Ең қысқа әңгіме • 16 Желтоқсан, 2022

Бір білезіктің сыры

622 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түсіне тағы сол Брежнев алаңына жиналған жастардың жалын атқан жүзі, айналасын жарқ-жұрқ еткізіп, көзді тіліп түсердей қарықтырған өткір прожекторлар кірді. Түрлері сұп-сұр солдаттар иттерін абалатып, қарусыз бейбіт адамдарға төніп келеді. Енді бір сәтте көрініс ауып, әр жерде қан-жоса болып жатқан өрімдей бозбалалар мен бойжеткендердің, көмек сұрап ыңырсыған дәрменсіз жандардың жанында таянып тұра алмаған сәтіне оралды. Шыдай алмады...

Бір білезіктің сыры

 

Гүлнар апай бүгін түсінен тағы шошып оянды. Өн бойын тер басып, өңі қуарып кеткен. Екі қолымен бетін басып ентігіп отыр. Көзі жұмылып, кірпіктері айқасқаны сол еді, шошып оянады. Арада, міне, 36 жыл өтсе де, көңілге сыз, тәнге айықпас дерт салып кеткен желтоқсанның ызғары естен кетер емес.

... Алматыда бұл күні аспан қа­ба­ғын ашпады, күн аяз. Сонау Кере­кудегі Ертіс ауылынан келген өрім­дей ғана бойжеткеннің алмалы ша­һарға бой үйрете бастағанына бір жарым жылға жуық уақыт таяған. Бастапқыда ЖенПИ-дің музы­ка факультетіне құжат тапсы­рып, бірінші курсты қызыққа толы студенттік шақпен өт­кізді. Сөйтсе, талдырмаш қыздың ар­маны, арманы болғанда болашақ мамандығы басқа екен. Мұны екінші курсқа аяқ басқанда түсінді. Тарих пәні мамандығына ауысқысы келіп, инс­титуттың сыртқы бөліміне құжат тап­сырды. Сөйтіп жүріп Алматыдағы бір шағын орта мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасты.

– 1986-ның Желтоқсаны келіп жеткенде небәрі 20 жастамын. Радио­дан бір күні Д.А.Қонаев республика басшылығынан кетті, орнына ел білмейтін Колбин келді деген хабарды естідім. Мектепке жұмысқа тұрып, оның дәл алдындағы жер үйден баба Нина деген орыс әжейдің бір бөлмесін жалдап тұрып жатқан­мын. Алматыда оқитын жерлес қыз-жігіттермен үнемі кездесіп, араласып тұрамыз. Солар келе қалды. «Естідің бе, Қонаевты алып тастапты. Жастар алаңға шығамыз деп жатыр. Кеттік», деді. Содан бір топ жас Брежнев алаңына кинотехникум жағынан кірдік. Алаңға кіргенде кеудемді бір от жанап өткендей болды. Ол –қазақ жастарының бойында тұтанған рух ұшқыны еді. Сол сәтте қазақ жігіт­тері мен қыздарының көзінен не жағдай болса да тайсалмайтын өршіл мінез көрдім. Бағанадан бері аздап жүрексініп тұрған мен өзгеріп сала бердім.

222

«Республика басшысы өзіміздің елдің азаматы болуға тиіс!» деп талап еттік биліктен. Бір сәтте анадайда жиналып тұрған солдаттар ұрып-соғып, топты тарата бастады. Біздің жанымызда Ертістің тумасы, қазір осы аудандағы Қарақұдық ауылының әкімі Темірғали Рүстембеков жүр еді. Маған төніп келген солдатты итеріп, арашалап алып қалды. Сөйтіп, бұл күні үйді-үйге аман тарасып, ертеңгісін тағы шығатын болып келістік, – деп әңгімесін бастады Гүлнар Шаймұратқызы.

Ертеңіне қазақ жастары алаңға «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек!» деген жазуы бар ұрандармен шық­ты. Қазіргі Абылайхан, кезіндегі Ком­мунистік көшесінің бойымен келе жат­қан жүздеген жас «Атамекен» әнін қосыла шырқады. Осы тұста ке­йіпкеріміз өзінің жерлесі, кейіннен елімізге танылған суретші Ғалым Қар­жасовпен, құрбысы Айман Шың­ғысовамен тоқайласады. Олармен тізе қосып, қалың толқынға араласып кете барады.

