Комиссия жұмысына орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ өңірлердің басшылары қатысты.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елімізде қараша айының басынан бастап коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Тәулігіне КВИ+ 235 және КВИ- 40 жағдайы тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық 21%-ға артқан (аптасына 1 001 жағдайдан 1 283-ке дейін).
«Бүгінгі таңда барлық өңірлер – «жасыл» аймақта. Сонымен қатар 15 өңірде R көрсеткіші бірліктен жоғары, бұл инфекцияның таралуының өсуінің белгісі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес R көрсеткіші 1-ден жоғары болса, қоғамдық орындарда бетперде тағу ұсынылады», деді Ажар Ғиният.
Вице-премьер Алтай Көлгінов мемлекеттік органдардың басшыларына, әкімдіктерге халықты вакциналау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бүгінгі таңда бірінші компонентпен егілгендер жалпы халықтың 81,1%-ын құрайды, екінші компонентпен егілгендер саны – 79,3%, алғашқы ревакцинациядан 5,6 млн адам немесе тиісті халықтың 70%-ы, қайта ревакцинациядан 1,1 млн адам немесе тиісті халықтың 51,9%-ы өтті.