Спорт • 20 Желтоқсан, 2022

Алғашқы алтын – Денистің еншісінде

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Халық Арена» спорт ке­шенінде шорт-тректен Әлем Кубо­гінің төртінші кезеңі мәресіне жетті.

Алғашқы алтын – Денистің еншісінде

Осыдан бір апта бұрын дәл осы «Халық аренада» өткен үшінші кезеңді жерлестеріміз бір күміспен қорытындылаған болса, бұл жолы бір алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Барлық медальді Денис Никиша 500 метрге жарыста жеңіп алды. Кеше Денис жарты шақырымды 41.850 секундта жүгіріп өтіп, Қазақстанның шорт-трек тарихындағы алғашқы алтынын сыйлады. Оңтүстік Корея шорт-трекшісі күміс, бельгиялық қолаға ие болды. Үшінші кезеңде Денис аталған қашық­тықты 40.998 секундта жүріп өтіп, күміс алса, төртінші кезеңнің алғашқы күнінде 41.267 уақытпен қола жүлде жеңіп алды.

Сондай-ақ еліміздің әйелдер құрамасы 3 мың метр эстафетада алғаш рет финалда өнер көрсетті. Алайда Яна Хан, Ольга Тихонова, Мадина Жанбосынова мен Малика Ермек шешуші сында жүлдеге бір табан жетпей сүрінді. Олар Оңтүстік Корея, Канада мен Мажарстаннан кейін мәре сызығын қиды. Осылайша, шорт-трекшілер биылғы маусымды жеті жүлдемен қорытындылады.