Халық «айтары бар Айталы» деп шынайы жақсы көрді. Жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған риясыз тұлғаны ел де жазбай таниды ғой. Азаматтық қоғамның бастауында тұрған Амангелді Айталы еңбегіне саясаттанушы қауым бүгін де, кейін де әділ баға береді деп ойлаймыз. Ең бастысы, ол халық мүддесімен өмір сүрді...
Әбекең «Egemen Qazaqstan» газетімен тығыз байланыс орнатып, қоғамның күрделі мәселелерінің астарына бойлап, санаға сәуле түсіретін мақала жолдап отыратын. Кешегі «Қаңтар қасіреті» кезінде де азаматтық ойын оқырманға алғаусыз жеткізді. Әлемді дүрбелеңге салған қырғи қабақ кикілжіңнің себеп-салдары мен сабағын талдаған мақаласын осыдан бір апта ғана бұрын жариялаған едік. Бұл БАҚ-та басылған ғалымның соңғы өсиетіндей екен-ау... Алла-тағала тұлғаның ең ақырғы сөзінің де – ел амандығы болуын жазған екен.
Ұлт жолында ақтық демі үзілгенше адал қызмет еткен Амангелді Айталы есімі елімен бірге жасай береді. Енді ол елшіл, білікті қайраткерлік қасиеттің баламасына айналады. Қазақтың байтақ даласы марқұмды жоқтай отырып, елге қызмет етудегі Амангелді Айталы өнегесін ұрпаққа – жаңа буынға аманаттайды.
Бақұл болыңыз, бар қазақтың жоқшысы!
«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері