Қазақстан бұл бағытта жоспарлы шаралар жүргізіп отыр. «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама қабылданып, іске асырылуда, тиімді заңнамалық база құрылды, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) ең тиімді жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық тетігі енгізілді. Еліміз өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінде ЖЭК-тің үлесін 2030 жылы 10%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай баламалы электр энергиясымен 50%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойды. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде бүгінде жиынтық қуаты 2 388 МВт болатын ЖЭК-тің 130 нысаны жұмыс істеп тұр. Орнатылған қуаттың көп бөлігі – 48,2%-ы немесе 1 150 МВт күн электр стансаларына, 40,0%-ы немесе 1150 МВт жел электр стансаларына, 11,7%-ы немесе 280 МВт гидроэлектр стансаларына, аз мөлшері 1,82 МВт биогазэлектр стансаларына тиесілі. Биылғы 9 айда ЖЭК объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 3,9 млрд кВт-сағатты құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан. Сонымен ЖЭК-тің үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергияның 4,6%-ы келіп тұр.
Байқап отырғанымыздай, соңғы 5 жылда ЖЭК объектілерінің орнатылған қуаты 7 есе (2017 жылы 341 МВт), ал ЖЭК-тің үлесі 4 есе (2017 жылы 1,1%) өскен. Бұл – «жасыл» энергетика саласындағы серпілістің айқын көрінісі.
Аталған жетістіктерде Қызылорда облысының да үлесі бар. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы арқылы өңірдің күн энергиясын өндіруде әлеуеті жоғары. Күн сәулесінің ұзақтығы жылына 2-3 мың сағатты құрайды. Бұл артықшылықты ескере отырып, өңірде аталған энергия көзін пайдалануға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде Қызылорда облысында жиынтық қуаты 89 МВт-ты құрайтын 9 күн электр стансасы жұмыс істейді. Оның үшеуі салыстырмалы түрде ірі және шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Ең ірісі саналатын «Baikonyr solar» қазақ-британиялық компанияға тиесілі қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасы Шиелі ауданында орналасқан. Ал Жалағашта франциялық «Total Eren» компаниясына тиесілі қуаттылығы 28 МВт күн электр стансасы, «Hevel» компаниясына тиесілі қуаттылығы 10 МВт электр стансасы бар. Бұл үш күн электр стансасының құрылысы өңірге 108 млн доллар инвестиция тартуға, 60 жұмыс орнын ашуға, электр энергиясы тапшылығының бір бөлігін жабуға, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын CO2 шығарындыларын жылына 122 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді.
Тағы да бірқатар күн электр стансасының құрылысы жоспарлануда. 2022 жылдың 10 қарашасында қуаттылығы 20 МВт күн электр стансасы жобасын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық өтті. Аукцион қорытындысымен Қазақстанның «Тесис» ЖШС компаниясы жеңімпаз болып анықталды. Жобаны Арал ауданында 50 гектар аумақта орналастыру жоспарлануда. Келісімшарт бойынша жобаны іске қосу мерзімі – 2024 жыл. Бұған қоса, Шиелі ауданында тағы бір күн электр стансасының құрылысы күтілуде. Сонымен қатар жел энергиясын және «жасыл» сутегін өндіру бойынша жобаларды өңірде іске асыру мәселелері пысықталуда.
Аймақта дәстүрлі энергия көздерін де дамыту жалғасуда. «Aksa energy» түрік компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт қазіргі заманғы жылу беру электр стансасын салу жұмыстарын жүргізуде. Электр стансасының қуаты өңірдің сұранысын толық қанағаттандыруға жетеді. Осының нәтижесінде Қызылорда облысы электр энергиясын импорттаушы аймақтан экспорттаушыға айналады.
ЖЭК жобалары инвестициялық преференциялар беру қаралған қызметтің басым түрлерінің тізбесі кіреді. «Kazakh invest» ұлттық компаниясы «жасыл» энергетика бойынша жобаларды іске асырушы инвесторларға оқыту вебинарларын ұйымдастыру арқылы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға, инвестициялық келісімшарт жасасуға және жобаларды сүйемелдеуге қолдау көрсетуде. Тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету – өңірлердің экономикалық өрлеуінің кепілі.
Мұрат БАЛАБАЕВ,
«Kazakh invest» ҰК» АҚ Қызылорда облысы бойынша өңірлік директоры