Әлем • 13 Желтоқсан, 2022

Саакашвили Макроннан көмек сұрады

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қамауда отырған Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Франция президенті Эммануэль Макронға хат жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Саакашвили Макроннан көмек сұрады

Хатта Саакашвили Макроннан көмек сұрап, өзінің аз ғана ғұмыры қалғанын айтқан.

«Мен өмір бойы Грузия мен Украинадағы бостандық пен реформалар үшін күрестім, Ресейдің империалистік саясатына қарсы болдым. Путин мені өзінің басты жауларының бірі санайды. Ол мені өлтіремін деп жұрт алдында уәде берді. Қазір мен оның жеке тұтқындарының бірі ретінде түрмеде отырмын. Токсикологтар мені түрмеде уланған деген қорытындыға келді», делінген хатта.

Саакашвилидің денсаулығына дәрігерлер де алаңдаушылық білдірген.

«Мен салмағымның үштен бірін жоғалттым, қозғала алмаймын. Маған халықаралық деңгейде реакция керек, өйткені мен өліп барамын. Уақытым аз», деп жазды Саакашвили.

Грузияның экс-президенті сонымен қатар президент Макрон мен Франция халқынан үміт күтетінін айтқан.

Айта кетейк, мұндай ақпарат Georgia-Online сайтында және «Анадолы» агенттігінде жарияланған.