Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Егемен ел болғаннан бері боксшыларымыз Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, жеңіл атлет Ольга Шишигина, велошабандоз Александр Винокуров, жүзуден Дмитрий Баландин сынды саңлақтарымыз Олимпиада тарихына алтын әріптермен жазылды. Бұл жеңістің барлығы ел тәуелсіздігінің және мемлекеттің спортқа ерекше көңіл бөлген сындарлы саясатының арқасында келгені анық. Осындай толағай табыстардың ар жағында шәкірттерін қырандай баптап, аламанға қосқан жүздеген бапкердің еңбегі жатқаны cөзсіз. Спортшылардың шеберлігін жоғары деңгейге көтерген жаттықтырушылардың арқасында халықаралық жарыстарда елдің Әнұраны сан рет орындалып, көк туы желбіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық жағдай мықты болмағанымен, Қазақстанды төрткүл дүниеге танытатын спорттың дамуына, спортшылардың дүбірлі жарыстарда атой салуына мемлекетіміз барынша қолдау көрсете білді.
Жақында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарының жеңімпаздары, сондай-ақ еңбегі сіңген жаттықтырушылардың өмір бойы алатын ай сайынғы төлемақы мөлшері ұлғайды. Енді жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушылары ай сайын 318 мың теңгеге дейін төлем ала алады. 2022-2024 жылдарға арналған ауқымды жобаға мемлекеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау төлемдері – республиканың заңымен арнайы бекітілген тұңғыш жоба.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, төлемді арттыру спортшылар мен жаттықтырушыларды спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандырады.
«Қазақстанда Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағына ие болған спортшыларға және олардың жаттықтырушыларын қосқанда барлығы 150-ге жуық адам осындай төлем алады. Олардың қатарына Ермахан Ыбрайымов, Ольга Рыпакова, Геннадий Головкин, Юлия Галышева және тағы басқа атақты спортшылар мен бапкерлер енеді», дейді министр.
Министрдің айтуынша, бұл төлем бастапқыда 24 АЕК (76 380 теңге) шамасында болып, жылдар бойы өзгеріссіз қалған. «Биыл Үкіметте Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысы қолдау тауып, ай сайынғы қамтамасыз ету көлемі 100 АЕК-ке (318 000 теңге) дейін өсті. Бұл төлемді алу үшін спортшылар мен жаттықтырушылардың спорт саласында кем дегенде 20 жылдық жұмыс өтілі болуға тиіс», деді ол.
Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов берілетін соманың үш-төрт есе көбеюі ел намысын абыроймен қорғаған саңлақтарға көрсетілген құрмет деп есептейді.
«Мәдениет және спорт министрлігінің бұл бастамасы өте дер кезінде қолға алған дүние. Мұндай қаражатты алып отырған спортшылар, осы салада жүрген қызметкерлер немесе шәкірт тәрбиелеп отырған бапкерлер енді өз жұмысын алаңсыз атқарады. Мұндай қадам біздің жас спортшыларымызды да жігерлендіреді. Әсіресе, жаттықтырушылар үшін үлкен қолдау болды», деді Олимпиада жеңімпазы.
Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаның айтуынша, кезінде ол Мәжіліс депутаты ретінде осы мәселені бірнеше рет көтерген.
«Біз бұған дейін аталған мәселені көтергенімізбен, еш нәтиже шықпады. Енді Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Олимпия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ай сайынғы қамтамасыз ету көлемін 100 АЕК-ке дейін арттырды. Бұл – спортшылар үшін үлкен қолдау. Еңбекті бағалағаны үшін елімізге алғыс айтамыз», деді ол.
Ал грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев болса, мұндай қолдау бапкерлерге ғана емес, спортшылар үшін де тиімді дейді.
«Әр ел спортшыларын өз деңгейінде қолдайды. Мұндай тәжірибе Ресей, АҚШ, Қытай, тіпті Қырғызстанда да бар. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлының бастамасымен жүзеге асқан бұл бағдарлама өміршең болса деймін. Бұл тек бапкерлерге ғана емес, спортшылар үшін де тиімді. Себебі бүгінгі спортшы – ертеңгі бапкер, спорт функционері. Олар енді әлем чемпионаты мен Олимпиадада олжа салса, келешекте мемлекеттің қолдауына ие болатынын біледі», дейді күміс жүлдегер.
Спортшыларға стипендия тағайындау тәжірибесі әр елде әртүрлі. Ресейде Олимпиада чемпиондары карьерасын аяқтағаннан кейін айына 52 мың рубль алады. Бұл шамамен – 385 000 теңге. Күміс және қола жүлдегерлердің жалақысы – 39 және 30 мың рубль. Ал Индонезияда Олимпиада чемпионына бір реттік сыйақы – 346 000 долларды құраса, әрі қарай өмірінің соңына дейін спортшы 1400 доллар стипендия алып отырады. АҚШ-та жағдай тым бөлек. Оларда NHL, MLS, NBA секілді лига чемпионаттары өз ардагерлеріне жылына 65 000 доллардан жоғары зейнетақы төлейді.
Мына жерде бір деректі келтіре кетсек. Еліміз Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлеріне төлейтін сыйақы мөлшерлемесі жағынан әлемде үздіктер қатарына кіреді. Бүгінде Олимпиада чемпионы атанғандар – 250 000 күміс жүлдегер – 150 000, қола жүлдегер 75 000 долларды иемденеді. Оған облыстан берілетін пәтер кілті мен автокөлікті қосыңыз. Ал Олимпиада чемпионына ең көп төлейтін ел Гонконг – 642 000 АҚШ доллары.
Әлемдік додада Қазақстанның көк байрағын биік тұғырдан желбіреткен сайыпқырандарымыз қазақ спорты тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Сондықтан еліміздің атын асқақ биікке көтерген осындай чемпиондарға қандай құрмет пен қошемет көрсетсе де жарасады.