Қазақ жазушыларының ішінде күнделік жанрына ыждағатпен қараған кісінің бірі – Ғабит Мүсірепов. Былайғы жұртқа «Ғабеңнің қойын дәптері» деген термин етене таныс. Ол бірде: «Жазушы әр сөйлемінде кеткен әрбір артық буынды, не болмаса жетпей тұрған бір буынды сезінуге тиісті» немесе «Прозаңды қай стильде, қандай екпінде бастайсың, ол алған тақырыбыңа байланысты. Прозаның бар жанрына түгел ортақ бола алар көркем стиль жоқ», деп ағынан жарылады. Айтса айтқандай-ақ. Ғабеңнің бұл сөйлемдері өзінен кейін қалам ұстаған буынға, оның шығармашылыққа деген жауапкершілігіне байланысты сөз болмақ. Өзім білдім, толдым демей, білгенін өзгелермен бөлісу – ұлылардың үйреншікті әдеті. Мүсіреповтің да осы мінезі оның әдебиетке, ұлт руханиятына адал екенін дәлелдейді.
Ал келесіде ол кітап туралы қойын дәптеріне мынадай сөздерді түртіпті: «Шығарма сыншылар үшін жазылмайды, кітап оқушылар үшін жазылады. Мазмұн неғұрлым эмоция арқылы берілсе, соғұрлым бағалы. Тура айтылған мазмұн қаншалықты салмақты болса да, ол көркемдік арқылы берілмесе, ол шығарма очерк, ол көркем әдебиетке қосылмайды», дейді. Бәрі де туған ұлтының әдебиетінің тұғыры биік болуы үшін айтылған сөздер. Соның жұлдызы жанып, айы асқақ болуына арналған ағыл үміттер мен тілектердің бір ұшқыны да осы.
Кейде қорқақ кісі де гуманист
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің ауруханада жазған күнделіктерінде де айрықша ойлар айтылады. «Талай күннен бері әне жауады, міне жауады деп жүрген жаңбырлары өткен түнде басталды. Ғажап салқындық, бір рақат самал еседі. Әй бір ұйықтадық-ау.
Түскі астан кейін де ұйықтармын-ақ деп ем, болмады: екі қара шыбын емешемді құртып бітті. Тұмсығымнан бастап, кірпігіме шейін қонып шықты.Бірер газетті қатты шиыршықтап алып, ұрып та өлтірмек болдым. Дегенмен өзіңнің адам болар-болмасыңыз әлі белгісіз бола тұрып, шыбын да болса тірі мақұлыққа қазауаттық ойлаған ұят секілді көрінді. Әрі ... Менің екі бірдей сыншым болып еді. Олар да осы екі шыбын сынды мазамды алған болатын. Ол екеуі де тірі жүр ғой, мына екеуі де тірі жүре берсін деген ой келді. Жалқау кісінің гуманист келетіні рас. Кейде қорқақ кісі де гуманист». Ақынның әлденеден қажыған сәтіндегі ойлары қойын дәптерге түскенін, тіпті «сыншы» деген ат жамылғандарды екі шыбынға теңегенін есті оқырман аңдайды. Неге шыбын? Ол да адам жанын ызыңдаумен мазалайды, жосықсыз сын айтатын сыншылар да сол.
Күнделіктің келесі бір беті былай басталады: «Таңертең біреу Ақан серінің «Мақпалын» салды. Әй, ән-ақ қой, шіркін. Қанша ой, сезім, мұң, шындық жатыр. Әннің әр иіні бір-бір дүние, бір-бір материк секілді. Ақан сері – ән өнерінің асқақ ұстындарының бірі.
Үйірі қысырақтың Мақпал қара,
Қара шашыңды күндіз жу да,
түнде тара.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.
Қалай,ә! Осындай құдіретті Ырымбайка сезіне ме? Ішіне қатсын! Ол әлгіндей әндерді ешкім түсінбейді, бағаламайды деп ойлайды. Әрине, орындай да алмас еді. Оған ән емес, қолшапалақ керек. Қолды көп шапалақтайтын әрі арзан дуылдайтын қоғамның ең тәжірибесіз, біліксіз, талғамсыз тобы – жастар, олар да есейер-ау, бірақ өнер адамының өз есі кірмей-ақ барады. Успех! Какой тебе успех? Самообман!». Күйді, өнерді жақсы түсінетін ақынның әнге елітуі жайдан-жай емес.
Мейлі кім қалай жазса да, күнделік бетіне түскен әр сөйлемде сол тұстағы қоғамның бейнесі суреттеледі. Ол күнделік иесінің сол сәттегі көңіл күйімен немесе әлдебір құбылысқа деген көзқарасымен берілуі әбден мүмкін. Сіздің де қойын дәптеріңіз бос қалмасын, қаламдас!