«Бүгінде бір жарым мың шақырымнан астам жылу желілері ауыстыруды және жөндеуді қажет етеді. Олардың орташа тозуы 75 пайыздан асады, ал Арқалық, Риддер, Шемонаиха қалаларында желілердің тозығы жеткен. Үкімет бұл мәселені үш жылдың ішінде шешуі керек. Комиссия есебіне сәйкес, әңгіме 528 млрд теңге туралы болып отыр. Бұл қаражат тиісті бюджеттік несиелеу және тарифтік саясат арқылы қамтамасыз етілуі тиіс», деді Президент.
Сонымен қатар Президент 5 жылдан астам уақыттан бері кәріздік тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппағанына тоқталды.
«Қазір біз бюджеттік қаржыландыру мен несиелерді тарту туралы айтып жатырмыз. Жарияланған жоспарлар ешқашан орындалмады. Енді міне, Үкімет пен әкімдер ілесудің орнына жоспарларды төмен қарай қайта қарап, 2025 жылға дейін небәрі 7 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал бүкіл ел бойынша бізде 68 проблемалы кәріздік тазарту құрылыстары бар», деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мәселенің басты себебі - тариф саясатының дұрыс жүргізілмеуі.
«Осы саясат табиғи монополия қызметтерінің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл қызметтің тегін болмайтыны түсінікті. Нысандарды күтіп ұстауға және жаңғыртуға қажетті қаражат тариф есебінен бөлінуі керек. Бизнестен шығынға батып жұмыс істе деп талап ету орынсыз. Әр нәрсе жөнімен жасалуға тиіс. Мен бұл туралы Жолдауда айттым. Бірақ нақты әрі нәтижелі жұмыс әлі атқарылмай отыр», деп қосты Қ.Тоқаев.
Жаңа тариф саясатының ережелері бекітілген жоқ. Тарифтерді қарастыру және келісу үдерісі жабық есік жағдайында өтеді. Табиғи монополия субъектілерінің міндеттемелерді орындау тәртібін тиісті деңгейде қадағалау керек.