Қоғам • 20 Желтоқсан, 2022

Агротуризмнің ауылдағы адымы

322 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы мәлімдегендей, енді ауылдық өңірлерді дамытуға лайықты көңіл бөліне бастауға тиіс. Бұл өңірлердің өркендеуіне ерекше серпін береді. Ал ауылдың дамуы өңірдегі бірқатар мәселені шешері сөзсіз.

Агротуризмнің ауылдағы адымы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бүгінде әлемдік трендке айнал­ған агротуризмді дамытудың алғы­шарттары жасалса, өңірлер үшін жаңа табыс көзі айқындалар еді. Өйткені ауыл шаруашылығына арқа сүйеген, әрі халқының қақ жартысы ауылда тіршілік етіп отырған Қазақстанда ел ішінен келетін және сырттан ағы­латын туристердің назарына ұсы­натын дүние жеткілікті. Және бұл эко­логияны қорғау мен табиғатты тану­ға деген көз­қарас қалыптастыруға да жол ашпақ. Деректерге қарасақ, туризм саласындағы тасқын табыстың қомақты бөлігі осы агротуризм бағы­тында жатқан көрінеді. Жалпы, әлемде 1970 жылдардан бас­тап адамзат ауыл­дық өңірлерді тануға бетбұрыс жасай бастапты.

– Қазіргі әлемде адамдарды ауыл­дар, ондағы табиғат пен ауыл шаруа­шылығы кәсіпкерлігі қатты қызық­тырады. Туристердің ынтасы мен сұранысы жоғары. Осыған байланысты ауыл кәсіпкерлерінің тиісті жағдай мен қызмет көрсетуді енгізуі маңызды. Табыс көзін табуға болады. Басқа елдердің тәжірибесіне сүйену керек. Мысалға, Батыс елдерінде агро­туризм өткен ғасырдың 70 жылдарында пайда болды. Статистика бойынша Францияда әрбір үшінші турист – ауыл шаруашылығы турисі, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Ал Германияда ауыл шаруашылығы туризмінің үлесі 4-5 пайыз шамасында. Еліміздің барлық өңірлерінде агротуризмді дамытуға болады. Әрбір облыстың табиғаты өзгеше және ауыл шаруашылығы қызметі де ерекше. Кейінгі уақытта туристер сиыр сауу, шөп шабу, картоп егу сынды де­малыс­­тың белсенді түрлерін таңдай­ты­ны байқалуда. Сонымен бірге оларға ауыл шаруа­шылығы өнімдерін шығару процесі және оған қатысу үрдісі қызық, – деді агротуризм саласының маманы, Ту­ризм және ақпараттық қызмет­тер ор­талығының кеңесшісі Вера Ежикова.

Алматы облысында осы агротуризмге деген қызығушылық жоғары. Кейінгі екі жыл ішінде ауыл туризміне маманданған агротуристік маршруттар ашылып, жеке туристік компаниялар үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Соның бір мысалындай, Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе ауылында «Apple house» туристік кешені ашылған болатын. Отбасылық бизнес ретінде басталған жоба қазір табыстың көзіне айналып отыр.

– Агротуризмге деген сұраныс артып келеді. Әсіресе пандемия кезе­ңін­дегі шектеулерден кейін ауыл өмі­рін тануға, демалысын агронысан­дар­да өткізуді қалайтындар көбейді. Бізге де қала қарбаласынан шаршаған қонақтар келіп, табиғаттың таза ауасы­мен тыныстауға ынталы. Туристік ке­шенде таза ет, сірне, құрт, қымыз, шұ­бат сияқты қазақтың ұлттық тағам­дары­ мен табиғи алма, алмұрт секілді тау­дың өнімдерінен дәм татады. Дема­лыс­ты көңілді өткізіп, мәдени шара­ларға қаты­сып, қазақтың әнін тың­дап, биін би­лейді, – дейді «Apple house» туристік кешені жобасының серіктесі Азамат Берікболұлы.

Агротуризмді дамытуға Іле Ала­тауы ұлттық табиғи паркі де үлес қо­сып отыр. Бұл аумақта бірнеше туристік нысан орналасқан. Солардың бірі – «Тау-Жаңашар» қонақүйі базасында құрылған балалар демалыс орталығы. Балалар лагері 250 орынға лайықталған. Маусым сайын 7-16 жас аралығындағы оқушылар келіп, демалады. Осы ұлттық парк еншісіне кіретін «Түрген саяжайы» аумағындағы тағы бір қонақүй таби­ғат аясындағы отбасылық демалыс ұйымдастыруды жолға қойыпты. Бұл жақты таңдаған туристер әйгі­лі Түрген, Шарын шатқалы мен Есік кө­ліне демалуға жиі келеді. Әуес­қой­лар таза ауамен тыныстап, жақын маң­дағы сарқырамаларды тамашалайды.

Агротуризм аясында экологиялық таза өнім өсіретін жылыжайлардың жұмысын да жолға қоюға болады. Мысалға, туристер ауылдарға саяхат кезінде көкөністердің өніп, өсіп, дайын жеміске айналатынын көзбен көргілері келеді екен. Мұндай тәжірибені Тал­ғар ауданындағы «Green Eco» кешені бес жыл бұрын қолға алған көрінеді. Жылыжай Дания, Израиль, Нидерланд технологияларын пайдаланып, салын­ған. Кешенде 150-ге жуық адам жұмыс істейді, ал дайын өнім еліміздің 12 қала­сына тікелей таралады.

Ауыл өміріне қызығушылардың аңсары ауатын тағы бір орын – осы Талғар ауданындағы «Ғұн» этно­­ауылы. Айтпақшы, осы этноауыл әлі күнге дейін елдегі жалғыз этно­турис­тік жоба болып отыр. 2007 жылы ашыл­ған этноауылда туристер негізі­нен қазақтың киіз үйінде қонып, тір­ші­лік етуді қалайды. Мұнан бөлек қонақ­үйлер мен коттедждер де бар. Этноауыл демалыс маусымында күн сайын 600 адамды қабылдауға қау­қарлы.

Мемлекет экотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл жерде тұмса табиғат аясындағы демалыс орындарына ықылас ауғаны жасырын емес. Енді осы бағыттағы жұмыстардың негізі көзі ретінде ауыл тұруға тиіс. Мысалға, Ал­маты облысында бірнеше ұлттық парк бар. Олар өңірдегі экотуризмді да­­мытудың негізгі қозғаушы күші санала­ды. Дерекке қарасақ, 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша, Алматы клас­те­рінің аумағына кіретін үш ұлт­тық парк­ке келуші туристер саны күрт өскен. Биыл­ғы алты айдағы көр­сеткіштің де өс­кені байқалған. Демек агротуризмнің да­муына негіз бар, ал оны ауылдың еңсе­сін көтеруге қа­тысты өркендетуге ниет керек.

 

Алматы облысы