Әдебиет • 10 Желтоқсан, 2022

Жұмбақ арал

1181 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінде талантты ақын Батырхан Сәрсенханның әдеби ортада алғаш аты аталып, жұлдыздай жарқ еткен сәті әлі есімізде. Содан бері жас қалам иесі шығармашылықта бірталай биікті бағындырды.

Жұмбақ арал

«Өмір-өзен» (2010), «Мейірім ғаламшары» (2015), «Мәңгілік гүл» (2021) жыр кітаптары жарық көріп, Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлдесін иеленді. Ресейде өткен Дельфи байқауында (2019) үздік атанып, өлеңдері«Москва» журналында жарияланды. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығына да лайық деп танылды. Батырхан Сәрсенхан күні кеше ғана мәреге жеткен Мәдениет және спорт министрлігі биыл тұңғыш рет ұйымдастырған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын «Үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңіп алды. Көптің ішінен оза шапқан ақынның дүбірлі додаға қосқан «Жұмбақ арал» поэмасын оқырманға ұсынып отырмыз.

 

ЖҰМБАҚ АРАЛ

Балалар секілді болыңдар!
Інжіл (Мф. 18:3)

Жұмарлана аспанда ай толады,
иір-қиыр тоғайдың сайтан әні.
шегіртке мен топ шымшық, сыңсып дала,
жуан ағаш белінен май тамады.
әріректе долы өзен шайқалады.

Түні ортасы... ымыртта бала жылар,
сүйір ғана кірпіктен сел ағылар.
өмір менен өлімді, дүниені,
жан ұшымен сезуге талабы бар –
жұмбақ бала мен бе екем дала құмар?

Түн ортасы... ай ғана дос болатын,
ай деп неге қоймағам дастан атын?
ақкербез ай, сыңарым, жан сырласым,
жастығымдай бауырға ап жастанатын.
іңкәрім ең бір әнмен басталатын.

Не білемін сен жайлы, бұрын жайлы?
жайдақ уақыт жабысы бұрылмайды.
түн сорғалап көз ілсем, тастөбемнен
қарақұстың қанаты суылдайды.
бір өкініш кеудемді жырымдайды.

Жә, қазбалап қайтемін көмілгенді,
құм астында құмыққан өмірлерді.
бірақ әркез кешемен қуаттанып,
елесімен кеземін өңір-жерді.
өткен күнім жігер мен сенім берді.

О, балалық! көк айдын, аппақ айдын,
жолыңды іздеп ертемен жоқ қараймын.
бір хікая бастайын өзің жайлы,
қауашақта гүлдеген мақтадайын,
аппақ-аппақ қырыңа аттанайын.

2.
Торы ауылды кеземін жауындары,
Айкезбелік дертімен ауырғалы.
Айкезбелік дегенім, кезі келсе,
Ай торулап жүру ғой, бауырларым.
Теңбіл түні оянар жер дауысы,
жер көтерген өгіздің паң дауысы.
күлгін түні оянар шексіздік пен
жабырқаған көңілдің жолбарысы.
Жалғыздықтың ымыртта үні естілер,
бір-ақ сәтте дәуір мен жыл ескірер.
жалқылықтың ымыртта мәні асқақтар,
сол мән бізге ғыбрат үлестірер.
Мимырт түні. Айнала сиқырлы еді,
шоқ жұлдыздың жайылған түр-түрлері.
...Бір Үрейге кезіктім жол бойында,
кейуана әжейдің кейпіндегі.
– Кешір мені, жан балам, бір дәуірде,
Махаббат ем бағынбас құлжа күнге.
Махаббат ем секілді піл сүйегі,
су қайықтай қалтылдап тұрғаным не?
Махаббатым айналып самұрыққа,
тау аралап апарды қалың отқа.
міне, бүгін ұқсаймын долы Үрейге,
жазатайым тасталған жалын отқа...

