07 Маусым, 2014

Тарихи сырлар мен тартымды жырлар тағылымы

653 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ел тарихы – ерекше ден қоюды қажет ететін күрмеуі көп күрделі сала. Әсіресе, ғасырлар бойы отаршылдық езгісінде болған халқымыздың тарихын түгендеу көп қажыр-қайратты талап етеді. Тәуелсіздіктің арайлы таңымен бірге аталған салаға бет бұрған ғалымдарымыз бен зиялылары­мыздың жасаған қызметі өлшеусіз зор болды. Оның керегесін кең жайып, кем-кетігін түгендеуге кәсіби мамандардан бастап, елім деген елгезек жандардың, халқының қамын ойлаған ақын-жазушылардың белсене атсалысуы заңды нәрсе. Осы ретте қаламгер Тортай Сәдуақастың да жасап жүрген еңбегі айрықша деуге болады. Ол ел тарихын, өлке шежіресін, кәріқұлақтардың жадында қалған естеліктерін жаңғыртумен қатар, жұрт санасын ең шұрайлы әрі нақты мұрағат құжаттарымен жан-жақты толықтырып, талай тұлғаны тірілтіп, жайсаң бейнелерге жан бітіріп келеді. SHU_7266 - копия Тортай Сәдуақастың сондай бір толымды еңбегі туған өлке тарихына қатысты жинағы деп білеміз. Мұнда зерттеуші тұтас бір өңірдің ұмыт болған сырларын ұқыптап жинап, игі жақсыларын ұлықтап, ұрпаққа ұлағатты еңбек ұсынады. Ондағы деректері нақты. Уәждері орнықты. Қаламгердің өз еңбектерінде иек артып отыр­­­ғаны Қазан төңкерісіне дейін Санкт-Петер­бургте жарық көрген профессор Румянцевтің «Верненский уезд» атты жинағында Қарасай батыр, Құдайберді би елдерінің Арқаға, Қараөткелге, Көкшетауға көшіп келгендері туралы жазба мағлұматтар. Автор бұған ел аузындағы, басқа деректерде айтылатын жер атауларын белгілейді. Қарасай батыр бейіті жатыр дейтін Айыртау өңірімен бірге Бурабай аумағындағы Мапырашты мекені де айтылады. Абылай ханның тұсында Жетісудағы жалайыр, найман, үйсін, соның ішінде шапырашты билерінің ханның Әділ, Сөк атты балаларын өз елдеріне сұлтандыққа қалап алып, жақсы байланыс орнатқаны бар. Міне, бұдан біз сол кездегі ел-жұрт ынтымақтастығы мен ауызбіршілігінің белгісін көреміз. Арқадан, Шығыстан барған қалың қолдың Алатау аймағын шүршіт пен жоңғардан, қоқандықтар мен қырғыз  манаптарынан қорғаштауы да сол ел бауырмалдығының арқасы екенін түсінеміз. Мұндай мақсат-мұраттың бүгінгі күнде де маңызы зор. Бұл бір ғана мысал емес. Осындай ретпен дулат Балуан Шолақ атамыздың Көкшедегі атығай еліне бауыр басуы нақты дәлелдермен көрсетіледі. Астана, Арқа өңірі бойынша да ел бірлігін жанды мысалмен сөз еткен дүниелер Тортай Сәдуақас кітабында көп. Мысалы, «Астана аймағы» кітабында 1850 жылдары тобықты ішінде жүрген Димекең, Дінмұхамед Қонаевтың аталары туралы да мәліметтер беріліп, ол кісінің би болған Айтақ Тезекбаев деген бабасының қолтаңбасы келтірілген. Сол сияқты «Ел мен жер» жинағында Қазақстанның алғашқы басшыларының бірі Жұмабай Шаяхметовтің де ел тізгінін ұстаған ата-бабалары туралы молынан айтылады. Жұмекеңнің арғы атасы Тоқтамыс би, оның ұлы Маңдай, оның ұлы Әбді-Ғафар – үшеуі бірдей Омбы шетінде аға сұлтан болып сайланған жайсаң жандар екен. Автордың еңбектерінде Кенесары, Абылай хандарға қатысты да шынайы деректер беріледі. Ел ағалары араласқан өлке өміріндегі тағдырлы оқиғалар баяндалады. Қаламгер мұрағат жәдігерлері арқылы өз шамасы келгенше Арқа, Жетісу, Оңтүстік, Батыс атырабының тарихи-танымдық дестесін жасап шығады. Осылайша, ел басына сын