Футбол • 19 Желтоқсан, 2022

Хорватия – қола жүлдегер

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Хорватия ұлттық құрамасы Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Осыдан төрт жыл бұрын Ресейде ұйымдастырылған теңбіл доп додасында Франциядан жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған Златко Далич шәкірттері бұл жолы үшінші орынға ие болды. 45 мыңнан аса жанкүйер сыятын Дохадағы «Халифа» стадионында өткен тартысты бәсекеде Хорватия футболшылары Марокконы 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Хорватия – қола жүлдегер

Жартылай финалда Аргентина мен Франциядан жеңіліп, сәтсіздікке ұшыраған екі құраманың да үшінші орын үшін өтетін матч алдында қай жағынан алып қарасақ та, күштері тең еді. Мәселен, Хорватия мен Марокко футболшылары бұған дейін жасыл алаңда екі мәрте кездесіп, екеуі де тең есеппен аяқталған болатын. 1996 жылы Касабланкада өткен жолдастық бәсекеде 2:2 есебі тіркелген болса, осы әлем чемпионатының топтық кезеңдегі екінші кездесуінде де жеңімпаз құрама анықталған жоқ – 0:0. Сондай-ақ басқа да статистикалық мәліметтер екі құраманың бір деңгейдегі команда екенін айғақтайды.

Әлемдік мундиалдағы тәжірибе, жүлделер саны, рейтингтегі құрама­лардың орны «шақпақ жейделілердің» африкалықтарға қарағанда бәрібір бір саты жоғары тұрғанын дәлелдейді. Атап айтқанда, 2018 жылғы «Алтын доп» иегері Лука Модрич баста­ған Хорватия құрамасы Қатардағы әлем біріншілігіне дейінгі ФИФА рейтингінде 12-орында тұрған болса, Марокко 22-сатыға жайғасқан. Сонымен қатар Хорватия 1998 жылы Францияда өткен әлемдік футбол бәсекесінің қола жүлдесін, 2018 жылғы Ресейдегі жаһандық біріншілікте күміс жүлдеге қол жеткізген. Ал Марокко болса, бұған дейін бес әлем чемпионатына қатысқанымен, тек бір рет қана, яғни 1986 жылы Мексикада ұйым­дастырылған футбол тойында 1/8 финал межесінен көрінген болатын.

«Халифа» стадионында өткен ойынға тоқталар болсақ, екі құра­маның топтық кезеңдегі ал­ғашқы ойынында бірде-бір гол соғыл­ма­ғандықтан, футбол сарапшылары матч алдында бұл бәсекеде көп гол көреміз деп болжаған еді. Аузы дуа­лы мамандардың айтқаны айдай кел­ді. 90 минутқа жалғасқан матчта жан­күйерлер бірі бірінен өткен әдемі үш голдың куәсі болды.

Үш ұпай емес, жүлделі үшінші орын үшін өткен матчтың жөні бөлек болған соң, ескі де жаңа қарсыластар бірінші минуттан бастап аңдысып жатқан жоқ. Төрешінің ысқырығы естілген сәттен бастап екі құраманың футболшылары да алға ұмтылып, бірінші болып гол соғуға тырысты. Сондықтан стадионға жиналған, теледидар арқы­лы тамашалаған жанкүйерлер бірін­ші голдың соғылғанын көп күт­кен жоқ. Кездесудің жетінші минутында Иван Перишичтің пасынан кейін Хорватияның ұзын бойлы қорғаушысы Йошко Гвардиол баспен гол соғып, матчтың есебін ашты – 1:0. Бірақ хорватиялық жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Ара­да екі минут өткенде Марокко құрама­сының қорғаушысы Ашраф Дари мергендік танытып, таразы басын теңестірді – 1:1.

Жылдам екі гол соғылғаннан кейін ойын біраз саябырсығандай болды. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста Марокко құрамасының қорғаныстағы қателігінен кейін хорватиялық футболшы Мислав Оршичтің айып ала­ңының сол қапталынан қақырата тепкен добын мундиалдың ең үздік қақпашыларының бірі Яссин Буну қайтара алмады – 2:1. Екінші таймда Марокко футболшылары таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, Суфьян Буффаль, Юссефа Эн-Несири, Хаким Зиеш секілді футболшылар Доминик Ливаковичтің қақпасынан саңылау таба алмады.

Осылайша, Қатардағы әлем чемпио­натының үшінші орын үшін өткен матчында Златко Далич жетекшілік ететін Хорватия құрамасы жеңіске жетті. Сөйтіп, хорваттар 24 жыл бұрынғы Франциядағы тарихи нәтижесін қай­талап, әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері атанды.