінің құрамы Қазақстан мен Америкада бірдей. Ал шетелдік емдеу орталықтарының көпшілігі медициналық емдеуді бизнес көзіне айналдырып алған және олар Қазақстанды донор мемлекет көреді. Қалтасындағы соңғы тиынын санап алмай, олар сырқатты оңайлықпен босатпайды. Ел ішінде тегін ем тұрғанда, ақшасын желге шашып, осы жұрттың неге тентіреп жүретіндерін түсінбеймін...».
Жәрдем сұрағанға қаржы жинап беретін жалғыз Қазақстан емес, жақында Англияда кішкене нәрестені Ватиканға апарып емдеуге еріктілер елден ақша жинап берген екен, сыртта емделгісі келетін әр сырқаттың тарихымен мұқият танысып (!), бақылауда ұстайтын ағылшын үкіметі ол баланы жат елде емдеуге тыйым салып тастапты. Дамыған елдің медицинасынан дауа іздеп жүргендердің жұрттан жинайтын қаржысының әлденеше есе үстемеленіп көрсетілетіні де ойланатын жағдай. Мешіт, сауда үйлері секілді қоғамдық орындарда садақа жинайтын жәшіктердің айлап емес, жылдап тұратынына да ешкім мән бермейді. Жыл бойы жиналмайтын не деген қаржы, айлар бойы ауруын емдеуге асықпайтын бұл қандай сырқат – алаяқтықтың иісін сезіп тұрып селт етпейтін мінездің осыны ұйымдастырып жүргендерден несі артық?
Шетел медицина мекемелеріндегі шын бағаны білгісі келген адам, сайттарын шамалап бір сүзіп шықса да, анағұрлым артық қаржы сұрап отырғандарына көз жеткізер еді. Миллиондаған қаржыны сырқаттың есепшотына аударып, қайырымды жандардың көмегімен жекелеген адамдардың мұқтаждығы шешілгенімен, бұл жалпы Қазақстан медицинасындағы күрделі мәселені шешіп бере алмайды.
«Қайырым, жәрдем, сауап» сөзі құлаққа сүйкімді естілетін жақсы қасиет екені даусыз, бірақ жаппай сипат алып бара жатқаны медицинамызды төмендетіп, өзгеге тәуелділігін арттырмаса, абырой әперетін жақсы үрдіске бастамайды...
АЛМАТЫ