Президент • 12 Желтоқсан, 2022

Одақ аясындағы ынтымақтастық тереңдей түспек

360 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты.

Одақ аясындағы ынтымақтастық тереңдей түспек

Суретті түсірген Аманқұл Дүйсенбаев

 

Саммитке Қазақстан Президен­тімен қатар Қырғызстан Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Пре­зиденті Владимир Путин, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттерден – Куба Президенті Мигель Диас-Канель, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Ле­бедев, сондай-ақ Еуразиялық эконо­микалық комиссия алқасының төр­ағасы Михаил Мясникович қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен қонақжайлық көрсеткені, оты­рысты жоғары деңгейде ұйым­­дас­­тырғаны үшін қырғыз тарапына және Садыр Жапаровтың жеке өзіне алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ға мүше елдердің президенттері жел­тоқ­сан айындағы кездесулерде дәс­түрлі түрде бірлескен жұмысты қо­рытындылап, алдағы кезеңде атқа­ратын міндеттерді айқындайтынын атап өтті.

– Біз бүгінде әлемдегі сауда-сат­тықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж са­лықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынты­мақтастығымыз жаһандық үрдіс­терден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады. Сыртқы фак­тор­лардың қысымына қарамастан, Қазақ­станның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы биыл қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 миллиард долларға жетті. Бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өзара есеп айырысуда ұлт­тық валюталардың үлесі артып келеді. Бұл өзара іс-әрекеттердің дең­гейі жоғары және интеграциялық серік­тестігіміздің әлеуеті мол екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қа­зір­гі геосаяси тұрақсыздық жағ­дайында ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланыстарды сақ­тауы және нығайтуы, ортақ қағи­дат­тар мен мақсаттар аясында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін күш біріктіруі аса маңызды. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар басым мәселені атап өтті.

– Әлемдік инфляцияның елдері­міздің экономикасына кері әсерін азайту маңызды. Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көн­шіт­пейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономи­каның өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға дейін, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмен­детті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойын­дау қажет. Сондықтан біздің пікірімізше, елдеріміздің комиссия­лары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, аталған санкциялық шектеу­лер­дің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1

Президент халықаралық эконо­ми­ка­лық ынтымақтастықты дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті.

– Одақтың сыртқы сауда са­ласындағы мүддесі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Қазақстан аталған бағытты қолдайды. Енді префе­рен­циялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израиль­мен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдету маңызды. Аталған жұмысты бірлесе жалғастырған жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бес­тіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕАЭО аумағы арқылы тауарлардың еркін тасымалдануын қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, интеграциялық серіктестіктің тиімділігі «төрт еркіндік» қағи­датын сақтауға тікелей байланыс­ты. Оның бірі – тауар қозғалы­сы­ның еркіндігі.

– Біздің ортақ кедендік аумағымыз арқылы өтетін қазақ­стандық және қазақстандық қана емес, басқа да жүктердің қоз­ғалысын шектейтін, квота ен­гізетін, кідіртетін барлық жағ­дайды жою керек деп есептеймін. Мұндай шектеулер ЕАЭО аясын­дағы экономикалық ынтымақ­тастықтың сипатына да, мақ­сатына да сай келмейді. Ең басты­сы, бұл экономикалық инте­гра­цияның әлеуетін жүзеге асыруды шектейді. Жүк тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбыларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз. Бұл шара цифрландырудың интеграциялық процестерге оң әсер ететініне жақсы мысал болар еді. Аталған келісімде қарастырылған мем­лекеттік бақылау шараларын оңтайландыру Экономикалық одақтың кәсіпкерлік және көлік-транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Келісімді жедел ратификациялау осы мәселені шешуге ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

11

Президент 2020 жылы Еура­зиялық экономикалық интегра­цияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданғанын еске салды. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының пікірінше, Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл.

– ЕАЭО-ны дамытудың жаңа стратегиясын дайындауға, әсіресе ұлттық үкі­мет­тердің құқықтарын шектеуге қажет­тілік жоқ деп санаймыз. Қолданыстағы үлкен Шарттың өзі де, Одақтың бар­лық құқығы да – өзара мәмілеге негіз­делген ұзақ жылдар бойы жүргізілген келіс­сөздер мен мұқият сәйкестендірілген ұста­нымдардың нәтижесі. Шарттың институционалды және мазмұнды бөлігі барлық тараптың игі еркі мен экономикалық прагматизмін білдіре отырып, ұлттық және ұлтүсті құзыреттер арасындағы нәзік әрі тиімді тепе-теңдікті қам­тамасыз етеді. Одаққа мүше елдер 8 жылдан астам уақыт бойы заманауи сын-қатерлерді бірге еңсеріп келеді. Бұл өзара қолдау мен ұлттық мүдделерді құрметтеудің арқасында мүмкін болды. Біз Еура­зиялық экономикалық комис­сияға, Еуразиялық сотқа, Еура­зиялық даму банкіне жекелеген құқықтар бердік. Еура­зия­лық қайта сақтандыру ұйы­мын құрамыз. Осы уақыт аралығында біздің ұзақмерзімді ынтымақтастығымыздың кепілі – тараптар мүдделерінің тепе-теңдігі. Сондықтан ЕАЭО туралы шарттың институционалдық негіздерін ұстануды жалғастыру маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан интеграцияны дамы­туға шынайы мүдделі екенін атап өтті.

– Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, Одаққа мүше барлық мемлекеттің мүддесін, әрине, еліміздің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, әсіресе, кәсіпкерлеріміз мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруге тиіс. Бізді белгілі бір бағыттардағы процестердің «кібіртіктеуі» алаң­датады. Атап айтқанда, Одақтың цифрлық күн тәртібі туралы сөз болып отыр. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледі. БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде біз әлемдегі цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Қазақстанда мемлекеттік қыз­меттердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көр­сетіледі. ІТ технологиялар мен инновациялардың дамуы үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптардың халықаралық тех­нопаркі жұмыс істейді. Крип­тоиндустрия дамып, цифр­лық теңге енгізіліп жатыр. Бұл тәжі­рибені интеграцияны дамытуда, жалпы еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасау­да пайдалануға болады деп есеп­теймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз жаңа цифрлық технологиялар, крипто-экожүйелер және финтех саласында жетекші рөл атқару деп санаймын. Бұл міндетті орындауға болады. Оған қоса, Ресей, Беларусь, Арме­ния бұл салаларда тарихи тұрғы­дан айтарлықтай тәжірибеге ие. Одақ­қа мүше елдерді осы бағыт­тағы жұмысты күшейтуге шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі.

– Бір орында тұрып қалмай, жаңа тәсілдерді ұсыну маңызды. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеу­меттік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер керек. Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек. Тағы бір сала – туризм. Бұл бағытта Одақтың әлеуеті зор, туризмнің барлық түрі бізге қолжетімді. Халықтар арасында интеграцияны ілгерілетуге жағдай жасайық. Комиссия үкіметтермен бірлесе отырып, осы салада маңызды әрі шынайы жобаларды әзірлей алады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қоры­тын­дылай келе, Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірлескен күш-жігердің арқасында қазіргі сын-қатерлердің салдарын табысты жойып келетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында қырғыз тарапын және Садыр Жапаровты Қырғызстан төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтады. Мемлекет басшысы келесі жылы бұл мәртебелі миссия Ресей тарапына өтетінін жеткізді. Оның пікірінше, Ресей төрағалығы табысты болатыны күмәнсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі экономика ретіндегі Ресей Федерациясының күш-жігері ЕАЭО-ның дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.