Руханият • 16 Желтоқсан, 2022

Арылу

296 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы «Қанды қаңтар» бәрімізді әбігерге түсіріп, әрбірімізді ойландырып кетті. Себебін іздеп сансыраған жұрт. Жауап түрлі нұсқада айтылып жатыр. Заң орындарының да ресми жауабы шығар. Есіме 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан түсті. Оның да ұйымдастырушысы әлі күнге белгісіз. Арада 36 жыл жатыр жосылып. Ит әуремен, желпініп жалаң мақтанумен өтіп кеткен өмір-ай. Бұл не? Ұйымдастырушысы неге анықталмайды әлі күнге? Ә-ә, айтқандайын, 1986 жылғы Желтоқсан ызғары мен 2022 жылғы Қаңтар қырғынының егіздің сыңарындай ұқсайтын жері аз емес. Егер 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдары анықталса, бәлкім 2022 жылғы «Қаңтардағы қанды оқиға» болмас па еді?

Арылу

Қазақта сөз бар: «Қолмен істе­генді баспен көтеру керек!». Мо­йындау сөзі. Басқаша айтсақ, арылу! Өз қылмысын мойнына алу, мойындау, арылуға жоқ бір ұрпақ болдық қой біз. Бұрын сөзге тұрған қазақ едік. Бүгінде сөзді елемейтін болдық. Біздің бүкіл трагедиямыз осы қолмен істегенді бас­пен көтеруден айнығанымыздан. Берік ұстанымның жоқтығынан!

Мен бүгін 1986 жылғы Жел­тоқ­сан көтерілісіне қатысты ха­лықтан кешу сұрап, арым­ның ал­дында арылуға тәуекел етіп отырмын. Не үшін? Кезіндегі «Со­циалистік Қазақстан» га­зе­ті журналисі бола жүріп, қан­­ды оқиға жайында жалған ақ­па­рат бергенім үшін. Бүгінгі «Еге­мен Қазақстан», кезіндегі «С­о­циалистік Қазақстан», одан әрі­дегі «Социалды Қазақстан», тым әріге барсақ «Еңбекші қа­зақ», «Еңбекшіл қазақ»... қиын уақыттарды басынан өткерді. Мұнда арылуға себеп яки арылуды сұрайтын материалдар жетіп артылады.

 Желтоқсанға байланысты сол жылдары (1989) екі комиссия құрылды. Бірі – тәуелсіз комиссия. Оны Мұхтар Шаханов басқарды. Екіншісі – мемлекеттік комиссия. Оны Қадыр Мырзалиев басқарды. Мәселе біреу, комиссия екеу. Неге? Шамасы, ол кезгі Орталық комитет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мұхтар Шахановтың тау тасқынындай екпінінен қаймықты. Шаханов ашар ақиқат тым ащы еді. «Со­циалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза екі комиссияның бірінің төр­ағасы Қадыр Мырзалиевтен сұх­баттасуды тапсырды. Жағдай­ды жұрттың бәрі біліп болған. Жұрт білетін шындықты алдымен журналистер біліп алатыны белгі­лі. Мен тапсырманы орында­ғым келмей қиқаңдадым. Өйткені Қадыр Мырзалиев Орталық ко­митеттің сөзін айтады. Ал Мұх­тар Шаханов халықтың сөзін сөй­лейді. «Сұхбат алсам, Мұхтар Ша­хановтан алайын...». Менің уәжіме Шерхан аға: «Шахановтың ығымен кетер болсақ, Өзбекәлі Жәнібековті құлатып аламыз. Онсыз да Колбин оны тығырыққа тіреп жүр», деді. Менің дымым құриды. Халықшыл хатшыны құлату – халықты қасіретке айдау. Ақыры, басшы екеуміз бір шартқа тоқтадық: «Қадыр Мырзалиев комиссияның есебін дайындап жазып алып келеді. Мен оны қызулы сұрақтармен сұхбатқа айналдырамын». Солай еттік. Сұхбат бұрынғыға қарағанда Желтоқсан оқиғасы бойынша бір­сыпыра ілгерілеушілік. Бі­рақ ақиқатты ақи-тақи айта ал­ған жоқпыз. Қайта, сұхбатым бұқара­лық комиссия төрағасы Мұхтар Шаханов шырылдап жүрген шын­дықтың алдын алып, оны жұм­сарту, тіпті тосқауыл қою сияқты болып шықты. Ертеңіне «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде «Көңіл кірі қайтсе кете­ді?» аталатын сұхбат «жарқ» ете қалды. Орталық комитет ор­ганы жариялаған бұл материал­ды, о құданың құдіреті, аудандық, ауыл­дық газеттерге дейін (қа­быр­ға газетінен басқасы) екі күн­нің ішінде басып тынды. Жар­тылай да болса шындық айтылды. Жартылай шындық – шындық емес, шындық атымен ақиқат алдына керме тарту болды да шықты. Газет шыққан күні таңертеңгілік Мұхтар Шаханов телефондады. Мен сұрағына қа­рай бар шындықты жасырмай айттым. Аздап қынжылыс білдірген Шаханов трубканы жауып, әрі қарай жұмысына кірісті. Мұқаңның Желтоқсан ақиқатын айтуда еңбегі ерен.

