Қоғам • 26 Желтоқсан, 2022

Үздік волонтерлер тобы марапатталды

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада «Volunteer FEST» фестивалі өтті. Қалалық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шарада 50 волонтерлық ұйым 8 бағыт бойынша марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үздік волонтерлер тобы марапатталды

Жалпы жоба әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуде белсенді болған волонтерлер мен волонтерлік ұйымдарды ынталандыруға бағытталған. Іс-шараның ұйымдастырушысы – Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Жастар саясаты мәселелері басқармасы.

«Volunteer FEST» фестивалінде жыл бойы Астана қаласында белсенді әрі елордада ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқан ұйымдар мен ерікті топтарды марапаттадық. Олардың ішінде экологиялық, әлеуметтік, төтенше жағдай және инклюзивті, қоғамдық тәртіп пен медицина саласына қатысы бар волонтерлік ұжымдар бар», деді «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Арайлым Сапарәлі.

Биыл еріктілер қатары өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейген. Әрі елордадағы волонтерлер қатары орта буын өкілдерімен толығыпты. Олардың қатарында «Dobro.qz» бастамашыл еріктілер тобы да бар.

«Біздің волонтерлік ұйым 2017 жылы құрылды. Қазір ұжымда 63 ерікті бар. Олардың дені 18-ден жоғары жастар. Арасында 50 жасқа дейінгі орта буын өкілдері де бар. Осы уақытқа дейін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және төтенше оқиғалар кезінде қиын жағдайда қалған жандарға көмектесіп келеміз. Елдегі пандемия тұсында да волонтерлік ұжым құр қол отырмады», деді «Dobro.qz» бастамашыл еріктілер тобының жетекшісі Адэма Есембаева.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен фестивальде мейірімді жүректерге арнайы елімізге белгілі эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, көңіл-күй сыйлады.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»