Қалдым үнсіз. Шаншылып дерт кеселі,
күйініш пен мехнат беттеседі.
Кім жазықты, әжетай?
адамдар ма?
адамдық пен жауыздық шептес еді.
Кім жазықты?
қанаты қайрылғандар,
балалықтан мәңгілік айрылғандар!
Иә, үлкендер! Байсалды, салқынқанды,
Қасіретін өзгенің той қылғандар!
Үлкен болу – міз бақпау қайғылыға,
У шашу ғой махаббат айдынына.
Таңдануды ұмыту бәйшешекке,
жылынуды сезінбеу ай нұрына.
Үлкен болу – жаныңнан ары аттану,
Үлкен болу – тән үшін тағат табу.
мөлдірлікке тас ату жырақ барып,
тоғышарлық дертімен жарақтану.
Шарболат түн, сүмбіл ай, мөлтек күнмен,
Өмірде үлкен болмауға серт еттім мен!
Үлкен болып жүрмеуге серт еттім мен,
Үлкендердей күлмеуге серт еттім мен!

3.
Сол ауылда ару бар Көркем атты,
алқа мойын, алтын шаш, салтанатты.
кірсіз тісі төгілер жиегінен,
нәзік үні үйірген шартарапты.
Көрген жан: «Көркем десе көркем!» – деген,
көңілінде қошқыл сезім желкендеген.
дариға-ай, бет ұшының қызарысы,
миуалы, майсалы өртең дер ем!
Ай бетінен кірердей жымиғанда,
күн бетінен шығардай жымиғанда.
бұлт қауызын ашқандай қарағанда,
табанына сұлулық сыйынған ба?
Алтын шашы кешқұрым суға енеді,
қарт заманғы кескіндей бейнедегі.
өмір сонда өзгеріп салар еді,
көңіл сонда сиқырға сенбек еді.
Кешкіғұрым көгілдір суға кірді,
аппақ мекен әйнегі буланулы,
аппақ мекен бойымен тұйықталып,
су ерніндей дірілдеп тұрғанымды
сезсең еді, сәуірдің бұлттары!
әлсін-әлсін жазықтар жұмыртқалы,
әлсін-әлсін ағаштар алтынданды,
алтынданды ақырын тынып бәрі.
Кеудемдегі ет емес, алтын деймін,
шапақ толы шұғыла қалпым деймін,
күбір-күбір өзенмен тілдесемін,
пері шалған сезімдей бүлкілдеймін.
Бір жүреміз ұзына қос селеудей,
ерте кезден отымыз өшпегендей.
бір шығамыз жөңкелі жасыл бақтан,
қуаласып, шуласып көшкен елдей.
Таңсәріден ашылар күн жаңасы,
кешқұрыммен көркейер сыр қаласы.
жылдар жылжып жазылар арамызда,
жіп-жіңішке махаббат жылнамасы.
Үнсіздік пен жүректің желкені егіз,
Өмірде үлкен болмауға серт етеміз,
Үлкен болып жүрмеуге серт етеміз,
Үлкендердей күлмеуге серт етеміз!

4.
Есіңде ме, қалқатай, назданғаның?
болмашыға шаттанып мәз болғаның.
кібіртіктеп оқушы ек, табиғат пен
адамдардың жүзіне жазған заңын.
Тамыз түні желімен жебегенде,
сенсіз жалғыз қалардай бар әлемде.
– Тастамашы, – дегенім есіңде ме?
– Тастамаймын...– дедің сен қарап өрге.
Бесіндегі бұтадай құбаланып,
бұлақ үнсіз жататын жылап ағып.
бұрымыңды қызықтап бұлықсимын,
күлгендегі көзіңмен дуаланып.
Кеңістікте торғын ай, мысық жанар,
елгезек бір дегбір-ай, ұшуға бар.
көңіл бірде өрекпіп, өршеленер,
бірде жібіп байыздап, құшырланар.
Алуан деймін сезімнің сары алқабы,
сүйе білсе өңгесін жоғалтады.
сүйе білсе ұмытар өзді-өзін де,
сол сүюден тағдырын табар тағы.

