Өнер • 21 Желтоқсан, 2022

«Көбелектердің әңгімесі»

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тағдырлы жандардың да талантының танылуына қолдау көрсетіп келе жатқан Efes Art Space өнер кеңістігі биыл ерекше жаратылған екі суретшінің «Көбелектердің әңгімесі» атты көрмесімен жылды қорытындылады.

«Көбелектердің әңгімесі»

Бір қарағанда ортақ кеңістікке қо­йылған Рената Машекенова мен Елена Сережечкинаның туындылары бір бірімен тілдесіп тұрғандай көрі­неді. Қылқалам құдіретімен тоғыс­қан екі көркемдік тәсіл бір-бірін толық­тыра отырып, көрермендеріне жаңа тақырыптарды ашады.

Екі суретшінің де шығармаларына ортақ тақырып – көбелек. Соншалықты нәзік көбелектердің бейнесі өзгеру мен қайта түлеудің нышаны іспетті. Көптеген мәдениетте көбелек – жанды білдіреді. Жігерлері мықты Рената мен Елена көрермендерінің назары мен эмпатиясынан үмітті екендіктерін де жасырмайды.

– Мен 5 жасымнан сурет сала бас­тағаныммен, бейнелеу өнеріне саналы түрде 16 жасымда, максимализм мен жасөспірімдер дағдарысы айқын көріне бастағанда келдім. Сурет салу сыртқы әлеммен қарым-қатынас жа­сау мен эмо­циялар көрінісінің өзін­дік әдісіне айналды. Бұл өнер өзімді көбірек білуге көмектесіп, дү­ниетанымыма белгілі бір дәрежеде әсер етті, дейді «Кішкентай адамның шындығы» жобасын ұсынған гене­тикалық ерекшеліктері бар психолог және суретші Елена Сережечкина.

Ал Рената Машекенова – психи­калық даму ерекшеліктері бар «Дей­ствие Буквально» инклюзивті театры­ның әуесқой суретшісі әрі актрисасы, 9 жасынан бастап сурет салып келеді және өз туындыларының жинағы да бар.

1

– Мені бейнелеу өнеріне жетелеген де, сурет өнерімен таныстырған да атам. Өйткені маған суреттерімді елге көрсетіп, олардың таңданысы мен қолпашына ие болу маңызды болды,  дейді Рената Машекенова.

Қалай десек те, Efes Kazakhstan әлеу­меттік бастамасының арқасында іске асып жатқан бұл жоба назар ауда­руға тұрады. Демалыс күндері компания қайырымдылық негізінде кеңсесінің бірінші қабатын өнер ке­ңістігіне айналдырады. Биыл қыр­күйе­гінен бастап мұнда ай сайын қа­зақстандық сурет­шілер мен арт-ұжым­дардың көр­мелері өткізіле бас­тады.

Осылайша, компания өз бастамасы арқылы қылқалам шеберлері мен талантты өнер қайраткерлерін шабыттандырып, жарқын идеяларына қолдау көрсетіп, жас таланттардың да өзін көрсетулеріне жол ашып беріп отыр.

 

АЛМАТЫ