Қоғам • 12 Желтоқсан, 2022

Арна басындағы дау

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыркүйек айында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов пен «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов суару жүйелерін жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, бірқатар келең­сіз­діктің орын алмауын жауапты тұл­ғаларға шегелеп тұрып тапсырған еді. Сол кезде Байзақ ауданына қарасты Сеңкібай арнасы да назардан тыс қалмаған болатын.

Арна басындағы дау

Шаруалардың жақын маңдағы тұрғын үй иелері мен шаруашылық құрылыстардың су өткізуге кедергі келтіретініне алаңдайтынын ескерген өңір басшысы тиісті тұлғаларға нақты шаралар қабылдауды ескерткен еді. Одан бері біршама уақыт өтті.

Алайда қараша айында Сеңкібай арнасына қатысты жұрт жанайқайын БАҚ өкілдеріне жеткізді. Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, 14 елді мекенге су жеткізіп отырған каналды әркім өз бетінше бітеп тастаған екен. Соның салдарынан егіс алқаптарына бірнеше жыл бойы су жетпей келеді. Осы мәселені оңынан шешуді талап еткен жұртшылық ушыққан мәселеге жергілікті атқарушы билік нүкте қойса дегенді алға тартады.

«Каналдың бойында отырған халық­ты кім ойлайды? Әлдекімдердің арнаны бітеуі салдарынан халық жапа ше­гіп отыр. Жергілікті атқарушы билік өкіл­дері біздің шымбайымызға батқан осы мәселе­ні шешіп берсе дұрыс болар еді. Халық­қа қарайласатын кім бар өзі?», деген Сең­кібай ауылының тұрғыны Әнуар Серік­баев­тың жанайқайы ешкімді бейжай қалдырмаса керек.

Расында да уақытында арнасынан асып аққан канал суының Тараз қаласынан шығар тұсының қаңсып қалғаны кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Шіліңгір шілдеде су іздеп сарылған халықты әлде­кім­дердің арнаны қолдан құрғатып отыр­­ғаны ашындырғаны ақиқат. Олар ық­пал­ды адамдардың өз тірлігі үшін жұрт­­тың жүйкесіне ши жүгірткеніне өкпелі. Мұндай келеңсіздіктің ары қарай жалғас­қанын қаламайды. 

Өткір мәселеге байланысты үн қатқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев мәселенің мәнісіне терең үңілетінін айтқан болатын.

«Бұл дерек бойынша енді ғана хабардар болып тұрған жайым бар. Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты нақты жұмыстарды бастай­тын боламыз. Қорғау аумағына кірген же­кеменшік кәсіпкерлер, жеке үйлер бар, заңсыз меншіктеп алу бар, каналдарға кәріз жүйелерін шығарып қойған деректер кездеседі. Сол бойынша жұ­мыстар жүргіземіз», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары.

Расында да жаз мезгілінде арна суы­на жарымаған жұрттың жанайқайын бірнеше мәрте естіген болатынбыз. Мәселен, Сарысу ауданына қарасты Ұйым елді мекенінің шаруалары «Сарыөзек» арнасынан келетін суға жарымай отырғанын, су тапшылығы салдарынан шығынға бат­қанын айтып дабыл қаққан еді. Атал­ған мәселе «Egemen Qazaqstan» газетін­де тамыз айында «Шығынға батқан шаруалардың мәселесін кім шешеді?» деген тақырыппен жарияланған.

Қыс мезгілінің қамын жазда ойлайтын жұрт жаздың мәселесін қыс кезінде қамда­ғанды жөн көретін секілді. Оны олардың жанайқайынан аңғару қиын емес. Олар осылайша қарлы қараша айында Сеңкібай арнасының мәселесіне бас ауыртқан еді.

Қала әкімінің орынбасары атал­ған мәселе бойынша талдау жұмыс­тарын жүр­гізген де болар. Әйтсе де, жаз мезгілінде мұндай мәселе қай­талан­басына кім кепіл? Сеңкі­байдағы жанайқай толығымен шешімін тапты ма, әлде проблема күйінде қалды ма? Уақытында көре жатармыз. Жалпы, жұрттың жанайқайы назарымыздан тыс қалмақ емес. Өйткені жаз мезгілі келсе болды, шаруалардың мәселесі алдымыздан жиі шығады. Жұрттың тілегін жергілікті билік дер кезінде ескерсе дейсің.

 

Жамбыл облысы