Форумда жастар көтерген басты мәселе – ауыл жұртшылығының қазіргі тұрмыс-тіршілігі. Олар «ауыл-аймақ гүлденіп, қалалық деңгейге дейін өркендеуі қажет», дейді.
– Жастар ауылдың тұрмысын түзеп, дамыту керек дейді. Әрине, бұл орынды пікір. Бірақ ауылдың өзіндік ерекшелігін жоғалтуға болмайды. Егер олай істесек, ондағы жақсы үрдістерден айырылып қаламыз. Қаймағы бұзылмаған ауылдарды сақтап қалу маңызды. Жас буынның айтуынша, ауылдарда ескі жүйенің екпіні сезіледі. Содан құтылу керек шығар дейді. Шын мәнінде ойланатын нәрсе, – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Анас Баққожаев.
Сонымен қатар жаңа буын өкілдері инфрақұрылым, ауыл жастарын дамыту және қолдау, елімізде оңтайлы жастар саясатын қалыптастыру, елді мекендерде спортты дамыту мәселелерін сөз етті. Мәселен, олар денешынықтыру мұғалімдерінің жалақысын өсіріп, ақша еселегеннен гөрі барлық құрал-жабдығы бар спорт орталығын қаржыландыру қажет, деген пікір білдірді.
Форумда партия төрағасы Әли Бектаев мемлекеттік шешімдер қабылдауда жастар пікірінің маңыздылығын атап өтті.
Осы уақыт ішінде ауыл жастары елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатыса бастады. Биылғы форумның ерекшелігі, жастар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы турасында өз ұсыныстары мен идеяларын ұсынды, – деді Ә.Бектаев.
Іс-шараға ауылда ісін дөңгелетіп отырған бизнес өкілдері де қатысты. Медициналық тауарлар өндірумен айналысатын жас ғалым, кәсіпкер Алмас Мұхаметов ауылда бизнесті дамыту тиімді әрі маңызды дейді. Қазір ол медициналық бұйымдар шығарып, Алматы облысындағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып жатыр. Сондай-ақ Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Приреченка ауылдық округінің жас әкімі Мейірхат Жанділдин ауылды басқару тәжірибесімен бөлісті. Ал студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова ауыл жастарының жоғары білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін бағдарламаларды ортаға салды.
Форумға қатысушылар бұдан бұрын «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу қажеттігі туралы «Ауыл» партиясы ұсынған ұсыныстарын қолдады. «Жастардың барлық ұсынысы алдағы уақытта партияның бағдарламалық құжаттарына айналады», деді партия басшылығы.