Биылғы байқауға еліміздің әр аймағынан 14 пен 29 жас аралығындағы, 3 мыңға жуық жас өз жобаларын ұсынған. Олардың ішіндегі үздіктерін арнайы құрылған комиссия іріктеді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын беріледі.
Жиында жоба авторларын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Жастардың бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейтін конкурстың өзектілігіне тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, өткен жылы тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығына орай, Қазақстан Президенті еліміздің 30 жас азаматына «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыс еткен еді. Аталған грант биыл да өз жалғасын тауып отыр. Отыз жылдық тарихы бар тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі мақсаттарының бірі – жастарды қолдау және адами капиталды дамыту. Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғалы, өскелең ұрпақ тәрбиесі мемлекет үшін басым бағыттардың біріне айналды», деді Д.Қыдырәлі.
Сала басшысы қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдау мақсатында бірқатар сыйақы мен грант беріліп жатқанын жеткізді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының мақсаты белсенді, шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру бағытында жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау екенін атап өтті.
«Гранттар жастарға жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі. Биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлерін анықтау бойынша құрылған комиссия мүшелері ауқымды жұмыстар жүргізді. Оның құрамына Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер кірді. Барша комиссия мүшелеріне алғыс айтамын!
Осы орайда, өздеріңізге тағы бір жағымды жаңалық айта кеткім келеді. Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы мақұлданды, заң одан әрі Мемлекет басшысына қол қоюға енгізіледі. Заң жобасында көтерілген басты мәселенің бірі – жастардың жасын 35 жасқа көтеру бойынша ұсынысымыз қолдау тапты. Яғни бүгінге дейін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына жас шектеуіне байланысты қатыса алмаған талантты жастарымызға мүмкіндік берілді», деді Д.Қыдырәлі.