Президент • 12 Желтоқсан, 2022

Ауылдарда 700 жаңа медицина нысаны салынады

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасының орындалмауына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Ауылдарда 700 жаңа медицина нысаны салынады

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді.

Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті», деді Президент.

Президент келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаның басталатынын айтты. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды.

«Сондай-ақ ауылдағы әлеуметтік салада өзгерістер болады. Ауылдың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынады. Шамамен 700 жаңа медицина нысаны салынады. Көп салалы 32 аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осының бәріне 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Жалпы, аймақтарда инфрақұрылымға қатысты мәселелер аз емес. Тұрғын үй тапшылығы, жылу, энергия және су желілерінің ескіргені, жолдардың тозып тұрғаны баршаға мәлім. Бүгінгі басқосуға облыс әкімдері қатысып отыр. Жаңадан тағайындалған басшылар да бар. Сіздерге сенім артамыз. Әр аймақты тұрмыс сапасы жоғары «қуатты өңірге» айналдыру үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Табанды жұмыс істеу қажет», деп атап өтті Қ.Тоқаев.