Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2022

Тауықтан табыс тауып отыр

576 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкпектілік Рамазан Маханов жұмыссыз жүрген соқталдай жігіттерге үлгі. Денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шыққанымен, қол қусырып бос жатқан жоқ. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, асыл тұқымды тауық өсіруге кіріскен.

Тауықтан табыс тауып отыр

Еңбекке ебі бар адам кәсіптің көзін де табады. Көзін тапқан соң табыс та түседі. Рамазан Маханов 125 мың теңгеге инкубатор құрылғысын сатып алғаны көктемде ғана еді, жаздай балапан сатып, ақтап алды. Ақтағанды қойып, пайда көре бастаған. Кәсіпкер денсаулығым сыр берді деп, жамбастап жатқан жоқ. Күнделікті тірлігі бар. Таң ата асыл тұқымды тауықтарын ашық қораға шығарып, жемін шашады, суын қояды. Асыл тұқымды тауықтарының бірі етті болса, енді бірі жұмыртқа табу үшін жаралған. Еттісі – бройлер. Бітімі ірі. Қорегі жақсы болса, салмағы бес килограмға дейін баратын көрінеді. Тапсырысқа қарай, сойып сата береді. Жұмыртқаға тіптен сұраныс көп екен. Айтуынша, кейбір кездері инкубаторға жұмыртқа жеткізе алмай қалады. Инкубатор демекші, мемлекеттен 580 мың теңге қайтарымсыз грант алған Рамазан Маханов бизнес бастау үшін 125 мың теңгесіне инкубаторға қол жеткізгенін жоғарыда айттық. Ал қалған сомаға асыл тұқымды тауық, жем-шөбін, дәрумендерін алған. Айтқандай, мемлекет жай ғана грант бере салмаған. Алдымен кәсіп бастаймыз деген азаматтарды арнайы курстан өткізіп, білімдерін шыңдаған. Жобаларын көрген. Содан кейін ғана қолдау көрсеткен.

– Шаруам жаман емес. Бұған дейін де қолдан инкубатор жасап, балапан шығарып жүргем. Ал мынау жаңа аппарат өнімді екен. Бір басқанда 500 жұмыртқа басуға мүмкіндігі бар. Бірақ мен толтырып сала алмадым. Сұрып­тап, жұмыртқа жинау қиындау болды. Са­тылып кетеді. Үнемдеп жүріп, 400-дей ба­ла­пан шығардым. Ішінде қаз-үйрек те бар. Ша­руам бір күнге де тұра­лап қалған жоқ. Та­уық­қа да, жұмыртқаға да сұраныс жоғары, – дейді тауықтан табыс тапқан Рамазан Маханов.

Кәсіпкердің айтуынша, салған жұмырт­қаны дұрыс баптаса 80 пайызы шығады екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Баптау­дың да әдіс-тәсілі бар. Инкубатор құрыл­ғы­сын ашып, суытады, су себеді тағы­сын тағы. Сөйтіп, 21 күннен кейін тауық­­тың бала­пандары жарып шыға бастайды. Ал үй­ректің балапаны 30 күннен соң шы­ғады. Байқағанымыз, тауық бағып, жұмырт­қа сатудан түсетін пайда аз емес секілді. Әлбетте, еңбектену керек.

 

Абай облысы,

Көкпекті ауданы  

Көкпекті ауданы