Салтанатты безендірілген театрдың бас залында фестиваль президенті Ардақ Әмірқұлов пен бағдарлама директоры Гүлнар Әбікеева құттықтау сөзімен халықаралық іс-шараның шымылдығын түрді. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысушыларға шығармашылық жетістік пен жемісті жиын, жақсы көңіл күй тілеген кіріспе сөзінен соң «Еуразия» байқау бағдарламаларына қатысатын барлық фильмді қамтитын трейлер көрсетілді.
Сондай-ақ көрермендер қазылар алқасының мүшелерімен танысты. Бір қызығы, сахнаға шыққан шетелдік қонақтар алдымен қазақ тілінде кем дегенде екі ауыз сөз айтып, ұлтқа деген өз құрметін білдіруге тырысып жатты.
Салтанатты іс-шараның басты тосынсыйы – фестивальдің арнайы жүлделерінің табысталғаны. «Орталық Азия кинематографының дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесін атақты өзбек режиссері Әли Хамраев иеленді, ол осы фестивальде халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарады. 85 жастағы өзбек киносы шеберінің сахнада толқып тұрып айтқан лебізі көпшілікті тебірентпей қоймады: «Бүгін Қазақстан жеріне мереке келді – әлемдік кино өкілдері сіздердің шаңырағыңызда қонақта. Меніңше, қиын кезеңде басқа халықтарды құшағын ашып қарсы алатын адамдар керемет! Ең бастысы, «Еуразия» фестивалі өмір сүреді. Біз оны сағындық. Фестивальге және Қазақстанға сәттілік!»
Тағы бір арнайы сыйлық – «Қазақ кинематографына қосқан үлесі үшін» – мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовке табысталды.
Фестивальдің ашылу салтанатына дейін алғашқы баспасөз мәслихаты өтіп, биылғы ауқымды мәдени іс-шараның жаңалықтары аталып өтті. Гүлнар Әбікееваның айтуынша, биылғы фестивальге белгілі кино саңлақтарынан түзілген қазылар алқасы төрелік етеді. Өткен жылдармен салыстырғанда бағдарлама мазмұны да байытылып, жан-жақты сипат ала бастады. «Егер өткен кезеңде «Динамикалы дамып келе жатқан қазақ киносы», содан кейін «Динамикалық қазақ киносы» бағдарламалары болса, қазір біздің кинематограф халықаралық байқаумен тең жеке ұлттық конкурс өткізуге мүмкіндік беретін деңгейге жетті. XVI «Еуразия» кинофестивалінің басты ерекшелігі мен жаңалығы – осы».
Байқау бағдарламалары деңгейінің өскенінің бір дәлелі – бәйгеге қатысатын төрт картинаның өз елдерінен «Оскар» сыйлығына ұсынылғандығы. Сонымен қатар фестивальде бірден төрт әлемдік премьера өтеді.
Негізгі іс-шарамен қатар Кинопарк, Forum кинотеатрында фильм көрсетілімдері басталды. Халықаралық байқаудан «Иль Боемо» (Чехия – Италия – Словакия; режиссер Петр Вацлав) және «Әйел» (Қытай; режиссер Ван Чао) фильмдері көрсетілді. Ұлттық байқаудан – «Тау пиязы» (режиссер Эльдар Шибанов), «Зере» (режиссер Дәурен Қамшыбаев) және «От» (режиссер Айжан Қасымбек). Ал «Ерекше оқиға» конкурстан тыс бағдарламасы болгар режиссері, ұлттық байқаудың қазылар алқасының мүшесі Милко Лазаровтың «Ага» картинасымен ашылды.
АЛМАТЫ