– Қараңғы түскен уақыт. Біздің алаңнан кетпейтінімізді біліп, қару­ланып тұрған солдаттар лап қойды. Қолдарындағы сойылмен, тіпті күрек­пен қыз-жігіттерді аяусыз ұрып-соға бастады. Кейін білгенімдей, Таш­кенттегі өңшең жетім бұзықтарды жинап әкеліп, алаңға шыққандарды солардың күшімен аяусыз жаншыған екен. Кенеттен екеуі мені ұра бастады. Үстімдегі анам әперген қымбат фин пальтосы жыртылып, басымдағы қолдан тоқылған бас киімім ұшып кетті. Жайылып кеткен шашымнан ұстап, басымды асфальтқа соққанда мұрнымның жарақат алғанын сездім. Есімнен танып қалыппын...

Гүлнар апай осы жерге келгенде көмейіне келіп қалған ыстық жасты жасырайын деді ме, үнсіз қалды.

Өрімдей қыз сол күні алаңда соқ­қыға жығылып, қансыраған жүздеген жаспен бірге жүк көлігіне тиеліп, қаланың сыртына апарылып тасталды. Тас қараңғыда есімді жиғанда әр жерде домалап, көмек сұрап жат­қан қыздардың ыңырсыған дауысын естиді. Бірақ сол жатқандардың іші­нен небәрі алтауы ғана аяғына тұрып, қалаға шығар жолды тауып алған...

Кейін Гүлнар Шаймұратқызын пәтер иесінің көрсетуімен қауіпсіз­дік коми­тетінің қызметкерлері ұста­ды. Бірнеше рет тергеуде болып, аяусыз ұрып-соғылса да жанында бол­ғандардың есімін атамаған. Қай­сар қазақ қызынан ештеңе өндіре алмаған соң оны оқуынан, соңынан жұмысынан қуады.

– Мылжа-мылжамыз шыққан біз­ді далаға күресінге апарып тастаған­да алтын алқам, жүзіктерім қай жерде қалғанынан бейхабармын. Сол оқиғаның куәгері ретінде күміс білезігім сақталып қалыпты. Білезікті көрген сайын сол бір көңілге сызат түсірген Желтоқсанның ызға­ры есіме түседі. Арада 36 жыл өтсе де, алаңдағы қазақтың батыр ұл-қыздарының бейнесі әлі күнге көз алдымда, – деп тебіренді талай қия­натты бастан өткерген ұстаз.

Гүлнар апай қазіргі күні Ертіс ауданы орталығындағы №3 мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Жел­тоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде ақталуды күтіп жүрген жанның бірі. Алайда қаншама құжат машақатын бастан өткерсе де, әділдікке қолы жет­кен жоқ. Бұл күнде ұстаздың денсау­лығы да сыр бере бастаған. Кезін­де бастан, арқадан алған ауыр соқ­қы тынысын тарылтып, көз жана­рының көру мүмкіндігін де төмен­детіп жіберген.

– Бүгінгі жастардың патриот­шыл, рухы күшті екенін көріп, кеу­демді мақтаныш сезімі кернейді. Мек­тебіміздің директоры Сандуғаш Бек­жасарова – ұлтжанды адам, мұға­лімдер мен оқушылар арасында үне­мі отансүйгіштік тақырыбында іс-ша­ралар өткізеді. Аудан жұрты, басшыларымыз үнемі құрметтеп, мерекелерде елеп-ескеріп жатады. Осының өзі өмір сүруге деген ерік-жігерімді жаниды. Ұрпағымыз бақытты болсын! – дейді Гүлнар Смағұлова.

Желтоқсанда жазықсыз соққыға жығылғандардың куәгеріндей болған көне білезік қазіргі күні облыстық Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінде сақтаулы тұр.

 

Павлодар облысы,

Ертіс ауылы