– Сұранысқа ие инженерлік кадрларды даярлауда қандай әдістемелерге сүйенесіздер?
– ХХ ғасырда адамзат баласы түсінікті де оңай болжам жасауға болатын заңдылықтармен өмір сүрді. Ол заманда нақты модельдер, айқын схемалар, тұрақты бағдарлар болды. ХХІ ғасыр басталысымен орнықтылықты тұрақсыздық, болжамдылықты белгісіздік, қарапайымдылықты күрделілік, анықтықты дүдамалдылық алмастырды. Технологиялық және ақпараттық-коммуникациялық дамудағы күрт серпіліс қоғамдық құрылысты трансформациялауды одан әрі жалғастыру үстінде. «Үздік тәжірибе де кеше болған» деген сөз қазіргі әлемнің өзгермелілігін дәл білдіреді.
Белгісіздіктің, күрделіліктің және екіұдайлықтың артуы өзге де әлеуметтік-экономикалық құрылымдар сияқты, білім ұйымдарының да ғылыми мәселелерді, әлеуметтік міндеттерді заман сұранысына сай шешуі керек екенін айқындап берді. Жаңа жағдай университеттерден «белсенді білімі», «әрекет білімі» бар, ғылыми, инженерлік-конструкторлық, технологиялық жұмысты орындай алатын, бәсекелестікке қабілетті мамандарды даярлауды талап етеді. Сондықтан, тек бір бағытта жүрмейтін, құбылмалы және мазасыз әлемде өмір сүрулеріне тура келетін мамандарды даярлауды жоспарлап отырған университеттер үшін білімге практикалық тұрғыдан бағытталған тәсіл бастапқы негіз болуы мүмкін.
Еліміздің шығысында орналасқан техникалық университет командасы инженерлік кадрларды даярлауды қалай пайымдайтынын түсіндіріп өтсем деймін.
Инженерлік білім елдің экономикалық әлеуетін қалыптастырады. Ендеше, білім сапасының артуы экономика мен өндірістің жедел де қарқынды өзгеруін қамтамасыз етеді. Университеттен қанат қағып ұшқан түлек ертеңгі күнге, технологиялық және өндірістік үрдістерге ықпал етіп, елдің дамуына үлес қосатынына сеніммен қарауға тиіс. Жоғары оқу орнының ұмтылысы, жоспары мен міндеттері де осы мақсаттарды көздеуі шарт. ШҚТУ – бұл міндеттерге қол жеткізуі үшін әуелі университеттің өзі дамуы керектігін түсінетін, әлеуметтік академиялық қоғамдастықтың жетістіктеріне бағыт ұстаған оқу орны. Бұл қоғамдастықтың мүшесі болу – күрделі, бірақ жүзеге асыруға тұрарлық іс.
Қазір ШҚТУ – Орталық Азиядағы халықаралық стандарттар мен CDIO (Conceive-Design-Implement-Operate/ойлап табу-әзірлеу-енгізу-басқару) бастамасы негізінде инженерлік білім беру тұжырымдамасын іске асыратын жалғыз университет. Бастаманың мақсаты – қазіргі құбылмалы жағдайларда (VUCA әлемі және Bani әлемі деп аталатын) күрделі объектілерді, процестер мен жүйелерді жоспарлауға, жобалауға, өндіруге және қолдануға қабілетті түлектерді даярлау. CDIO жобасына қатысушылар – білім берудегі теория мен практика арасындағы қайшылықтарды жою арқылы инженерлік білім беруді жетілдіру тұжырымдамасын енгізетін ірі халықаралық білім беру жобасы. Біздің университет Ұлыбритания, АҚШ, Аустралияның техникалық университеттерінің қатарына қосылып, осы жаһандық бастаманың бір бөлігіне айналды.
Бұл жоба CDIO стандарттарына сәйкес білім беру процесін жаңартуға мүмкіндік берді: барлық элемент құзыреттілік және технологиялар трансфері орталықтары арқылы студенттердің инженерлік біліктілігін, практикалық білімі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
CDIO-ға қатысушылардың бастамасын қолдау, біріншіден, Шығыс Қазақстанның жетекші кәсіпорындары – «Машзавод» ЖШС, «Қазминералс Ақтоғай» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «Өскемен өндірістік арматура зауыты» АҚ және басқалармен тығыз серіктестік байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Екіншіден, инженерлік кадр даярлаудың 60 жылдық тәжірибесі бізге Қазақстанның барлық жоғары оқу орны пайдалана алатын «озық инженерлік білім берудің ұлттық моделін» әзірлеуші болуға құқық береді. Осылайша, шетелдік ұйымдармен және жергілікті өндіріспен ынтымақтастықта жинақтаған тәжірибемізді бүкіл Орталық Азиямен бөлісе аламыз. Біздің университет бұл салада ізашар болып отыр.
– Шығыс Қазақстанның «Қазақстан индустриясының жүрегі» атануына ұйытқы болып отырған ірі кәсіпорындарды атадыңыз. Сіз басқарып отырған жоғары оқу орны олармен қалай байланыс орнатып отыр?
