Конференция жұмысын аша отырып, партия төрағасы алдағы сайлау науқаны кезеңіндегі партиялықтардың алдында тұрған бірқатар басым міндетті айқындап берді.
«Сайлау өзгеше саяси тәртіпте, жаңа ереже бойынша өтеді. Сондықтан сайлау науқанының стратегиясын қазірден дайындап алуымыз қажет. Өткен президенттік сайлау кезінде бізге халықтан 51 мың ұсыныс пен тілек келіп түсті. Соның 3 мыңнан астамы Түркістан облысының халқынан жиналды. Тұрғындарды жалақының төмендігі, тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық қатты алаңдатады. Сондықтан аталған мәселелер сайлауалды тұғырнамада көрініс табуы керек», деді партия төрағасы.
Партия төрағасы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын, бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдау бөлмелерін азаматтардың мәселелерін шешу үшін жұмылдыру маңызды екенін атап өтті.
«Біз өз сайлаушыларымызбен және жақтастарымызбен әрдайым тығыз байланыста болуымыз керек. Партия – ел Президентінің қоғамдық тірегі. Оның өңірлік желілері де, Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттар саны да көп. Аманаттықтар әрқашан алдыңғы қатардан табылады», деді Е.Қошанов.
Ол Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде волонтерлер мен партия белсенділері алғашқы күннен бастап қала тұрғындарына гуманитарлық көмекті таратуға атсалысқанын атап өтті. Тұрғындарға жылытқыштар, жылы көрпелер және бірінші кезекте қажетті заттар табысталды. Екібастұздықтарға көмек көрсету жұмысы жалғасып жатыр.
«Зардап шеккен отбасылардың баспаналарында жөндеу жұмыстары басталады. Осы кезде Екібастұздағы балаларды еліміздегі, соның ішінде Түркістан облысындағы шипажайларға жіберуге де болады. Партия 1300-ден астам оқушының қысқы каникул уақытында елдегі демалыс кешендеріне баруына жағдай жасайды», деді Ерлан Қошанов.
Ол сондай-ақ, партиялықтар жастармен жұмыс істеуге ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Жастар қатарына кіретін азаматтардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін жастар саясаты туралы жаңа заң жобасын ескере отырып, бұдан былай сайлаушылардың 40%-дан астамы осы санатқа жататын болады.
Сонымен қатар аймақтардағы аманаттықтар тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған партиялық жобаларды іске асыру жұмысын күшейту қажет. Олардың қатарында «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» және т.б. жобалар бар.
Конференция барысында филиалдың жаңа төрағасы сайланды. Осылайша, конференция жұмысына қатысқан делегаттар ашық дауыс беру арқылы Алтынсары Үмбетәлиевті «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының жаңа басшысы ретінде сайлады. Ол бұған дейін Шымкент университетінің «Экономика» кафедрасының профессоры қызметін атқарды.