болған қиын кездерде бауыр болып табысқан халқымыздың жекжат, нағашылы-жиенді аралас-құралас болғанын  айтады. Бүгінгі ұрпақтың парызы сол сыйластық салтын сақтап, ізгілік дәстүрін жалғастыру болса керек. Автор осынау тың тарихи деректерді, ұрпаққа ұлағат болар тағылымды жәдігерлерді өлең-жырларына да алтын арқау етіп алады: Астана – ел рухына тамаша айғақ: Елбасы тапқан оны данаша ойлап. Астасқан Алашымның арманы бұл – Ақжолдап, Ағатайлап, Қарасайлап!.. Бұдан талай жыл бұрын поэзия есігін алғаш рет ашқан балауса өлең-жырларында жас ақын: Бағамды бергін қауым шын, Айтыңдар ақыл, тәуір сын, Өздерің асқар тауымсың, Жолымда бар мың ауыр сын, Қолымда балғын қауырсын! – деп термелесе, туған жері Көкшетаудың әсем табиғатын жырлағанда: Өңірің өңшең өрім гүл, Көлдерің – күміс, көгің – нұр; Көргенде сені көңіл дүр, Көгілдір, Көкшем, көгілдір! – деп құйқыл­жыта төгілтеді. Көкшенің көгілдір мұнарындай, Арқаның ақша бұлттарындай үлбіреген сезіммен: Жұмбақтасым, сыр тасым, сымбат тасым, Өзіңменен ашайын жыр қақпасын; Жұмбақтасым, жыр тасым, қымбат тасым, Мағжан мен өткен Сәкен, жырлап Қасым; Жұмбақтасым, құрдасым, құндақтасым, Есіміміз ертеңге бірге аттасын, – деген ақын сөздеріне шүбәсіз иланасың. Тортай Сәдуақас табиғат құбылыстары мен бояуларын өмірдің алуан сырымен астастыра суреттеуге де шебер. Мысалы, оның өзі бала күнінде көріп өскен диқан еңбегі мен Арқаның ақ боранын шендестіре отырып, содан бір жан жадыратар жақсылық тауып, қысқы даланың сүйкімді суретін былайша салады: Боран ба бұл, қыс – күйші күймен ашқан, Той емес пе, тоғайлар биге басқан; Миллиард ұнын мінекей, жатыр елеп: Дала – наубай, бұлт – елек, диірмен – аспан!.. Не болмаса, тағы да мынадай бір ғажап көрініске тап боламыз. Жаздың жылы жаңбы­рынан кейін түлеп сала берген туған жердің бейнесі кімге де болсын ыстық: Жауын да өтті, сезімдей асыл кілең, – Алдан бір ғажап әлем ашылды кең. Табиғат тоқып шыққан жаңа ғана – Жазыққа жайып кетті жасыл кілем.   Астасқан алуан бояу сонша арайлы, Ашқандай кемпірқосақ сол сарайды: Алаңсыз аралайық, жүрші жаным, Бөлісейін жаныңда болса қайғы, – деген шумақтар қандай жарасымды. Мұнда табиғат бояуы да, махаббат сезімі де қатар өріліп, әдемі кестеленген. Дәл осы махаббат тақырыбына келгенде де ақын кірбіңсіз ой, кіршіксіз сезімге кенелтеді: Махаббат – бал шығар, Таңдайға құйылған. Махаббат – бақ шығар, Маңдайға бұйырған! Ал енді арманда кеткен батыр аруларымызға деген асыл сезім айрықша: Әлия, Мәншүк – аяулым! Аз ғана өмір кешірдің. Біресе – болып қаяу-мұң, Біресе – көңілді өсірдің.   Кіршіксіз, қайсар арыңды, Шыңдаған халқың жасыңнан. Мерт күнің – қинап жанымды, Мәрттігің – даңқымды асырған, – деп ақын халқымыздың батыр қыздарының қайсар рухын бәрінен жоғары қояды. Өмір болған соң, оның келеңсіз теріс жақтары да аз кездеспейді. Кісіліктен бездіретін кесапатты жағдайлар сезімтал көңілге тыныштық бермейді-ақ. Сондықтан да: Қыздарымды ойлаймын шетелге асқан, Қарттарымды ойлаймын жөтел қысқан, – деп толғанады ақын. Жапырылып қоғадай-ақ, Жүрген жоқ па көп алаяқ: Ар-ұятты таптағанда, Болмайды ғой обал-аят, – деген тұста, қоғамдағы жасанды қылық, жат пиғылды да қаламгер қамшысымен тіліп өтеді. Ақынның дастан, поэмалары да рухани құнары мол дүниелер. Әсіресе, Абылай, Мағжан, Кенесары туралы кесек