Руханият • 15 Желтоқсан, 2022

Тәжі

511 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысы Ақсуат ауданы орталығынан 90 шақырым қашықта орналасқан Елеке сазы атты жайлау бар. Бұл жерді қазір археологтер «Патшалар алқабы» деп атай бастады. Өйткені осы аумақта жеті қорым, 300-ден аса қорған бар. Бұл өлкеден соңғы жылдары сақ және кейінгі түркі дәуіріне тән артефактілер көптеп табылып жатыр.

Тәжі

Соның бірі – өткен жазда табылған басына тәжі киіп, тақта отырған адам бейнесі. Археологтердің пікірінше, бұл бұйым сол замандағы патшаға тиесілі болған. Құнды жәдігер туралы танымал археолог, тарих ғы­лым­­дарының докторы Зейнолла Са­машев: «Бұл көне түркі мәдениетін зерттеушілердің алдында бірінші рет ашылып отырған жаңалық. Тақтың бар екенін білетінбіз, бірақ оның түрі қандай, қалай әшекейленді, соны білмейтінбіз. Осының бәріне жауапты осы салпыншақтарда салынған суреттер, жанрлық композиция арқылы біліп отырмыз», депті.

Археологтер осы уақытқа дейін қазба жұмыстары кезінде мұндай бағалы дүние тапқан емес. Жәдігердің сипаттамасына келер болсақ, тақтың оң және сол жағында бірі жүгініп (сол жақта), екіншісі оған қарсы бір тізелей отырып ілтипат жасаған қызметшілер бейнесі салынған. Қос қызметшінің шаш қою үлгісі түркі мүсіндерінде көптеп кез­деседі дейді мамандар.

«Көне түркі қоғамында ерлер ұзын шаштарын бірнеше (бір, үш, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз) бұрымды етіп, бұ­рымның ұшын әшекейлі затпен бекітіп, арқа тұсына салбыратып жүрген. Кейбір бәдіздерде шаштарын тиянақтап қырқып қыс­қартқандары да бар. Не болса да, түр­кі­лерде шашын бұрымдау, қырқып тас­тау секілді түр­лері болғандығы анық», дей­ді түр­­колог-ғалым Қаржаубай Сарт­қо­жаұлы.

Сондай-ақ тәжінің өң бетінде доға тәрізді доғал тесік орналасса, тақ­тың үс­тінде жайғасқан билеушінің бей­несі салынып, қос қапталында қыз­метшілерге қарап тұрған жылқы тұ­қымдас хайуанның басы анық бә­дізделген. Қағанның қолында билік сим­воликасын білдіретін құрал және шекелігіне ежелгі дәуір патшаларына тән жылан бейнелі атрибуты бар үш жапырақты бас киім. Жалпы, көне түркі дәуіріне тән бас киімдер, шошақ төбелі, үш төбелі, төрт, бес сайлы, орама және басқа түрлі болып келеді. Бұл жәдігер 2001 жылы Моңғол даласынан табылған Білге қаған тәжісіне біршама ұқсастығы бары байқалады. Сонымен қатар қа­ған­ның басындағы үш жапырақты ми­ниа­тюралық этнотәжісі Күлтегіннің бас мүсінінде бәдізделген бейнемен ұқ­састығы байқалады.