– Әлбетте, университет облыс кәсіпорындарымен, бизнес өкілдерімен өте ұзақ, тығыз және өнімді байланыс орнатып отыр. Әріптестер білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға белсенді қатысып, оқу процесін жүргізу үшін өз ресурстары мен өндіріс алаңдарын ұсынады, бағдарламалардың тәжірибеге негізделуін күшейтеді. Студенттер «Үлбі металлургия зауыты», «КЭМОНТ», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарында, «Өскемен ЖЭО», Өскемен конденсатор зауытында, «Казцинк», «Қазақмыс» корпорациясында, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында» және басқаларында тәжірибеден өтеді; оқу бағдарламасының бір бөлігі олардың цехтары, зертханалары мен бөлімдерінде іске асырылады және қосарлы білім беруді қамтамасыз етеді.
Инженерлік кадр даярлау бойынша ынтымақтастықтан бөлек, аталған кәсіпорындар үшін ғылыми технологияларды генерациялауды жүзеге асырып, өңір мен елді дамыту үшін жаңа формациядағы компанияларды құру шарттарын қалыптастырамыз.
ШҚТУ ғылымды индустриямен біріктірудің тиімді тетіктерін көрсетіп отыр. Мәселен, серіктестермен өзара іс қимылдың негізгі форматы – кадр даярлау және геология, геологиялық барлау, медицинадағы аддитивті технологиялар, ауыл шаруашылығы үшін жерді қашықтықтан зондтау әдістері, көміртек қауіпсіздігі сынды бағыттар бойынша RnD жобаларын іске асыру. ШҚТУ ғалымдарының зерттеулері TRL 7-8 деңгейіне дейін өсіп отыр. Яғни прототиптік өнімдерді, технологияларды және енгізуге дайын әдістемелерді қолдануға дейін.
Әдетте, өңірлік университеттер білім беру сапасын арттыру, жаңа білім беру технологияларын дамыту, ғылыми мектептерді қолдау шараларына жүгініп, шектеулі ресурстар жағдайында өмір сүруге мәжбүр. Соған қарамастан, олар кейбір көрсеткіш бойынша елордалық университеттерден озып жүр.
Университеттің ғылыми-техникалық инфрақұрылымы Қазақстан өнеркәсібінің технологиялық міндеттерін шешетін 14 құзыреттілік және технологиялар трансфері орталығы мен 53 зертханадан тұрады.
Жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, серпінді жобаларды іске асыруға және кадр даярлауды жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәселен, академик Н. Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығымен бірлесіп, «диагностиканың тиімділігін арттыру, жарақаттар, жарақаттар салдарын, аяқ-қол, омыртқа және жамбас ауруларын емдеу үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және ғылыми негіздеу» жобасы жүзеге асырылу үстінде. Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты «Пайдалы қазбалар кен орындарын анықтау перспективасы бар Қазақстан құрылымдарының инвестициялық тартымдылығын ғылыми бағалау» жобамызға қатысады.
ШҚТУ технологиялық даму бағдарламасын халықаралық серіктестер де қолдайды. Олар – Колорадо тау-кен мектебі, Массачусетс технологиялық институты (АҚШ), Кертин университеті (Аустралия), Вроцлав политехникалық университеті (Польша), Обуда Университеті (Мажарстан), МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университеті, Томск политехникалық университеті (Ресей) сияқты 20 шетелдік технологиялық жоғары оқу орны.
Тағы бір жақсы жаңалықты бөліссем деймін. Биыл қазан айында университет Дүниежүзілік Банктен «Smart engineering» құзыреттілік орталығын құру үшін 422 миллион теңге қаржы алды. Жоба аясында консорциум құрылып, оған ШҚТУ-дан бөлек, отандық «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» және «Қостанай агромеханикалық зауыты» сияқты компаниялар қатысты. Технологияларды коммерцияландыруға мүмкіндік беретін ғылым мен бизнестің кооперациясы – ел дамуының ең сенімді және дұрыс жолы.
Бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобаларын жүзеге асыру, 20 гранттық зерттеу жұмысын орындау – өңір кәсіпорындары проблемаларының шешімі болмақ. Ол мықты қолданбалы ғылымды қалыптастырып, университеттің жалпы бюджетінде ғылымды қаржыландырудың елеулі үлесін, яғни 18 пайыз деңгейінде қамтамасыз етеді.
– Жетістіктеріңізге қуаныштымыз. Дегенмен, өңірлік университет ретінде қандай қиындықтарыңыз бар?
– Мен әңгімелеген идеялар мен жобалар өңірлік университеттің бәріне тән қиындықтар – кадр ресурсының шектеулілігі, жастардың орталық қалаларға кетуі жағдайында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, өңірлік университеттерге ірі қалалардың ЖОО-ларымен бәсекелесу оңай емес. Техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы, негізінен, Алматы мен Астананың жоғары оқу орындарына шоғырландырылады. Ал инженерлік кадрларды даярлау үшін тәжірибеге бағдарланған техникалық база және Қазақстан өңірлеріндегі өндіріспен тығыз байланыс қажет. Демек мемлекеттік білім беру тапсырысының экономика салаларына кадрлар даярлау міндеті ішінара ғана орындалады.
