Экономика • 16 Желтоқсан, 2022

Меморандумға қол қойды

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел экономикасының дамуына «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» жобасының маңызы зор. Осы ретте Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев инвесторлармен онлайн режімде кездесті. Бұған дейін қараша айында өткен жиында қол жеткізілген келісімге сәйкес тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қойды

Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, инвестицияның жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асады. Бұл облыстың үшжылдық бюджетіне тең. Кездесуде өңір басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жобаны дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы біздің өңірге келген сапарында Қытаймен іскерлік және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, кеңейте түсуге бағытталған аталған маңызды жобаны қайта бастау шараларын қабылдау туралы тапсырма берді. «Қазақстан-Қытай өнеркәсіптік қаласы» жобасы Қазақстан-Қытай индустриялық-инновациялық ынтымақтастық жобаларының тізбесіне енгізілген, сондай-ақ бұл жобаның екі елдің Үкіметтері арасында «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуда елеулі мәні бар. Бүгінгі меморандум жобаны іске асырудың жаңа кестесін бекітіп, оны жүзеге асыруға байланысты бұған дейін жоспарланған барлық іс-шараны қайта бастауға мүмкіндік береді», деді Б.Исабаев. Сондай-ақ ол «Қазақстан-Қытай өнеркәсіптік қаласы» аясында жоспарланған 30 инвестициялық жоба жайында және оларды іске асыру мерзімдері туралы мәліметтерді сұрап білді.

«Қытай-Қазақстан халықаралық өнеркәсіптік қаласының» басқарма төрағасы И Фаджунь мен «Fujian Dazhuo» басқарма төрағасы Линь Сяов өздеріне қолдау көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдірді. Сонымен қатар жобаны іске асыруға қатысатын компаниялардың тізімімен қоса барлық қажетті ақпаратты уақтылы береміз деп сендірді. Олар желтоқсан айының соңына дейін Жетісуға келіп, жеке кездесу барысында барлық мәліметті жүзбе-жүз отырып талқылай алатындарына үмітті. Оған қазіргі уақытта ҚХР аумағында коронавирустың қайта өршуі кедергі келтіруде. Сондықтан барлық кездесу әзірге онлайн режімде өткізіледі.

Меморандумға қол қоюға қатысты пікірін білдірген Бейбіт Исабаев «Қазақстан-Қытай өнеркәсіптік қаласы» жобасы екі ел арасындағы сауда-экономикалық қана емес, технологиялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатынын атап өтті. Болашақ логистикалық технопаркте жаңа өндірістер, дамыған инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, сауда-ойын-сауық объектілері, фудкорттар және т.б. нысандар болады. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылады, заманауи технологиялар қолданысы кеңейеді, облыс бюджетіне түсетін салық түсімдері молаяды деген сөз. Бұл жоба 1-2 жылдық емес, оның алдағы перспективаларын ескерсек, оның геостратегиялық маңызы үлкен.

Кездесуді аяқтай келе тараптар ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестікке мүдделі екендіктерін айтты, яғни пандемияның салдарынан екі жылға жуық тоқтап тұрған жобаны іске асыруға бар күш-жігерлерін салмақ.

Облыс әкімі Б.Исабаевтың айтуынша, келесі аптада өңірге ресми сапармен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының делегациясы келеді. Ірі инвестор компаниямен меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Еске салсақ, осы жылдың қыркүйек айының басында «Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі достық диалогі» онлайн кездесуі аясында Шыңжаң өңірі мен Жетісу облысы арасында бауырластық байланыс орнату жөніндегі ниет туралы хаттамаға қол қойылған болатын.

 

Жетісу облысы