Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Биыл 15 шілде мен 15 қазан аралығында ұйымдастырылған байқауға барлығы 405 өтінім келіп түскен. Жобаның негізгі мақсаты – балаларға арналған отандық шығармаларды дәріптеу, балалар әндері мен өлеңдерінің репертуарын толықтыру. Сондай-ақ еліміздегі балалар композиторлары мен ақындарының шығармаларын насихаттау. Оларды балабақшалар мен мектептерге, балаларға арналған музыка мекемелерде, мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарына, шалғайдағы ауылдық кітапханаларға қолжетімді ету.
Тартысты бәсекеде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы хор дирижерлеу бөлімінің түлегі, «Тандау» компаниясының музыкалық продюсері, композитор Эльмира Дехгани үздік танылып Гран-приді жеңіп алды.
«Байқау ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Балалар әндері, жалпы, шығармашылығы енді таныла бастаған ақын-композиторлар арқылы одан әрі қанатын кеңге жаяды. Осылайша, бұл бағыт жаңаша серпінмен дамиды деп ойлаймын», дейді Э.Дехгани.
«Балаларға арналған ән» номинациясы бойынша Әліби Әбдінұров бірінші орынды иеленді. Жүлделі екінші орын Самат Рыспанбетов пен Бекжан Қайратұлына бұйырды. Бауыржан Есебаев пен Нұрислам Доспай үшінші орыннан көрінді.
«Балалар поэзиясы» номинациясы бойынша Жадыра Байбұланова бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Серікбол Хасанов пен Достық Тілеубергенов иеленді. Баянғали Әлімжанов пен Назира Бердалы үшінші орынға табан тіреді.
Байқауға қатысушылардың кәсіби білігі мен жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмаған. Жеңімпаздарды марапаттау гала-концерті Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өтті. Жиынға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова үздік танылғандарды құттықтап, іс-шараның маңызына тоқталды.
«Бұл байқауды Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылында өткізудің мәні ерекше. Отанға деген сүйіспеншілікке, жоғары патриоттық ниетке оң көзқарасты қалыптастыратын мәдени өнімдерді құру керек. Бұл іске өнер туындылары арқылы үлес қосқысы келетін отандық авторларды қолдаудың да маңызы зор. Конкурсқа 400-ден аса өтініштің түсуі қоғамда рухани-адамгершілік жағынан өсуге және өзін-өзі жүзеге асыруға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді», деді С.Тұрсынбекова.
Айта кетейік, байқаудың қазылар алқасы құрамына белгілі еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері кірді.