Енді білім беру бағытын өзгерту керектігін түсінгендейміз. Тарқата айтсақ, экономика секторларын дамытуды таңдау 18 жастағы талапкерлерге байланысты болып, ал өңірлік жоғары оқу орындары контингент тапшылығына ұшырап, өңірлер өндірісі мен өнеркәсібі білікті кадрлардың жетіспеушілігіне тап болып отырған қазіргі кезде жағдайды өзгерту қажет деген түсінік пайда болды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің: «Үкімет өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға, олардың рөлін арттыруға басымдық береді» дегені бәрімізді қуантты. Өңірдің өнеркәсіп қажеттіліктеріне сәйкес белгілі бір салаларда мамандар даярлауды регламенттейтін Кәсіптердің өңірлік атласы жаңғырту құралына айналады. Мұндай жағдайда жергілікті талапкер басқа қалалар мен елдерде білім алуға ұмтылмай, өз университетінде білім алатынын және өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға кепілдік берілетінін түсінеді. Өңір экономикасының құрылымына сәйкес техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын квоталау экономика мен өнеркәсіптегі жаңа тетіктерді қамтамасыз етеді деп ойлаймыз.
– Кейінгі кезде академиялық ортада барлық құрылым мен ұйымның әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі жиі талқыланып жүр. Университет қоғамға қалай әсер ете алады? Бұл бағытта қандай бастамаларыңыз бар?
– Өздеріңіз білесіздер, университет миссиясы – білім және ғылым. Үшінші миссия – жергілікті қоғамның дамуына қосқан үлесі. ШҚТУ озық білім беру бағыттары мен ғылыми зерттеулер жүргізетін орын ғана емес, әлеуметтік маңызды міндеттердің шешімін бірлесіп іздейтін ұжымдық креативтің ашық алаңы. Біз Үкіметтің көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу туралы бастамасын қолдап, «Аумақты кешенді бағалау арқылы көміртекті бейтараптық» жобасын ұсынып отырмыз. Ғалымдарымыз парниктік газ көздеріне түгендеу жүргізіп, аумақтардың өзін өзі тазарту қабілеті мен атмосфералық процестерін ескере отырып, оның әлеуетін бағалау әдістемесін негіздейді. Нәтижесінде, көміртегі бойынша аумақтардың қарапайым да түсінікті моделі жасалады.
Тағы бір уақтылы жоба – электронды қалдықтарды қайта өңдеу бойынша стартап. Пластикті ұсақтау және оны қайта пайдалану үшін электрондық платаны талдайтын шағын желі әзірленді. Материалдарды дұрыс тұтыну, үнемдеу және қайта өңдеу орнықты даму принциптерін жүзеге асыруға, қоршаған орта ресурстарын үнемдеуге, әлемге экологиялық көзқарас мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Биыл университетте жастар кәсіпкерлігін қолдау бойынша «Ангар» жобасы іске қосылды. «Бионикалық қол», «Гидропоникалық жасыл жем», «Өкпені жасанды желдету аппараты» жобалары – қоғам өмірін өзгертуге бағытталған стартап нәтижелері.
Сондай-ақ университет Well-being халықаралық тәжірибелеріне негізделген ғылыми және білім беру қызметі, бос уақыт және шығармашылық үшін барынша қолайлы орта құруға мүмкіндік жасауға ұмтылып отыр. «ШҚТУ Otbasy – ырыс-береке аймағы «Well-being» жобасы табысты жұмыс істеуде. Корпоративтік мәдениет қағидаттары бойынша қолдау көрсетіледі. Жоба Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен «Qazaqstan Project Manadgment Awards-2022» форумында Қазақстан жоғары оқу орындарының жобалары арасында үздік деп танылды.
Университетте қалыптасқан құндылықтар – өзін өзі дамыту, жанға жайлы еңбек және эмоциялық орта, корпоративтік бірлік, саналы тұтыну, саламатты өмір салты және еңбек құндылықтары. Студенттердің жайлы жатақханаларда тұрып, заманауи зертханаларда білім алуға, бос уақыттарын клубтар мен үйірмелерде өткізуге, фитнес-залдарда және спорт алаңдарында спортпен айналысуға қажетті мүмкіндіктері бар. Психологиялық жеңілдік кабинеті университет командасының кез келген мүшесі үшін әрқашан ашық. Қызметкерлер мен студенттердің қаржылық сауаттылығын, эмоциялық орнықтылығын арттыруға арналған оқыту семинарлары мен тренингтер өткізіледі. Белсенді волонтерлік және қайырымдылық қызмет ұжым мүшелерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
ШҚТУ-да жан-жақты даму, ашық қарым-қатынас, нәтижелі ынтымақтастық үшін қолайлы орта құрылып, жетілдірілу үстінде. Біз жастарды, бизнесті, индустрияны өз ортамызға шақырамыз. Қазақстанды өркендету жолында ынтымақтастық орнатып, күш-жігерімізді біріктіруге әрқашан дайынбыз!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»