5.
Қауын исі көкті шарлап
су бұзғанда іргені,
оқу іздеп Алматыға тұрдым алғаш жүргелі.
Ей, Алматы! Іркес-тіркес қиялымның мекені,
алып барар саған әркез құсни арман жетегі.
Қалың-қалың кітаптармен ғұмыр кештім көшеңде,
алып мұхит ақындармен күбірлестім көшеңде.
Өшпес табы тұр-ау сенде алғашқы іңкәр гүлдердің,
алғашқы іңкәр ерке арудың сен жұтқасың сыр демін.
Алабыңда Меңтай сұлу өкінді ме ең алғаш,
қайта үмітін сабақтауға бекінді ме ең алғаш,
Опат болып он жетіде
гүл өскенде бұрымға,
желтоқсаншы жас бойжеткен жатыр ма екен қырыңда?
Қанша жігіт оңашада өксіді екен жасырын,
қанша көңіл сатқындығын кешірді екен досының?
Ей, Алматым! міне, аттанбақ құшағыңа жаңа ұлың,
жүрегінің иегіне сүйеп сәби қаламын.
Көкірегімде таңданыс пен өр толқынның табы бар,
жарға ұрар да ақжал тасқын бұрқ-сарқ етіп сабылар.
Қош, Көркемім! Тұңғыш рет алыстаймын жаныңнан,
қайтқан құстай қимастықпен қарыштаймын бағыңнан.
Өзің жоқта ай – жүзкүндік, жыл – мыңкүндік қалыпта,
Көп ұзамай оралармын
қапаланба, қамықпа.
Ғашықтықта толған ағын, алуан пайым, ақыл бар,
Алыстаса екі дене, жүректері жақындар.
Сағынысар, сыр көңілдің жұмбақ қылы оянар,
ғашық солай шын сезімнің жапырағын саялар.
Махаббат пен үнсіздіктің желкені егіз өмірде,
Әманда үлкен еш болмауға серт етеміз өмірде,
Үлкен болып еш жүрмеуге серт етелік жолыма,
Үлкендердей еш күлмеуге серт етелік тағы да!

6.
Дулы қала. Төгілер сан бояулар,
сан бояулар самсаған таңдай алдан.
әне, тұрған шайхана, жасыл кафе,
ә дегенде көңілді арбай алған.
Зәулім-зәулім ғимарат алып таудай,
жол бойына жайғасқан көлік торлай,
кітаптағы бейнелер мұнартқандай,
ертедегі арулар жолыққандай.
Әне, оқу орданың қабырғасы,
ернеуінде тағдырдың қоңыр көші.
бұрышында сан ару тұрған болар,
жүрген болар жайнасып өңірде осы.
Қарсы алдымда шұбаған мың елестер,
бір тағдырдың бейуақ мұңы елестер.
Сендер нені білдіңдер, ақ теректер,
шапшыма су, сендер ше, күлегештер?
Түссіз жауын сіркірер ара-тұра,
жалын қосып қоздаған жан отына.
Әлі-ақ шыңдар бас иер пәк жырыма,
меруерт тағып көгілдір қанатыма.
Абзалым да өлеңім, ардағым да,
буыменен ұшармын жорға жылға.
әзірше үнсіз бөлмемде көз ілемін,
қалың-қалың қиялдың орманында.

7.
Зергер уақыт өрнегін ойған алда,
қызық-ау өмір бұлты ойлағанға.
өзгерер көңіл әркез сан-салаға,
өзгерген құбылыспен айналаңда.
Топ тырна өзгере ме, көшкен кезде,
ақ қайың өзгере ме, өскен кезде.
сұраулар өзгере ме салмақтанып,
жазмыштың ащы суын кешкен кезде.
Мұраттар ауысар ма жыл ауғандай,
тастақ жол шаңдатар ма шұбар жолдай.
бейнеттер алмасар ма салтанатқа,
бөбегі жетімдіктің уанғандай.
Айналған дүр жауһарға жез керуендей
қалайша болсын бәрі көз көргендей.
өзгердім мен де солай, беу, Көркемім,
мезгілдер жыл он екі ай өзгергендей.
Шашылса ала таңнан күн жібегі,
кеудемді әлдене мұң тілгіледі.
жалықтым ба қоңыркөз жалғыздықтан,
жалықтым ба өзімнен, кім біледі?
Шықтым әйтеу бәрі де шығар жолға,
бәрі де басқалардың құмар жолға.
шықтым алыс қымсыну, ұяңдықтан,
шықтым алыс беймәлім мұнарларға.
Балаң үміт білмеген суалуды,
тұңғыш рет өткерген қуаруды.
Үлкендерше үйрендім жүре алуды,
Үлкендерше үйрендім күле алуды.
Кеш кіргенде думанды от қасын қағар,
қилы әуен мен қызылды-жасыл жанар.
Үлкендерше шығардым менменсуді,
Үлкендерше болдым мен ашуланар.
Кер көңілден өшкендей сыр алаулы,
жанабымнан тұма ойдың бұлағы ауды.
Үлкендерше үйрендім қаталдықты,
Үлкендерше үйрендім жыламауды.
Бәрі ескілік саналған өткендегі,
өткен бала жылдардың көк белдері.
ұмыттым мен өзімнен ұялуды,
ұмыттым мен сәттерді бөктердегі.
Ала таңнан шашылса күн жібегі,
Әлдене мұң кеудемді тілгіледі.
Жалықтым ба қоңыркөз жалғыздықтан,
жаңа күндер әйнегі бұлдыр еді...

