Әдебиет • 15 Желтоқсан, 2022

Балалар әдебиетінің «Айтұмары»

501 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда «Айтұмар» балалар әдебиеті үздік туынды­ларының байқауы мәреге жетті. Қазылар алқасының ұйғарымымен жас оқырманның жүрегіне жол табуға лайық деп танылған шығарма авторларын марапаттау салтанаты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтті.

Балалар әдебиетінің «Айтұмары»

Суретті түсірген Юрий Беккер

Бала көңілдің үдесінен шығатын шығарма жазу кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейді. Десе де бәй­геде бақ сынауға еліміздің әр аймағынан 200-ге тарта үміткер өтінім білдірген. Қа­зақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ ком­па­­ниялар тобы демеушілік таныт­ты. Жалпы, жүлде қоры 12 300 000 теңгені құраған бай­қауға поэзия, проза және драматургия бағыттары бо­йынша 6 қатысушыдан жеңім­паз деп танылып, әр аталым бойынша І орын (біреу) – 1 000 000 теңге, ІІ орын (екеу) – 800 000 теңге, ІІІ орын (үшеу) – 500 000 теңге табыс­талды. 14 пен 35 жас ара­лы­ғындағы қаламгерлер қа­тыс­қан байқау ережесіне сай, әр қатысушыдан тек бір ғана ата­лым бойынша шығармалар қабылданып, жалпы алғанда 18 жеңімпаз марапатталды.

Атап айтқанда, проза жанры бойынша І орын Ар­ман Әділбекке, ІІ орын Мейір­жан Жылқыбай мен Нұр­асыл Зия­дибекке және ІІІ орын Ай­сәуле Мереке, Дана Әб­ді­ма­нап, Қарлығаш Сар­бае­ваға та­быс­талды.

Поэзия жанры бойынша І орынды Мерей Қарт, ІІ орынды Айдана Бейсен, Асылан Тілеген және ІІІ орынды Мұ­қағали Кен­жетай, Айдана Сегіз­бай, Нұр­бибі Аязбай ие­ленді.

Драматургия жанрында Назерке Құмарғалиева көш басынан көрінсе, ІІ орын Әлі­бек Байбол мен Жан­се­рік Құт­тыбаевтың, ал ІІІ орын Жә­­нібек Қойтай, Әлі­шер Ра­хат, Ықылас Шал­ғым­бай­дың ен­шісіне бұйырды.

– Аталған байқау Бала­лар жылының ең озық іс-ша­раларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әде­биетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айты­лып жүр. Мұнымен қоса «Ме­нің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шы­ғар­малардың жоқтығына зиялы қауым өкілдері қын­жылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақстан Жазу­шылар одағы төл әде­бие­тіміз­ді дамыту бағы­тын­да ауқым­ды жоба­лар ұйым­дас­ты­рып келе­ді. «Ай­тұмар» ба­­лалар әдебие­ті туын­ды­ла­рының респуб­ликалық бай­қауы осыған дәлел, – дей­ді Қа­зақстан Жазушылар ода­ғының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Марапаттау рәсімінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров, «Айтұмар» балалар әдебиеті сайысы жас қаламгерлерге шабыт, балдырған оқырманға рухани азық сыйлағанын, игілікті істі қолдау мемлекеттік тілді дамытуға, ұлт руханиятына қосқан компанияның аз-кем үлесі екенін атап өтті. Өз кезегінде бәйгеге қазылық еткен әдеби қауым келіп түскен шығармалардың мазмұны мен сапасы жоғары болғанын атады.

«Мен бәйгеге «Тарихта қалған тұлпарлар» деп атал­ған циклді шығармамды ұсын­дым. Бұлар негізінен ке­зіндегі Ертарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубас аты, Кенесарының – Ақтабаны сияқты ел арасында аңыздай айтылатын арғымақтарға арнап жазылған өлеңдер. Қазір қазақи қалыптағы ұлттық кон­­тенттердің аздығына байланысты, балалар өткен тарихымызды біліп жүрсін әрі батырларымызға рух беріп, сенімді серік болған сәй­гү­ліктерді білсе, олардың тари­хи таным көкжиегі кеңейе түсер дегенді маңызға алдым. Оларға арналған үлкен поэмалар, аңыз-әпсаналар болғанымен жеке поэтикалық шағын шығармалар жоқтың қасы. Мәселен, Қубас атты Қа­банбайға Боранбай бидің таңдап бергені, олардың өскен жайлауы, батырға сай болу үшін оны қалай баптағаны турасында мол мәліметтерді қамтуға тырыстым», дейді «Поэзия» аталымының жеңім­пазы Мерей Қарт.

Жоба барысында ұйымдас­тырушылар байқауға келіп түскен шығармаларды бала­ларға, оның ішінде олар­дың мүмкіндігі шектеулі қатар­ластарына көбірек наси­хат­­тауға басымдық беріп, шы­ғар­малар оңай оқылу үшін аудио, электронды нұс­қа­ла­ры әзірленетінін жеткізді. Со­нымен қатар же­ңімпаз атан­ған шығармалар жинақ­талып, кітап болып жарық көреді. Кітап еліміздегі 200-ге тарта кітап­ханаға, инклюзивті орта­лықтар мен балалар үйіне та­ратылмақ. Жеткіншектерді кі­тап оқуға баулу, оларға ар­нап өміршең шығармалар жа­зу жауапты іс. Балалар әде­бие­тін қолдау жылы аясында ғана емес, балдырғандар әле­мін баурайтын туындылар қор­жыны жыл сайын тартымды дүниелермен толыға берсе игі.

 

АЛМАТЫ