туындыларын ерекше шабытпен жазылған шынайы шығармалар деуге болады. Бәріне тоқталып жатпасақ та  Мағжан Жұмабаевтың «Шолпы» өлеңінің үлгісімен жазылған кісен туралы туынды ұлы ақынның айта алмай кеткен өкініші мен ызасын шертіп шырылдап тұрғандай: Шылдыр-шылдыр, шылдыр... Тілімді кессе де шын бұл: Ойымда – қазақ пен Алаш, Мойында – тұзақ пен шылбыр!?. Шылдыр-шылдыр, шылдыр... Автор Мағжан Жұмабаев туралы «Асылым, асқар тауым, Асанқайғым!», «Қорқытым, Қойлыбайым, қорғанышым!», «Маңғазым, майталманым, маңмаңгерiм!» деген тамаша теңеулерін үстемелей қосып, Алаш ардагерін абақтының азабынан баз кешіп, итжеккенде, қатты боранда адасып мерт болған ой теңеуі күйінде бейнелейді. Иә, ол қытымыр заманның да, қаражүрек адамдардың да сұрқай жүзі, сұсты бейнесі шығар. Әсіресе, мына суреттер қатыгез қоғамның да, қорғанышсыз қалған ұлы ақынның да өлмес рухын табиғат амалдарымен астастыра сомдайды. Соның бәрі соншалықты әсерлі шыққан: Қиыр шет. Қалың Тайга. Қатты боран. Жүрмейді жер түбінде аққұла адам; Адасып ақ түтекте ақын кетті, Жамылып сұр шинелін жатты қоғам...   Естімей жендеттердің балағатын... Сезінбей Алашының махаббатын; Кеудесін ақ боранға – оққа төсеп, Адасып ақ түтекте барады ақын!..   Айдала, айнала ну, ағаш, ағаш.., Сұм заман...кет, пәлекет...алас-алас!.. Сорлы ақын сыбырлайды, күбірлейді: «Абылай... Кенесары... Алаш, алаш!..». Автордың «Абылай хан мен Аталық» атты көлемді дастаны да шоқтығы биік шығарма. Қаламгердің бұл тақырыптардың бәріне де дайындықпен келгенін байқаймыз. Тортай Сәдуақас көп жыл республикамыздың баспа саласында қызмет жасаған тәжірибелі баспагер. Ол кезде «Жазушы» баспасы еліміздегі кітап шығаратын ең ірі мекеме болатын. Көркем әдебиеттің, халық мұрасының көрнекті дүниелері осы жерде жарық көретін. Мәселен, кеңестік кезеңде қазақ әдебиетінде үлкен серпіліс тудырған «Бес ғасыр жырлайды» атты үш томдық кітапты жинақтап, баспаға  өткізген жазушы Мұхтар Мағауинмен бірге Тортай Сәдуақас та сол баспаның белді редак­торларының бірі ретінде өзіндік үлес қоса білді. Сондай-ақ ол «Қазақ халық әдебиеті», «Ел аузынан», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Шешендік сөздер», «Абылай хан», «Махам­бет», «Сүйінбай», «Қаракерей Қабанбай», «Әбу­бәкір Кердері», «Ақ сандық, көк сандық», «Айтыстар» секілді құнды кітаптар­дың шы­ғуына редактор, құрастырушы ретінде белсене атсалысқанын атап айтқан жөн. Ол қазақ тілді оқырмандар үшін бірқатар басқа ұлт өкілдерінің атақты ақын-жазушы­­ларының шығармаларын төл  тілімізге аударуға елеулі үлес қоса білді. Мысалы, украиндық атақты ақындар И.Франко, И.Драчтың, белорус Я.Коластың, молдаван Г.Блэнарудың, югослав Дж.Катичтің еңбектерін, моңғол, чешен, түрік ақындарының шығармаларын қазақшаға аударып, жинақ етіп шығарды. Шындық деп отқа шарпылып, Шыр-пырым шыққан мен байғұс: Кеудемнен мынау шарқ ұрып, Шырылдап ұшқан қандай құс?!   Ермеген сейіл, селтеңге, – Сол құсты көрсең қорғай түс; Еліңнің жырын ертеңге, Апарар жалғап сол байғұс! – деп бір өлеңінде ақынның өзі айтқандай, сөз соңында асқаралы асуға шыққан зерек ақын, зерделі зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тортай Сәдуақасұлына жаңа шығармашылық табыстарға жете бер дегіміз келеді. Марат ӘБСЕМЕТОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры. АСТАНА.