8.
Қараша. Түн. Ағаштар сырғалары,
безбендеп лағыл түске тұр қаланы.
Көркем қыз ауыл жақтан келді бүгін,
хат жазбайсың дейді де, бұлданады.
Көрінбес баяғыдай көзге түсі,
мүмкін мендік аспанның өзгерісі.
болмағандай құпия арамызда,
үзілер ұзақ бармай сөз желісі.
Келер жақын әлдене сыбырлауға,
қасақана шығардым бұрылмауды.
таяп келер еркелеп, бәлденуге,
қасақана шығардым ұғынбауды.
Қатып, семіп қалар ма осынша жан,
суалғандай сезімдер, жасушалар.
Көркем болса абыржып, елегізер,
кейде елеусіз иыққа басын салар.
Мен шалшық та, ол теңіз жосып ағар,
Қара мен ақ, уа, қалай қосыла алар?
қурай мен гүл қалайша жанаса алар?
жанасқанмен жалғыздың жасы қалар.
Сезінді ме өзгерген тұрпатымды,
сезінді ме өршіген сырқатымды.
торы мұңға сүйеніп, төмен қарап,
сыбырлады жамылып мылқау түнді:
– Бәрі түс, өткен күннің бәрі бостай,
өзгеріпсің тіпті адам танымастай.
домалар сәруар күн сайдан ары,
түйілген алқымымда тары жастай.
Сен үлкенсің, қарашы, мен баламын,
ертеде осы ма екен таңдағаның?
қайда
үлкен болмауға серт еткенің,
таңдарды сол сертіме жалғағаным?
Сен бөтенсің, қарашы, мен баяғы,
мен баяғы сертімнің ән баяны.
неге айтпайды жұлдыздар төрелікті,
Неге үмітсіздікке қол жаяды?
Толы су шайқалады кемерінде,
көк дауыл буырқанар төнерінде.
Тулаған ай астында жүрек сөзін,
Шынымен тез ұмыттым дегенің бе?
Аспанда жұлдыз қызыл, ай сап-сары,
сезілер мұратыңнан жел соққаны.
шынымен ұмыттың ба іңкәр шақты,
ақеділ көңіліңді алшақтағы?
Үлкендік – дерт емес пе біз аңғарған,
Балалық – серт емес пе біз арбалған.
Заңдарын бұзар заңғар махаббаттың,
пәк сертін бала күнгі бұза алған жан!
Соққанмен қара құйын, тасадан жел
өзгермес жазмыш қолы жасаған жол.
Жазғаны осы болса, мен көнемін,
Бұйырсын жақсы күнге, қош-аман бол!

Қалдым үнсіз. Тереңнен сыр ұқпастан,
бір сәтке қабағымды жылытпастан.
кеудесін қара түнек торлағандай,
ішінен күңгірттеніп тыныпты аспан.
Жапқан ба қоп-қою мұң қара алапты,
бойымды суық желдер аралапты.
пәктіктің даңқын алып елес бейне,
Тұманға сіңіп жалғыз бара жатты.
Өтті солай балалық сертіміз де,
өтті солай махаббат өртіміз де.
Нәркес жылдар! түспейтін енді уысқа,
енді ешқашан берілмес еркімізге.
Тұрдым бейне ұға алмай не болғанын,
қандай өмір соңымда қаланғанын,
не нәрсенің білсем ғой орнағанын,
қандай іске қолымның бара алғанын...