 Дегенмен, Шаханов комис­сиясы да Желтоқсан ақиқатын толық аша алған жоқ. Басы ашыл­маған басты сұрақ – ұйымдас­тырушы кім? Ол сұраққа күні бүгін жауап жоқ. Тұп-тура «Қаң­тар қан­ды оқиғасы» секілді. Өмір­де сый­ласқан Қадыр ағаға үш рет өті­­нішпен қайырылдым. Бірі – И.Са­парбаевтың 60 жылдығына орай Жетісай жеріне келген күні. 2005 жылы 1 қараша күні. Өмірі­нің соңында Түркістанға Райым­бек Сейтметовті еске алуға келген сапарында. Өтініш біреу: «Біз Желтоқсан көтерілісіне байланысты «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде 1989 жылы 5 жел­тоқсанда жариялаған жартыкеш шындық, жарымжан саясат сойылын соғып, жасаған екеуара сұх­батымыз үшін халықтан кешу сұ­рау. Үшеуінде де алған жауа­бым: «Құлбек, не мені өлмейді деп жүр­сің бе?» – деген бірауыз сөз!

Жылда Желтоқсан айна­лып келгенде, осы «Көңіл кірі қайтсе кетеді?» аталатын сұхбатымыз еске түседі. Туған халқымыз ал­дында, Желтоқсанда опат бол­ғандар аруағы алдында өлердей қы­сыламын. Ол аздай енді «Қаң­тар қанды оқиғасы» тағы басымыздан өтіп отыр. Мына жарық жалғанда қазақтың дара ақыны Қадыр Мырза Әлі де жоқ. Біз боз бастанғалы қашан.

Оқырманға ұсынылып отыр­ған сұхбат үшін Қадыр аға да, ол кісімен бірге мен де барынша жауапты, мейлінше ұяттымыз деп білемін. Халқымыз ақиқатқа сусаған сол бір қаралы күндері жазып, жариялаған «Көңіл кірі қайтса кетеді?» аталатын сұх­батты кешегі «Социалистік Қазақ­станның» жалғасы – «Егемен Қа­зақстан» газетіне қайыра ұсына отырып, Қадыр аға аруағын алға ұстап, тең жауапкершілікпен, екеуміздің атымыздан қазақ халқынан басымды иіп кешу сұраймын! Желтоқсан көтерілі­сін ақиқатын ақи-тақи ашпай, тіпті жасырып, жартылай ғана шындықты сұхбат жариялап, ха­лықты алдарқатқанымыз үшін! Біз ол жартыкеш шындығымыз­бен айқайлатып тақырып қойып, өзара сұхбаттасқанымызбен, ел көңіліндегі кірбің кете қойған жоқ. Халықты алдауға болмайды! Халық киесінен бәріміз, әр­біріміз қорқуымыз керек. Ха­лық алдында біліп-білмей жа­саған кінә, күнәмізді ашық айтып, арыла білуміз керек! Сонда үлкен-кіші имандылыққа келеміз. Сонда толқын-толқын қазақ елін құрайтын, буын-буын ұрпақты имандылық рухында тәрбиелей аламыз. Әйтпесе, халық ырысы­ның қаймағын сыпырып жеп, «маңқыт, аузыңа саңқытпен ...» еш мұратқа жетпейміз, ел болмаймыз! «Жауды жеңген – жарты батыр, Өзін жеңген – шын батыр». Міне, біздің әрбірімізге керекті идеология! Өз жүрегіңнің түбіне терең бойла, Қазақ елі!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері