Қоғам • 19 Желтоқсан, 2022

Медицинасыз спорт алға жылжымайды

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыда Спорттық медицина және оңалту орталығының мұрындық болуымен отандық спорт дәрігерлерінің біліктілігін арттыру курстары өтуде. Аталған шараға жерлестерімізден бөлек, Ресей, Беларусь, Үндістан және Ираннан келген білікті кәсіби мамандар қатысуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Медицинасыз спорт алға жылжымайды

Қазақтың Спорт және туризм академиясы ғимаратында өтіп жатқан жиын барысында әлемдік деңгейдегі сарапшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін көптеген спорт түрі өкілдерінің қолданып жүрген бірегей тәжірибелері мен әдістерді таныстырады. Салмақ қуудан кейін спортшының қайта қалыпа келуі, жарақаттанудың алдын алу, режим сақтау мен әр жарыстан соң оңалту процессінің қалай жүргізу қажет және сол секілді тағы басқа келелі мәселелер бойынша кеңінен әңгіме қозғалды. Осы салада еңбек етіп жүрген травматолог, ортопед, реабилитолог, фармаколог, нутрициолог және диетолог мамандары, ғылыми қызметкерлер, бапкерлер мен спортшылар тарапынан түйдек-түйдек ойлар айтылды.

«Қазақстанның спортты заманауи талаптарына сай дамуы үшін осындай жиындардың жиі ұйымдастыру қажет. Қазіргі кезде спорт бір орнында тұрған жоқ. Ол үнемі даму үстінде. Медицина да дәл сол секілді. Сол себепті де біз осы инфрақұрылымға кіретін барлық институттарды қалыптастырып, елдегі спортшыларды қолдау жүйесін барынша дамытуымыз керек. Ал ол үшін медицина саласы бойынша мықты мамандар даярлап, олардың біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет. Бүгінгі таңда медицинасыз спорт алға жылжымайды. Соны бір сәтке де қаперден шығаруға болмайды», деді спорттық медицина және оңалу орталығының директоры Азамат Нұрматов.

Сондай-ақ осы жиын барысында қазақстандық Мейірбек Көлбаев, ресейлік Максим Никитин, ирандық Рамин Амирсасан, беларуссиялық Евгений Акимов, үндістандық Аашиш Чаудхри және тағы басқа өз саласының білгір мамандары баяндама жасады. Аталған шара 22 желтоқсанға дейін созылады.