Эпилог

Дымқыл тартар шілдеде түн ауасы,
Ұзаған балалықтан жыл арасы.
көрінер сағымданып ту алыстан,
қираған махаббаттың мұнарасы.
Басылған сүзек сана,желігім де,
басылған сырғақ мезет, сері күн де.
қапыда қабат-қабат ұйқы көміп,
дәл бүгін оянғандай өмірімде
зыр қағып, жөнелемін бас ауғанға,
өткеннің үзіктері қашалғанда.
өткеннің құмырасы ашылғанда,
өкініш жалбыздары жосылғанда.
Келдім мен шарлай жүріп мекеніме,
баяғы сәби көңіл жетегіне.
оралдым балалықтың аралына,
қош айтып үлкендіктің жат еліне.
Оралдым ғой, ерке қыз, тұма көлге,
баяғы біз қыдырған бұла жерге.
Сен қайдасың?
жағадан көрінбейсің,
кеткенің бе өкпелеп мына әлемге?
Қаз қаңқылдар қанатын қағып-қағып,
жел дірілдер толқынмен ағып барып.
Сен жоқсың ғой,
балалық аралында,
жол іздеймін түнімен жарықты алып.
Ұмыттым ба күлкіңе таңдануды,
кеш мендік албырттықтан тамған у-ды.
кеш мені, күмілжіген сарсаңымды,
кеш менің бала серттен танғанымды.
Бір аты қателіктің өмір болар,
үрлесе өшкен отты, жалын болар.
кеудеде күңгірттенген жүрек енді,
мөлдірлік ұранымен дабыл қағар.
Балалық – құдіреттің қонған жері,
Балалық – кие мөрі тамған жері,
Айрылман балалықтан бұл өмірде,
Айрылман тұмалықтан кеудемдегі.
Балалық – ізгілікке қорған мекен,
Балалық – іңкәрлікке толған мекен,
Қоштаспан балалықпен бұл өмірде,
Қоштасқан өкініш пен арманда екен.
Балалық – тұнық өзен сыңғырындай,
Балалық – жарық бейіш тұрғынындай.
Шегінбе балалықтан бұл өмірде,
Шегінген сарсаң уақыт тұл ғұмырдай!
Балалық – сүйіспендік сыр ошағы,
Балалық – боран сойлы жыр ошағы.
Жақын бар балалыққа бұл өмірде,
сол өмір шын бақытқа ұласады!
Балалық – сәулелі ақыл елегінде,
Балалық – жаратылыс себебінде,
жаншыма дүр қазына болмысыңды,
қарап бақ рухыңның тереңіне!
Рухыңда – Иса жүзі, Мұса жаны,
Рухыңда – жаз өрнегі, қыс алабы,
Рухыңда – шулап аққан шексіз өзен,
Рухыңда – анық мекен нысаналы!
Айнала бейне ұжмақ арман үнді,
Жер – төсек,
аспан – шамдал,
жол – лағыл-ды.
білсең ғой қандай байлық иелендің,
білсең ғой қандай нұрға шомғаныңды!
Жау болма өзді-өзіңе, анық қара!
жазбасын Жаратқанның танып қара!
Рухыңда – інжу керуен, ізгі хабар,
Рухыңда – шоғыр хамса, тарихнама!

Жақпар-жақпар мола түн жатыр алда,
сұрғылт ойға батқандай шоқылар да.
кездеспейсің, білемін, бұлт түсінен,
ас мәзірін көрмеспін оқығанда.
Гүл аламын,
сыйланбас саған бірақ,
У ұрттаймын, қала алмай одан жырақ.
тұтынамын даяшы берген асты,
түйме сатып аламын жарамдырақ.
Сен болмайсың алайда жол тұсында,
көпір маңда, жағалау, тал тұсында.
сен келмейсің жүдеген сәттерімде,
қалың ұйық ішінен малтысуға.
Тор мойынды күйдіріп күн аптабы,
мүмкін қақпа ашылар жырақтағы,
мүмкін сарай қалармын сіріңкеден,
тыныштықты түзе ме ол бірақтағы?
Сен қайдасың?
еңсемнің езілгені,
езілгені кеткенге жаз ілгері.
ақ уыздай сырларың өзіңде ме,
жұлдызқұрттай жұмбағың өзіңде ме?
Ұмытқам жоқ сертімді, мәртебелім,
өмірде үлкен болмауға серт етемін,
үлкен болып жүрмеуге серт етемін,
үлкендердей күлмеуге серт етемін!